Тәуелсіздік тұғыры: Болашағымыз жастардың қолында

Біз, көк байрағы көк аспанға бой түзеген кешегі көк түріктің ұрпағы, бүгінгі  тәуелсіз еліміздің, ұлы даланың төсін емін-еркін жайлаған, әлем картасынан ойып орын алған ұлан-байтақ жердің иесі, «қазақ» деген ұлы халық перзенттеріміз. Тәуелсіздікті аңсаған ата-бабаларымыз ұлы даламызды найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғап, ұрпағына аманаттады. Тамырын терең тарихымызға көз жіберсек, еліміздің ел болып қалыптасуына мыңдаған жылдар кеткеніне көз жеткіземіз. Жерімізге көз тіккен жоңғарлармен 150 жылға жуық шайқасып, ата-бабамыз қасықтай қаны қалғанша жерімізді қорғап қалды емес пе?

Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай сияқты батырларымыздың қол бастап, батысы мен шығысы, оңтүстігі мен солтүстігі түрлі мемлекеттермен шекараласып жатқан ұлан-ғайыр даланы жат жұртқа бермеу үшін жан аямай күресті.

Пай! Пай! Пай! Киелі неткен жер!
Батырлар дүрілдеп өткен жер.
Тұлпарлар дүбірлеп төккен тер,
Ғашықтар көз жасын төккен жер,
Сал-сері сарылып өткен жер-деп, бес жол өлеңге бес ғасырдың тарихын сыйғызғын Мұқағали жырлағандай, бұл өлкеміз ғасыр ағынымен қанды шайқасты да, қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған бейбіт өмірді де, өзге мемлекеттердің үстемдік етіп, билік жүргізуін де, аштық заманды да, табиғаттың дүлей күшін де, бәрін-бәрін бастан кешірді.  Тәлейлі тарихымыз келешек ұрпаққа жетуі үшін тасқа қашап, мәңгі өшпестей хаттап жазды.

Қазақ халқының іргесі сөгіліп, бірлігі мен ынтымағы жолында дала заңгерлері Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билер әділдігімен, туралығымен «Бірлік бар жерде тірлік бар», «Бірлігі жоғары елді жау алмайды» деген  ұлағатты өсиетін қалдырды. Жиырмасыншы ғасыр да қазақтар үшін өзінің қанды қылышын сүйретіп жетті. Бейбіт өмір орнап, жағдайымыз түзелді-ау деген шақта еліміз Кеңестік биліктің қатал ықпалына түсті. Сонда да тайынбай, еңсесін түсірмей тәуелсіздік алатынына сенімін жоғалтпаған ержүрек халқымыздың арасынан шыққан алаш зиялылары атқа қонды.

Әлихан Бөкейхановтың «Біздің жұрт бостандық, теңдік, құрдастық, саясат ісін ұғынбаса, тарих жолында тезек теріп қалады» деген сөздері қазақтың тәуелсіздікке ұмтылудағы қадамының маңызын ұғындырады. Осындай ұлт жанашырлары Қазақстанды өз билігі өз қолында болатын, ежелден келе жатқан мәдениеті мен салт-дәстүрлері,әдет-ғұрыптары толықтай сақталған мықты, ынтымағы жарасқан, егемен мемлекет ретінде көруді аңсаумен өтті. Тәуелсіздіктің бізге не бере алатынын түсінген асыл текті бабаларымыздың тәуелсіздік жолындағы күресін 1986 жылғы желтоқсан көтерілісі жалғастырды.

Алаңды қандарымен жуған жандардың жанқиярлық ерлігі арқасында жаужүрек батыр ұрпағы екенімізді дәлелдеп, бодандықтан арылып, бостандықта өмір сүру бақытына ие болдық.Осылайша көптен күттірген тәуелсіздікке қолымыз жетті. Еліміздің қашан да тәуелсіздікті аңсап, тәуелсіздік жолында тынбай күресуі нәтижесінде ешкімнің ықпалына көнбейтін қуатты мемлекет болып әлем сахнасынан көріне бастадық. Шыңын мәңгі қар басқан биік таулары, сарқырай аққан өзендері, мөлдір сулы көлдері, шет-қиыры көзге көрінбейтін жазық далалары, қойнауында ұлан-асыр кен байлықтары тасып жатқан қуатты өлкеміздің, құт-мекеніміздің бүгінде бүкіл әлем қауымдастығы алдындағы мәртебесі жоғары, тұғыры биік.

Тәуелсіздік таңы атқанына міне 30 жыл толып отыр, осы уақыт ішінде Қазақстан өзін күллі әлемге танытып үлгерді. Еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігі, Елбасымыз бен Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың парасатты да көреген саясатының нәтижесі. Өсіп келе жатқан өскелең ұрпақ үшін тәуелсіздіктің маңызы ұшан-теңіз екендігіне сенімім мол. Мен осындай елде туып-өскенімді мақтан тұтамын. Басқалардың қолы жете бермейтін тәуелсіздіктің бізге келгені-үлкен мақтаныш, дәреже, бақыт. Осыған орай мектебімізде бірнеше іс-шаралар өткіздік.

Атап айтқанда, “Салауатты өмір салты – жарқын болашақ кепілі”, “Первый чемпион |Казахстана”, “1 марта день благодарности” (челлендж), “Знакомство с музеем Ж.Жабаев”, “М.Мақатаев – поэт века”, выставка поделок среди учащихся 1-10 классов, посвященная Дню Независимости Казахстана. Мектебімізде өткізілген іс-шаралардың өскелең ұрпақ тәрбиелеудегі маңызы өте зор болып табылады. Ата-бабамыздың қанымен берілген өжеттік, қайсарлық ұлтжандылық қасиеттері болашақ ұрпақты да тек алға, жаңа белестерге жетелейтіні анық. Шығыстан алтын күн нұрын төгіп, еркіндіктің самалы ескен осы кезеңнің баянды болатынына кәміл сенемін. Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік болсын!

Әлия Сағындыққызы САДЫҚОВА,
№171 жалпы білім беретін мектептің
директоры, Алматы қаласының Алатау ауданы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий