Академиктің батасы

Табиғат жаңарып, ел игі тілекпен жазғытұрымның арайлы күндерінен үміттеген шақта биыл 94 жасқа толған әдебиеттану абызы, Ұлттық ғылым академиясының академигі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Серік Қирабаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан ыстық ықыласқа толы құттықтау хат алды, – деп хабарлайды Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің баспасөз қызметі. 

Мұнда ел Президенті жетпіс жылдан астам ғұмырын ұстаз даярлау мен ғылым, әдеби сын саласына арнап келе жатқан Серік Смайылұлын туған күнімен құттықтай отырып, «Халқымыз Өзіңізді көрнекті ғалым, білікті ұстаз, өнегелі өмірімен өз ортасына сыйлы, өскелең ұрпаққа үлгі бола білген ардақты азамат деп құрметтейді» дей келе, академик еңбектерінің білім-ғылым саласының қазынасы екеніне, шәкірттерінің ұстаз бастаған игі жолды жалғастыратынына сенім білдіреді.

Осы орайда қазыналы қарт, ел қадірлеген академик Серік Қирабаев: «Біз, құдайға шүкір, халықтың ынта-ниеті мен ел басшыларының аға буынға деген зор құрметінің арқасында тоқсанның төріне шықтық. Ұзақ жыл Абай атындағы ҚазПИ-де, М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер инстиутында, Елбасы идеясын қолдап, Еуразия ұлттық университетінде дәріс беріп, ғылыммен шұғылдандым. Алдымыздан оқыған жастар халыққа пайдасын тигізіп, өнегелі ұстаз болып жүргені – төккен теріміздің нәтижесі. Оларға да ризашылығымды білдіремін. Бейнеттің зейнетін көріп келеміз.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елді жұмылдырып, елеулі биікке көтерді. Оған жаңа астана, түгенделген төріміз бен шегенделген шекарамыз, халықтың береке-бірлігі куә. Ал, Қасым-Жомарт Тоқаев сабақтастық пен әділеттік жолымен Тұңғыш Президент қалыптастырған жаңашыл мемлекетті жүйелі басқарып келеді. Күнде теледидар көріп, баспасөз оқып отырамыз. Елдің рухани жаңғырып, Түркістанды түлетіп, әлемдік түрлі қиындықтарға қарамай, биік белестерге ұмтылғаны көңілімді тоғайтады. Жастарға, биліктің жаңа буынына батамды беріп отырамын. Ел аман, жұрт тыныш, мемлекетіміздің барша бастамасы баянды болсын!, – дейді.

Қазақ халқының: «Баталы ер арымас, батасыз ер жарымас» деген тағылымды нақылы бар. Тоқсанның төртіне шыққан академик, жоғары білім мен ғылым қайаткері Серік Смайылұлының жоғарыдағы батасы барша халқымызға жұғысты болғай.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий