Халқын сүйген – салтын құрметтейді
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында көктем мерекесі Наурыз мейрамының мазмұнын байыта түсетін тұжырымдама жасауды ұсынған болатын. Наурыз – жаңару мерекесі. Бүгінде «Ұлыстың ұлы күні – наурыз мейрамы қалай тойлануда?» – деген сұрақ көпті мазалауда. Біз мерекеде киіз үй тігеміз, сол әрбір киіз үйде мәнді іс-шаралар өтсе мерекенің мәні ашыла түседі. Бір киіз үй «Неке сарайы» аталып, бірнеше жас-жұбайлардың қазақ дәстүрімен, ұлттық нақышта, Қыдыр атаның батасын алып, некелерін қию дәстүрге айналса.
Халқымыздың мифологиялық түсінігі бойынша наурыздың 21-түні даланы Қыдыр ата аралайды. Сол себепті осы түн «Қыдыр түні» деп аталған. Наурыз – қуаныш мерекесі. Балалар жаңа жылда Аяз-атаны тағатсыздана күтіп, сыйлығын алуға асығады. Осы күні Наурыз мерекесінің айнымас айшығына айналған, қашанда елінің есендігін, жұртының тыныштығын тілеп жүретін қасиетті Қыдыр атаның ақ батасы мен ақ тілегін бала санасына тереңірек құйып, өрнектеп, сыйлықтар таратуды дәстүрге енгізсек.
Наурыз – кешірімділік мерекесі. Сондықтан «Әулет әдебі» күні аталып, бір әулеттің кәрі-жасы жиналып, бұрын ренжісіп жүрген жандар болса, әулеттің үлкендері арқылы бір-бірінің өкпесін кешіріп, қол алысып, құшақтасып мәмілеге келсе, бұл да бір игі іс болмақ. Жобаның бір міндетінде мейрам кезінде әр адам отбасына, ата-анасына барып, хал-жағдай сұрасу арқылы отбасы институтын күшейту көзделген. Уақыттың жоқтығын себеп қылып жүргендер өз отбасына, ата-анасына ерекше көңіл бөліп, тосын сый жасап, ошағында отын маздатып, қазанында асын қайнатып, өкпе-назды ұмытып, бала-шағасымен қауышып жатса қандай жарасымды.
Наурыз – қайырымдылық мейрамы. Бұл күні жетім-жесір, тұрмысы нашар отбасыларға наурыз дастарқанынан ас беріп, хал сұрасқанымыз да игі іс. Наурыз – жыл басы, жаңару мерекесі. Бұл күні аспан денелері өздерінің ең бастапқы нүктелеріне келіп, күн мен түн теңелетін, ел-жұрттың қаһарлы қыстан аман-есен шығып, бiр-бiрiмен құшақ жайып, жарқын табысатын айы. Наурыз – табиғат атаулының тiрiлiп, өмiрге жаңа құлшыныспен қадам басатын шағы. Наурыз – құндылық мерекесі. Балалардың caнacынa ұлттық құндылықтapды ciңipу, оларды ұлттық pухпeн тәpбиeлеу үшін халықтың әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін жаңғыртып отыруымыз керек.
Елiнe, жеріне дeгeн cүйicпeншiлікті apттыру мақсатында «Тарихқа тағзым күніне» де түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, «Наурыз жырларынан» мәнерлеп оқу, эссе жазу, халық ойындарын ойнатуымыз қажет. Наурыз мерекесінде әрбір жанұя көшет отырғызуды отбасылық дәстүрге айналдырсақ, халық арасында экологиялық тәрбиені жандандыра аламыз. Қанымызға біткен қайсарлық пен қайырымдылығымыздың арқасында бірігіп, дәстүр сабақтастығын үзбей, бейбітшілік пен жасампаздықтың мекеніне айналған елімізде Әз-Наурыз мерекесін жаңаша да, тамаша жаңғырта берейік.
Бағила Амангелдіқызы ХАМИТЖАНОВА,
№71 мектеп-лицейінің бастауыш сынып
мұғалімі, Нұр-Сұлтан қаласы