“Алматы жыл мұғалімі – 2021” байқауы
Ұстаз… Қандай қасиетті сөз! Ұстаздың лаулаған жалыны – әр жүрекке жылу сеуіп, нұр құятын қуаттың, өмірдің қайнар көзі. Тіршіліктегі шырақтың сөнбес ошағы. Ұстаз бейнесі – шәкірт үшін адамгершіліктің ең жоғары үлгісі. Ұстаз – жас ұрпақтың рухани сәулеткері, қоғам, халық өзінің үміті мол болашағын тапсыратын сенімді өкілі. Жас ұрпақты білім нәрімен сусындатар, шәкірт жүрегіне гүл егер, бала жанының бағбаны аяулы ұстаздар емес пе?
Иә, ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақындар да, тегеуріне темір балқытқан жұмысшы да, егін еккен дихан да, мал бағып терін төккен шопан да бәрі-бәрі ұстаздан білім алған.Сондықтан ұлағатты ұстаздарға бүкіл адам баласы құрметпен бас иеді. Осындай ұлы мамандық иелерінің мәртебесін асқақтату, кәсіби шеберлігін шыңдау, шығармашылық мүмкіндіктеріне жол ашу мақсатында Алматы қаласының әкімі Бақытжан Әбдірұлы Сағынтаевтың тапсырмасына орай қалалық Білім басқармасы «Алматының жыл мұғалімі» атағын беру бойынша орта білім беру ұйымдарының мұғалімдері арасында аталған байқау дәстүрлі түрде жыл сайын өткізіліп келеді.
“Алматының жыл мұғалімі” атағын беру қоғамда педагог мәртебесін көтеруге, кәсіби және әлеуметтік келбетін қалыптастыруға, талантты мұғалімдерді анықтау, оларға қолдау көрсету мен марапаттауға, педагогикалық шығармашылыққа ынталандыруға бағытталған. Аталған байқаудың негізінде Жетісу ауданындағы №108 жалпы білім беретін мектебінде байқаудың мектепішілік кезеңі ұйымдастырылды.
Байқауға математика пәнінің мұғалімі Дуйсенов Н.К., бастауыш сынып мұғалімі Кусайкина Т.С., бастауыш сынып мұғалімі Хабарова Г.С.,ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Абатова К.К., музыка пәнінің мұғалімі Дукенбаева К.Б. дене шынықтыру мұғалімі Нұғұмар Р.К. қатысып, бақ сынады. Байқау ережесінің талаптарына сай мектепшілік кезеңнен математика пәнінің мұғалімі Дуйсенов Нурдаулет Кайратулы өз кәсіби шеберлігімен алға шығып, аудандық іріктеу кезеңіне жолдама алды. Әріптесімізге сәттілік тілейміз!
Нургуль ТУРСЫНКЫЗЫ,
№108 жалпы білім беретін мектептің
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі,
Алматы қаласының Жетісу ауданы