Жұматай Жақыпбаев лирикасының көркемдік ерекшелігі

Қазақ поэзиясының тарихындағы көрнекті ақын Жұматай Жақыпбаев лирикасындағы образдар жүйесін саралағанда ақын өмір сүрген заман тынысын, адамдар болмысын ғана танып қоймаймыз. Әдебиеттегі басты өлшем- көркемдік шындық, әдебиеттегі адам – көркем бейне, кейіпкер екендігін ескерсек, автор мен лирикалық қаһарманның айырмашылығы дәрежесін айқын білуге болады. Ақынның лирикалық кейіпкері өзге ешкім де емес, тек бұл оның шығармасындағы әртүрлі сипаттағы өзгеше тұрпаты ғана.

Жұматай Жақыпбаев сомдаған лирикалық қаһарманның ой-толғамы, мақсат-мұраттары көп мәселеде қоршаған ортадан өзгеше және озық. Ақын өлеңдерінде ерекше орын алған тақырыптың бірі –туған жер. Көркемдігімен көз тартар сұлу Сарноқай тауының етегіндегі ауыл қаламгердің эстетикалық идеялына айналған. Ол кіндік қаны тамған туған жерге деген шексіз махаббатын Сарноқай бейнесі арқылы жеткізеді. Жұматай жырларының нақты оқырманы Сарноқай тауын сауық ордасы, әсіресе, ат бәйгесі өтетін кеңістік ретінде қабылдайды. Олай болатыны ақын өлеңдерінде бұл тұрақты сарынға айналған көрініс.

Сауыққой жұрттың тұрағы,
Сарноқай деген тауыңда.
Ай сайын той боп тұрады,
Аспандап кеткен ауылда.
Сақтасын еске естіген,
Сақалсыз қазір даңқы бар.
Сарноқай таудың ескіден,
Сақталған қызық салты бар – дейді ақын «Арман» өлеңінде. Ж.Жақыпбаев бұл мекенге арнаған Сарноқайға сәлемдеме атты үш өлеңінен тұратын жыр шоғыры да бар.

Автор өзінің бозбала  шағындағы қымбат қасиеттерін Сарноқайдан ажырағандықтан жоғалтып алғандай, оның бәрі сол жұртта қалғандай етіп жырға қосады. Ақын дәріптеген осынау қасиетті мекен жоғарыда айтылғандай, бәйге дүбіріне толы кейіпте көрсетіліп, бейне бір думанға, шаттыққа толы жастық шақ базарының  символындай биікке көтеріле жырланады. Ол халқымыздың өткен өміріндегі тұрмыс  суреттерін, сал-серілер өміріне қатысты шындықпен байланыстырып отырады және сол арқылы өткен шаққа деген сағынышы, туған жерге деген махаббаты танылады.

Ж.Жақыпбаев шығармаларында көп кездесетін пейзаждық лирика түрлерінің дені туған жер тақырыбына арналған. Оның өлеңдеріндегі лирикалық кейіпкер санасы мен табиғат суреттерінің астасып кететін тұстары көп. Ж.Жақыпбаетың шығарма мазмұнын көркем пішінге көшіру барысында көріктеу құралдарына негіз боларлық өмірлік материалдарды табиғаттан қапысыз екшеп ала білетіндігінің ең үлкен айғағы оның – пейзаждық лирикасы деп білеміз.

Асель Курмашевна АБДИКАРИМОВА,
Жетісу орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті
пәні мұғалімі, Алматы облысы, Ескелді ауданы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий