Жас ғалымдарға қамқорлық

Елеулі әлемдік бәсекелестік жағдайында инновациялық процесс, оның жылдамдығы, тереңдігі, көлемі экономикалық дамудың айқындаушы факторына айналады. Бүгінгі таңда қазақстандық жастардың таңдау мүмкіндіктері айтарлықтай кеңейді: өз өмірін қалай ұйымдастыруға және неге арнауға болады. Жастар білім мен технологияны күнделікті өмірде шебер және тиімді пайдалануға үйренуі керек.

Ғылыми қызметті дамыту үшін оны ынталандыру маңызды болып табылады. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтің барша отандастарымызға Жолдауында: “Біздің жастарымыз білім алуы, білімі мен технологияларын күнделікті өмірде шебер әрі тиімді пайдалануы тиіс. Біз ол үшін барлық мүмкіндіктерді жасап, ең қолайлы жағдайларды қамтамасыз етуіміз керек” деген болатын. Осы орайда, Үкімет тарапынан ғылымға көңіл бөлініп, 2025 жылға қарай ғылыми жобаларды қаржыландыру көлемі ЖІӨ 1% құрауы тиіс. Сондай-ақ, 2018 жылдан бері жас ғалымдарды қолдау мақсатында «Жас ғалымдарға арналған гранттық қаржыландыру конкурсы» жыл сайын өткізіле бастады.

Президенттің тапсырмасы аясында PhD-докторанттар мен магистранттардың шәкіртақысы жыл сайын артып, жас ғалымдарға ынталандыру ретінде қолдау көрсетіліп жатқаны белгілі. ҚР Білім және ғылым министрлігі тарапынан (09. 03.2021 ж) бекітілген бұйрыққа сәйкес енді PhD-докторанттар диссертациялық кеңесте өзінің ғылыми жұмысын диссертациялық жұмыс түрінде немесе Clarivate Analytics (Кларивэйт Аналитикс) компаниясының Journal Citation Reports (Жорнал Цитэйшэн Репортс) деректері бойынша бірінші және/немесе екінші кварталға кіретін басылымдарда жарияланған кемінде екі мақала және бір шолу сериясы түрінде қорғауға мүмкіндік алды.

Сондай-ақ, диссертациялық кеңестердің жұмыс жүргізу тәртібі бойынша елеулі өзгерістер орын алмақ. Аталмыш бастамалар еліміздегі ғылыми қауымдастық тарапынан бірнеше жылдардан бері көтеріліп, түрлі мінберлерден талқыланып жүргені белгілі еді. Бұл қабылданымдар қазақстандық ғылым мен ғылыми кадрларды даярлаудың жаңа белесіне көтеріп, әлемдік қауымдастықтың үздік тәжірибесін өз игілігіне пайдалануына мүмкіндік беретіні анық. Осы игі жаңалықтар еліміздегі елеулі жоғары оқу орындарының бірі М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде «Ғылым мен технология айы» іс-шарасы бастау алғанына тұспа-тұс келгені қуантады.

Осы жылы еліміз тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойын атап өтеді. Бәрімізге маңызды әрі тарихи сәт болып саналатын осы мерекені тойлаудың тұжырымдамасы әзірленгені белгілі. Тұжырымдамаға сәйкес сәуір айы  «Ғылым мен технология айы» болып белгіленген. Университеттің академиялық қауымдастығы аталмыш бастамаларды қолдап, отандық ғылымды ғаламдық ғылыми кеңістікке таныстыратын игі шараларды жүзеге асыруда. Атап айтқанда экономика бойынша Нобель сыйлығының лауреаты Майкл СПЕНС М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің тұғырнамасында “Қазақстан және пост-пандемия кезеңіндегі дамушы нарықтар” атты баяндама жасады.

Университеттің профессор-оқытушылар құрамы, докторанттар, магистранттар, бакалаврлар және шақырылған қонақтар қатысты. Мэтр мәселеге өте құнды көзқарасын білдірді, білікті ғалымға сұрақтар қойылды, пікір алмасу болды. Болашақта бұл көрініс табатындығынан үміттіміз. Сәуір айының 7-9 күндері аралығында университет қабырғасында Central Asia Nobel Fest Live екінші халықаралық фестивалінің ғылыми-ақпараттық платформасы болып саналатын «Әуезов оқулары-19: Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы» дәстүрлі халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтетінін атауға болады. Фестиваль және конференция барысында отандық ғалымдар әлемге әйгілі Нобель сыйлығының лауреаттарымен пікір алмасып, ғылыми әзірлемелері мен жаңалықтарымен бөлісе алады. ЖОО білім алатын студенттер, магистранттар мен докторанттар үшін бұл шаралардың берері көп.

Максат Батырович КАМБАТЫРОВ,
М.Әуезов атындағы ОҚУ “Бейорганикалық
заттардың химиялық технологиясы”
кафедрасының 3-ші курс докторанты

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий