Нұр-Сұлтан – НЗМ: Глеб Валиахметов – триатлет

Нұр-Сұлтан қаласы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Глеб Валиахметов Ұлыбританиядағы ең танымал жоғарғы оқу орны – Лафборо университетіне оқуға шақыру алды, – деп хабарлайды осы білім ордасының баспасөз қызметі.

Әлемнің көптеген спорт корпорацияларының ғылыми-зерттеу зертханалары орналасқан оқу орны инженерлік-техникалық мамандықтар бойынша жоғары білім береді. Оқу орны «QS World University Rankings 2017» рейтингі бойынша «Әлемдегі ең спорттық университет» атағын алған. Глеб Лафборо университетінде біздің елімізде үлкен сұранысқа ие мамандықты – спорт ғылымын игеретін болады.

Спорт ғылымы дене шынықтыру жаттығуларын жасау кезінде дене қалай жұмыс істейтінін, спорттық жаттығулар арқылы денсаулықты нығайту мәселелерін, адам ағзасының мүмкіндіктерін зерттейді. Глебтің спорт ғылымын таңдаудағы шешімі триатлонмен әуестенуіне  байланысты. Триатлон – мультиспорттық жарыс, мұнда қатысушылар үш кезеңнен тұратын сынақтан өтеді: жүзу, веложарыс және жүгіруден жарысады. Сонымен қатар жүгіру, велосипед айдау, шаңғы тебу сияқты үш циклдық спорт түрінен тұратын қысқы триатлон да бар.

Біздің кейіпкеріміз өзі туралы былай дейді: – Осыдан тура үш жыл бұрын триатлонмен  айналыса бастадым. Мен аптасына алты күн жаттығамын, яғни жаттығу сағаттарының көлемі аптасына 12-20 сағатқа дейін созылады.  Күнделікті таңғы 5: 20-да тұрамын, жаттығу 6-да және кешкі сегізде, түскі уақытта  бір мызғып алуға уақыт табуға тырысамын. Жүйелі жаттығулардың арқасында бастапқы кезден-ақ жақсы жетістіктер көрсете бастадым. Қысқы триатлонға қатысып, Назарбаев Университеті ашылуының он жылдығына орай өткізген ойындарда жеңіске жеттім.

Триатлон – Қазақстанда танымал бола бастаған жас спорт түрі. Егер осыдан бір екі жыл бұрын біздің елде триатлонға әуес екі жүздей ғана адам болса, қазір олардың саны мыңнан асты. Триатлонның тарихы 1970-1980 жылдардан басталады. Бірге жаттығуға бел буған бір топ спортшы өз клубын құрып,  темір қашықтықта (3,8 км жүзу, 180 км -ге велосипед айдау, 42,2 км жүгіру) алғашқы жарыстарды өткізеді. Жарыс Гавайида өтті, содан бері мұнда әлемдік темір чемпионат жыл сайын ұйымдастырылады. Жарысқа қатысуға әлемнің түкпір-түкпірінен кәсіпқойлар да, әуесқой спортшылар да жиналады.

Сондықтан Гавайи триатлонның отаны саналады. Кейінірек жарыстарда жаңа қашықтық пайда болды – жартылай Ironman немесе Ironman 70.3 (70.3 мильдегі қашықтық, 113 км). Мұндай жарыс ұзаққа созылатындықтан, оны қысқа, әрі әсерлі ету туралы шешім қабылданды. Осылайша олимпиадалық  қашықтық (1500-40-10 км) пайда болды. Еуропа және Солтүстік Америка мемлекеттері осы спорт түрінің көшбасшылары болып табылады. Қазіргі таңда темір және жартылай темір қашықтықтағы триатлон жарыстары бүкіл әлемде өткізіледі.

Триатлон біздің елімізде  BI Group компаниясының негізін қалаушы кәсіпкер Айдын Рахымбаевтың арқасында танымал бола бастады. Қазақстан – ТМД -да Ironman сериясында жарыс ұйымдастырған алғашқы мемлекет. 2018 және 2019 жылдары Елордада екі жартылай турнир өткен болатын. Ал 2020 жылы екі жарыс :толық және жартылай турнир өткізу жоспарланған еді, өкінішке орай пандемияға байланысты олардың мерзімі кейінге шегерілді. Триатлон менің өмірімді түбегейлі өзгертті десем болады, сондықтан мен келешегімді спортпен байланыстыруды жөн көрдім.

Спорт ғылымын таңдап, университетте циклдік спорт түрлерінде зерттеулер жүргізуді оқып үйренетін боламын. Қазір мен Nomad клубында жаттығып жүрмін. Осы жазда Ланзерот аралында өтетін жарыстарға қызу дайындалып жатырмын (темір қашықтық). Бұл әлемдегі ең қиын старттардың бірі болып саналады: жел, аптап ыстық және 2500 метр биіктікке көтерілу спортшылар үшін ауыр сын. Триатлон адамның бар мүмкіндіктерін ашады, шыдамды болуға үйретеді.

Мәреге жеткенде бойыңды билейтін сезімдерді сөзбен жеткізу мүмкін емес: ол – жарыстан  шығып қалмағаныңа көңілің толып, барыңа қанағаттану және кеудеңді кернейтін ерекше қуаныш, мақтаныш сезімі. Триатлон маған өзімді тануға және бүкіл әлемде жаңа достар табуға көмектесті. Зияткерлік мектепте меңгерген ағылшын тілінің жоғары деңгейі қарым-қатынасты оңайлата түсті. Менің мектебім маған керемет келешекке жол ашып, болашаққа үлкен қадам жасау мүмкіндіктерін ұсынғанына қуанамын.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий