Төртінші тоқсанда әр сыныпта 15 баладан аспауы тиіс және сабақтардың ұзақтығы 40 минутқа созылады
ҚР Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова төртінші тоқсанда оқушылар қалай білім алатындығын бүгінгі салалық ведомстваның аппарат жиналысында тағы бір мәрте жете түсіндірді, – деп хабарлайды осы министрліктің баспасөз қызметінде.

Еліміздің бас педагогы Асхат Аймағамбетовтың төрағалығымен ұйымдастырылған кезекті басқосу барысында білім ұйымдарында төртінші тоқсанның басталуы туралы; Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық барысы жайында және білім және ғылым саласындағы мемлекеттік қызмет көрсетуді автоматтандыруға қоса «Жану проблемалары институты» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының жұмысы туралы төрт маңызды мәселе талқыға түскен болатын.
– Сәуір айының 1-і күні 4-тоқсан басталады. 2020-2021 оқу жылының осы соңғы тоқсанда оқушы саны 300-ге дейінгі мектептерде бір сыныпта оқушы саны 25 бала жинақталып, штаттық режимде оқу жалғасады. Сонымен қатар 4-тоқсанға енгізіліп отырған жаңа формат – жасыл және сары аймақта аралас оқыту барлық сыныптар үшін ұсынылады. Осы ретте бірқатар мәселеге назар аудар қажеттігін еске саламын. Біріншіден, карантин талаптары қатаң сақталуы тиіс. Бұл ретте білім басқармалары, әр мектептің әкімшілігі тиісті санитарлық талаптарды сақтау жұмысын толық жүргізуі қажет.
Екіншіден, әлеуметтік арақашықтық, оқушылар мен педагогтардың жеке гигиенасы сақталуы керек. Мұнан бөлек, оқушылар ауырған жағдайда не науқастармен байланыста болғанда және ата-ананың өтінішіне орай қашықтан оқыту мүмкіндігі сақталады, – деді ол министрліктің аппарат жиналысында. Вице-министрдің мәлімдеуі бойынша бұл тоқсандағы негізгі пәндер штаттық режимде, ал музыка, еңбек, информатика, құқық негіздері, графика және жобалау, кәсіпкерлік негіздері сынды пәндер қашықтан оқытылады. Әр сыныпта 15 баладан аспауы тиіс. Ал сабақтардың ұзақтығы 40 минутқа созылады.
Загрузка...– Қазіргі уақытта кей өңірлер қызыл аймақта тұрғаны белгілі. Бұл – тәуекелі жоғары өңірлер. Онда сабақ 3-тоқсандағыдай форматта жалғасады. Демек, 1-5 және 9 бен 11 сыныптарда аралас оқыту форматы қолданылады. Басқа сыныптар қашықтан оқи береді, – деді Шолпан Каринова.