Жұматай Жақыпбаев поэзиясындағы туған жер тақырыбы

Жұматай поэзиясы -тіршіліктің ұдайғы сұлу қозғалысы іспетті серпінді, ықшам, әсерлі, нәрлі, қызу, қымбат.  Ақын  Ибрагим Исаев Жұматай шайырдың поэзиясына: “Сырқат жүректі сауықтыратын жырлар” деп орынды баға берген. Қазақ өнерінің көгінде аққан жұлдыздай жарқырап өте шыққан дара дарын иесі, ақын, Жұматай Жақыпбаевтың шығармашылығы ұрпаққа өнеге. Ақын  қаламының қасиетімен, сөзінің құдіретімен, нәзік, терең лирикалық өлеңдерімен, қазақ әдебиетінде өшпес өнегелі із қалдырды.

Қазақ халқы ықылым заманнан бері ақындық қасиетке бай келіп, ақындарға кенде болмаған. Тіпті, сонау түркі дәуірінде тасқа таңбаланып, қалдырылған жазбалардың өзі поэзия үлгісінде жазылуы да көп нәрсені аңғартса керек. Ал, біздің тоқталып отырған ақынымыз Ж.Жақыпбаев – болмысы мен ақындық мінезі өзгеден ерек суреткер. Ж.Жақыпбаев поэзиясы тарихқа желі тартар тереңдігімен, түйдек-түйдек философиялық ойларға бай данышпандылығымен,  өткір тілімен,  ой ұшқырлығымен, шығыстық нәзік лирика ұшқынымен, оқымыстылығымен тамсандырып, бас игізеді.

Саналы ғұмырын поэзия көгінде қалықтауға арнаған ақын тірісінде лайықты бағасын ала алмаса да, бүгінде өз биігінен орын тепті. Қазақ поэзиясының тарихындағы көрнекті ақын Жұматай Жақыпбаев  – жаратылысы тұнық, таза бұлақтай мөлдір жан, адам баласына деген мейір тұнған болмысы пендешілік, бықсық мінезден ада. Ақын өз шығармаларында қазақ азаматтарының арлылығын, адалдығын аңсады. Сол поэзиясында арқау болған, өлеңдерінде ереше орын алған тақырыптарының бірі – туған жер.

Көркемдігімен көз тартар сұлу Сарноқай тауының етегіндегі ауыл  қаламгердің эстетикалық идеялына арналған. Ол кіндік қаны тамған туған жерге деген шексіз махаббатын Сарноқай  бейнесі арқылы жеткізеді. Бұл қасиет ақынның өмірлік және поэтикалық ойлау жүйесіне әбден сіңіп кеткен. Жұматай Жақыпбаев Сарноқай жерінің тамаша табиғат көріністерін  ерекше сезіммен жырлаған. Ақын өзінің бозбала шығында қымбат қасиеттерін Сарноқайдан ажырағандықтан жоғалтып алғандай, оның бәрі сол жұртта қалғандай етіп жырға қосады.

Ақын дәріптеген осынау қасиетті мекен, бәйге дүбіріне толы кейіпте көрсетіліп, бейне бір думанға, шаттыққа толы жастық шақ базарының символындай биікке  көтеріле жырланады. Ол халқымыздың өткен өміріндегі тұрмыс суреттерін, сал- серілер өміріне қатысты шындықпен байланыстырып отырады және сол арқылы ақынның өткен шаққа деген сағынышы, туған жерге деген махаббаты  танылады.

Ш. ОМАРБЕКОВА,
Олег Кошевой атындағы негізгі орта мектебі
және мектепке дейінгі шағын орталығының
қазақ тілі мен әдебиет пәні  мұғалімі, Алматы
облысының Ескелді ауданы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий