Дін тазасын – діннен ізде
Әлемге аты танымал ғалым С. Хантингтон бүгінгі жаһандық мәдениет үрдісіне келесідей түсіндірме жасайды: «… Мен дамып жатқан әлемде қақтығыстың негізгі көзі бұдан былай идеология немесе экономика болады деп ойламаймын, қақтығыстардың басым бөліктерін мәдениет пен дін анықтайды» ‑ деп жазған. Ал, Э. Гидденс ХХІ ғасырдағы «фундаменталист» пен «космополит» арасындағы қақтығыс мәселесіне көңіл аударған.

Немістің әлеуметтанушысы М.Вебер барлық құндылықтардың ішінен діни құндылықтар қоғамның дамуына ерекше әсер ететінін айтқан. Қазақстандық ғалым Рақымжан Қадыржанов «дін көзге көрінбейтін қызметімен қоса үлкен энергетикалық әлеуетке ие». Ғалымдардың пікірлерін талдайтын болсақ дін мәдениеттің негізі және қоғамды ауыз бірлікке шақырып, дамытудың түп көзі болып табылады. Мәдениет пен жаһандану мәселелерін зерттеуші ғалымдар бүгінгі дамып жатқан мәдени жаһандануды модернизацияның жалғасы батыстың әлемге таратып жатқанына қауіптілігіне назар аударады.
Әсіресе, мәдениеттің тек батыстық бұқаралық мәдениет ұстанымында сипатталып, ал дәстүрлі ұлттық мәдениеттер архаикалық керегі жоқ тұрғыда көрініс алуда. Көзқарастарды талдай отырып жаһандану мәдениетінің – жаһандану арқылы ұлттың рухани мәдениетін әлеуметтік – экономикалық сала арқылы деформациялап, мәдениетті өзгертіп жалпы адамзаттық техногендік өркениет қалыптастыратынына көз жеткізуге болады.
Шәкәрім Құдайбердіұлы: “Дін адамды бір бауыр қылмақ еді, Оны бөліп дұшпандық қару жасар. Сөйтіп бұзып бүлдіріп есіл дінді, Дін десе білімділер тұра қашар”, – дегендей дінді бір жақты «терең білімсіз», «халықтың тарихынсыз» түсінудің салдарынан қоғамда түрлі түсініксіз жағдайларда көрініс алуда. Әсіресе жастар арасында. Жастардың санасы көбінесе «Tabula rasa» (латын тілінен аударғанда «бос тақта»), яғни дін туралы тиісті білім алмастан, жастар түрлі діни миссионерлердің сүйікті аудиториясы бола отырып, өздері үшін деструктивті діни ағымдардың идеяларын дұрыс деп санап, кейін осы қатарларға қосылады.
Біздің жоғары оқу орнының қабырғасында рухани және адамгершілікке тәрбиелеу бойынша Кеңес құрылған. Кеңестің мақсаты Университет қабырғасында оқытушылар мен студенттердің діннің түрлі ағымдарына өтіп кетпеулері үшін жоспарлы түрде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп отырады. Ақпан айында университет қабырғасында Рухани адамгершілікке тәрбиелеу бойынша Кеңес, Қазақстан халқы Ассамблеясы және Әлеуметтік гуманитарлық пәндер кафедрасымен бірлесе отырып «Ксенофобиялық, агрессивті радикалды діни нанымдар мен идеологиялардың мәні мен зияндылығын ашу» атты тақырыпта 110-нан астам студенттердің қатысуларымен оффлайн және онлайн режимінде семинарлар өткізді.
Семинарға Қарағанды облысы «Конфессияаралық қатынастар проблемаларын зерттеу және талдау орталығы» КММ ақпараттық‑түсіндіру, сараптау және қарсы насихат жұмысы бойынша бөлім бастығы Далабаева Гульнар Бакеновна және аталмыш бөлімнің инспекторлары Метревели Кристина Витальевна, Назымбек Омар Мирхатулы, исламтанушы Муратов Канат Дулатович шақырылды. Мамандар студенттерге әлеуметтік желілерде деструктивті псевдо дін өкілдері ғаламтор кеңістігін қалай жұмыс істейтіндіктерін түсіндіріп, деструктивті ағымдарға қалай енбеу керектігіне тоқталды.
Жарқын Амантайұлы ТУСУПБЕКОВ,
Қарағанды мемлекеттік техникалық
университетіндегі инженерлік экономика
және менеджмент факультетінің Қазақстан
халықтарының Ассамблеясы және әлеуметтік
гуманитарлық пәндер кафедрасында аға
оқытушы, гуманитарлық ғылымдар магистрі