М.Әуезов университеті: Жоғары білім беру мазмұнын жаңғырту
Қазіргі кезде жоғары білім беру мазмұнын әлемдік беталыстар немесе үрдістер аясында жаңғырту міндеті негізгі стратегиялық құжат – Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына, сонымен қатар жоғары білім берудің Еуропалық кеңістігінің бірқатар өзекті құжаттарына бейімделуді қарастырады.

Жетпіс бес жылдан астам тарихы, қалыптасқан дәстүрлері бар, білім беру және ғылыми-зерттеу инфрақұрылымдары дамыған, ғылыми мектептері қалыптасқан, жоғары технологиялар саласында күрделі мәселелерді шешуге қабілетті кадрлық әлеуетке ие көпсалалы ірі университет болып табылатын біздің жоғары оқу орнында да осы маңызды мәселеге көп көңіл бөлініп келеді.
Әрине, білім беру бағдарламалары білім беру процесінің негізгі элементі болып табылады, ал олардың сапасы дайындалатын болашақ мамандардың кәсіби дайындық деңгейі мен олардың еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттіліктеріне әсер етеді. Сондықтан білім беру қызметін жаңғырту негізінде олардың мазмұнын, іске асыру тетіктерін және оларды бағалауды жетілдіруді ұйғару керек. Олардың әрқайсысын жеке-жеке қарастырған дұрыс.
Білім беру бағдарламаларының мазмұны. Университетте білім беру бағдарламаларын сараптау бойынша өткізілген бірқатар семинарлар барысында келесідей проблемалар анықталды: білім беру бағдарламаларының, пәндердің аттарының өзектілігі мен тартымдылығы; кәсіби стандарттарға бағдарлану; базалық және бейіндік пәндердің ара қатынасы. Бұл ретте білім беру бағдарламалары мен оқытылатын пәндердің өздерінің атауларының тартымдылықтары мен өзектілігі тұрғысында, мамандықтар бойынша дайындалған кәсіби стандарттарды есепке ала отырып, мақсаттық жұмыстар жүргізілуі тиіс.
Бағдарламаларды еуропалық немесе басқа да стандарттар талаптары бойынша жобалау оларды халықаралық аккредиттеуге дайындауға, сонымен қатар бірлескен білім беру бағдарламаларын іске асыру үшін әлемдік деңгейдегі университеттер арасынан серіктес жоғары оқу орындарын табуға мүмкіндік береді. М.Әуезов атындағы ОҚУ бірнеше мамандықтары германиялық ASIIN (Accreditation Agency Specialised in Accrediting Degree Programmes in Engineering, Informatics, the Natural Sciences and Mathematics) агенттігінде аккредиттеуден өткізілген.

Қазіргі таңда ASIIN-де аккредиттеу мәртебесіне сегіз білім беру бағдарламасы ие. ASIIN-де аккредиттеу нәтижесі бойынша 4 мамандығымыздың Eurobachelor® сапа белгісі бар. Бейіндік магистратураның «Силикатты материалдар өндірісі», «Поликомпонентті минералды тыңайтқыштарды синтездеу» және «Тамақ инженериясы және тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі», «Бейорганикалық қышқылдар мен тұздардың инновациялық технологиялары», «Заманауи құрылыс материалдары», «Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеудің қауіпсіз технологиялары» білім беру бағдарламалары химия бойынша еуропалық тақырыптық желі қауымдастығында халықаралық сараптамадан табысты өткен (ECTN).
Сонымен қатар бейіндік магистратураның «білім беру бағдарламалары, сонымен қатар бакалавриаттың «Минералдық және техногендік шикізатты қайта өңдеу» бағдарламасы да ECTN-да халықаралық сараптамадан өтті. Бұл бағдарламаларға Chemical Technology Euromaster® және Chemistry Eurobachelor® сапа белгілері берілгенін мақтанышпен айтуға болады. Білім беру бағдарламаларын іске асыру. Білім беру бағдарламаларын іске асыру тұрғысынан студенттерге бағдарланған тәсілдемені дамыту қажет. Бағдарламаларды іске асыруға мүмкіндік беретін тәсілдер білім алушыларды білім беру процесін бірлесіп құруға белсенді қатысуға тартады.

Білім алушыларға бағдарланған оқыту тек қана оқыту тәсілдерімен, оқытушылардың педагогикалық дайындығымен, тіпті студенттердің басқару мен шешім қабылдау барысына қатысуымен ғана шектелмеуі тиіс. Университетте дуальдық білім беру, үш тілде оқыту, ағылшын тілінде білім беру сияқты алдыңғы қатарлы оқыту түрлері кеңінен қолданылып келеді. Сонымен қатар студенттік стартаптарды енгізу бойынша да бірқатар тәжірибе жинақталған. Әлемдік білім беру тренді болып табылатын және ғылым, технологиялар, инженерия мен математиканың интеграциясына негізделген STEM-оқыту тәжірибесін іске асыру басталды.
Сонымен бірге, білім беру бағдарламаларын ерекше оқыту қажеттіліктеріне ие және шет елдік студенттерге бейімдеу мақсатындағы жұмыстарды белсендіру керек. Шымкент қаласының мемлекеттік шекараға жақын орналасуы мен ОҚУ-дың әлемдік үздік университеттердің QS рейтингіндегі 490 алдыңғы қатарлы университеттер қатарына тұрақты түрде енуі Орталық Азия мемлекеттерінен шет елдік студенттерді тартуда бірқатар артықшылықтар беріп отыр. Осы тартымдылықты одан ары қарай да сақтау мақсатында білім беру бағдарламаларын шет елдік білім алушылар қажеттіліктеріне қарай бейімдеу бойынша да жұмыстар атқарылуда.
Шет елдік студенттерге арналған білім беру бағдарламаларының minor топтамалары олар үшін өзекті модульдерді ұсына алады, яғни олардың құрамында халықаралық құраушылар бар. Сонымен қатар сапа менеджменті мен мониторинг орталығы тарапынан шет елдік студенттер арасында білім беру бағдарламаларының өзекті мазмұнын қалптастыру мақсатындағы тұрақты түрде сауалнамалар жүргізіліп отырады. Коронавирустың таралуына байланысты пандемияға сәйкес қашықтан оқыту нысанының маңыздылығы артты. Электрондық білім беруді ұйымдастыру мен оның сапасын әлемдік тәжірибелер деңгейіне дейін жеткізу қажет.
Бұл ретте институционалдық саясат, білім беру мен оқыту шараларының әдіснамасы, техникалық инфрақұрылым, электрондық бағалау тәсілдері, плагиат тәртібі, цифрлық дағдылар, электрондық кітапхана мен виртуалды зертханалардың қолжетімділігі, қауіпсіздіктің электрондық шаралары мәселелерінің маңызы үлкен. Сонымен қатар оқытушылар мен білім алушыларды әлемдік платформаларға орналастырылған (Coursera, FutureLearn, edX, Cognitive Class және тағы да басқалар) көпшілік онлайн курстарға (MOOCs) және ашық білім беру ресурстарына (OER) тарту мәселесін де оңтайлы шешкен дұрыс.

«Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында» баяндалғандай, барлық жоғарғы оқу орындарына «Қазақстанның ашық университеті» платформасын да белсенді түрде пайдалану керек және студенттердің платформаның онлайн-курстарына қолжетімділігін қамтамасыз ету қажет. Сонымен қатар қосымша білім алу бойынша барлық шараларды (біліктілікті арттыру бағдарламалары, ғылыми конференциялар, тағылымдамалар және баслар бойынша) да қашықтан оқыту нысанына көшіру туралы мәселені ойластырған жөн.
Білім алушылар үшін ұйымдастырылатын Жазғы мектептерді де электрондық нысанға ауыстыру курс тыңдаушыларының саны мен географиялық ауқымын арттыруға мүмкіндік берері сөзсіз. Біздің университет көрсетілетін білім беру қызметінің сапасын дәлелдеу бойынша белсенді ұстанымға ие: қазіргі уақытта жоғары оқу орнының Сапаны қамтамасыз ету бойынша еуропалық қауымдастықтың (ENQA) толыққанды мүшесі болып табылатын және агенттіктердің еуропалық Реестріне (EQAR) кіретін IQAA және ASIIN агенттіктерінің институционалдық аккредиттеу сертификаты және бакалавриат, магистратура мен докторантура бойынша 153 білім беру бағдарламаларының мамандандырылған аккредиттеу бойынша сертификаттары бар.
Мұның барлығы біздің ұсынып отырған білім беру бағдарламаларымыздың сапаны қамтамасыз ету бойынша ESG еуропалық стандарттары талаптарына сәйкестігін айқындайды. Білім беру бағдарламаларын бағалау. Білім беру бойынша жоспарланған нәтижелерге қол жеткізу деңгейін тиімді бағалау және құзыреттіліктерді иемдену үшін оқытушылар білім алушылардың жұмыстарын (курстық жұмыстар, емтихан жауаптары, практика есептері) бағалау өлшемшарттарын жасауы керек. Олар ашық, айқын және барлық қызығушылық танытқан тараптар үшін қолжетімді болуы қажет.
Цифрландыру дәуірінде білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалаудың онлайн құралдарын белсенді қолдану керек, мысалы, Google формалар, Survey Monkey, Typeform, Podio және тағы басқа. Білім беруді жаңғырту білім беру процесінің барлық қатысушыларына, бірінші кезекте, академиялық ұтқырлық бағдарламаларына, ғылыми тағылымдамаларға, халықаралық жобаларға, ғылыми-зерттеу және шаруашылық есептегі жобаларға қатысатын оқытушылар мен студенттерге байланысты болады. Жоғары білім беру мазмұнын жаңғырту болашақ мамандар бойында жаңа ғасырдың жаhандық және пәнаралық құзыреттіліктерін қалыптастыруға бағытталуы тиіс.
Білім беру бағдарламалары тез өзгеруші әлемде қажет болып табылатын және өмір бойы оқуды қарастыратын икемді және кәсіби дағдыларды (soft skills, hard skills) қалыптастыруға бейімделуі керек. Білім беру мазмұнын жаңғыртудың мұндай үлгісі жоғары оқу орындарының оқыту, тәрбиелеу, ғылыми, халықаралық және кәсіпкерлік қызметтерінің бірлескен оңтайлы әрекеттері негізінде ғана тиімді түрде іске асырылуы мүмкін.
Айгүл Сағындыққызы НАУКЕНОВА,
М.Әуезов атындағы ОҚУ Академиялық
мәселелер жөніндегі департамент директоры,
т.ғ.к., доцент