Ұлттық болмысты айшықтаудағы музыка өнерінің қуаты
Музыка өнерінің құдіреттілігін көрсететін тарихи деректерді адамзаттың өркениет жолындағы өмір тәжірибесінен көптеп кездестіруге болады. Ғылым мен техниканың жоғарғы деңгейде дамуымен қатар, музыка өнері де өркендеп, техникалық прогрестің ықпалымен әлем халықтарының музыкасы бір-бірімен біте-қайнасып араласып кетті. Өркениетті елдердің көпшілігінде музыканың психологиялық ықпалы психологтар тарапынан егжей-тегжейлі зерттеліп, медицина саласында, тәрбие саласында, баланың миын дамытуда, шығармашылық әлеуетті арттыруда, оны пайдалануда нақты тұжырымдамалар жасалған.
Адамның сенсорлық сезімдері арқылы қабылдаған ақпараты санада өзінің ізін қалдырып отырады. Осыған орай, балалардың сана-сезімі қалыптасуда олардың санасына келіп құйылатын ақпаратты іріктеуге, реттеуге үлкен жауапкершілікпен қарауымыз керек. Мысалы, көлемі бірдей екі ыдысты таза суға толтырып, әр күн сайын оның біреуіне бояудың сырын жетік меңгерген адамның көмегімен бір-бірімен үйлесетін бояудың, ал, екіншісіне ешқандай назар аудармастан кез келген бояудың бір тамшысын тамызып отырсақ, осы екі ыдыстағы судың реңі күн санап, біздің әрекетімізге қарай өзгере береді.
Нәтижесінде, бірінші ыдыстағы су жағымды, көңілге қонымды, әдемі реңді болатын болса, екінші ыдыстағы су көргенде көзіңді ауыртатын, сүреңсіз реңге енетіні белгілі. Демек, бала жарық дүниенің есігін ашқан сәттен бастап, оның санасына құйылатын ақпаратты іріктеп, реттеудің маңызы өте зор. Белгілі жазушы Ақселеу Сланұлы Сейдімбек “Өзіндік қасиеттен айырылған ұлт өледі. Ұлтты өлтірмейтін оның төлтума мәдениеті ғана. Сондықтан бұл жолда еткен еңбек пен төккен терді Тәңірдің сыбағасына балай жүріп, өткеннің асылдары болашақ ұрпақтың жан-жүрегін жылытуы үшін қол жалғап жіберуіміз қажет-ақ”, – деп ой түйіндеген болатын.
Дүниеде барлық халықтарға бір ғана ортақ тіл – музыка тілі десек те, әр адамның жанына өзінің этникалық музыкасының жақын екендігі дәлелденген. Бұған жоғарыдағы асыл ағамыз Ақселеу Сланұлының пайымдауы да өте орынды айтылған тұжырым деп ойлаймыз. Бұл тұжырымдарды тілге тиек етуіміздің себебі, болашақ ұрпақтың ұлттық болмысын қалыптастырып, бүгінгі күннің талабына сай етіп тәрбиелеу үшін ұлттық музыка өнерінің құдіретін пайдалануды ерте жастан бастауымыз керек. Музыканы арнайы саналы түрде тыңдау шарт емес. Ол адам психикасына тікелей әсер етеді.
Ғылыми деректерге сүйенер болсақ, ана құрсағындағы балаға анасының тыңдаған музыкасы жиырма төрт апталық кезеңінен бастап әсер ете бастайды. Жүргізілген эксперимент нәтижесіне қарағанда, тыңдалған музыканың мазмұнына қарай, ана құрсағындағы баланың жүрек соғуы жиілеп немесе бәсеңдегені оның жиырма төрт апталық кезеңінен бастап байқалған. Баланың денсаулығына, дамуына тікелей әсер ететін факторлардың бірі –өзінің эмоциясы. Осы орайда, біздің айтпағымыз, перзентханадағы баланы оятар сәтте және ояу кезінде бала психикасына жайлы ықпал ететін музыканы, мүмкіндігінше ұлттық музыканы жәй ғана естіліп тұратындай етіп қою оның физикалық дене бітімінің, миының дамуына оң ықпал жасайтынына сеніміміз мол.
Балабақшаларда тәрбие процесінің әрбір сәтінде музыканы пайдаланады. Айталық, бала таңертең балабақшаға келіп жатқанда сергітетін музыканы, ойын ойнау сәтінде қиялға жетелейтін музыканы, ұйықтар сәтінде жайбарақаттандыратын, оятар сәтінде жеңіл ғана сергітетін музыканы қою баланың бойында жайлы эмоциялар тудырып, психикасына оң әсер беретіні анық. Перзентхана мен балабақшадағы тәрбие процесінде музыканы пайдалану мәселесі психологтар, педагогтер, дәрігерлер тарапынан кешенді зерттеулер жүргізуді талап етеді.
Мектептегі музыкалық тәрбие мәселесіне келсек, мектепте радио торабының болуы – таңертең оқушы мектепке келіп кірген сәттен, сабақ басталғанға дейінгі уақытта, одан кейін он-он бес минуттық үлкен үзілістердің кезінде, сабақтың аяқталған уақытында бүкіл мектеп ішінде ұлттық музыкамыздың інжу-маржандарын қою арқылы, баланың ұлттық болмысын қалыптастыруда алғашқы қадам жасауға септігін тигізеді. Себебі, музыка – адам психикасына, ағзасына бейсаналы түрде әсер етеді.
1-6-сыныптарға арналған «Музыка» сабағын арнайы жабдықталған кабинетте өткізу, оқу бағдарламаларының фонохрестоматиясы мен әдістемелік нұсқаулықтарының кешенді болуы оқу бағдарламасын балаға сапалы игерту мақсатында тиімді болар еді деп ойлаймын. Сонымен қатар, мектепте бір музыка сабағымен ғана музыкалық тәрбиені жүргіземін деу қате пікір болса керек, ол кешенді түрде жүргізілуі қажет. Музыка сабағы музыкалық тәрбиенің бір бөлігі ғана.
Жансая Ауелбекқызы ТОКТАГАЗИНА,
Мәшһур Жүсіп атындағы № 57 мектеп
гимназияның музыка пәні мұғалімі,
Нұр-Сұлтан қаласы