“Tulek”: Шеберлік мектебінің кезекті дәрісі
Университетіміздегі «Tulek» қауымдастығының ұйымдастыруымен «Tulek»: шеберлік мектебі» жобасының аясында студенттерге арналған кезекті дәрісті Саясат Нұрбек оқыды. Саясат Нұрбек – білім ордамыздың 2004 жылғы түлегі, «BTS Education» компаниясының бас директоры, саясаттанушы, заңгер, геосаясат және халықаралық қауіпсіздік магистрі.
«Еңбек нарығы және жаңа мамандықтар атласы» деп аталатын бұл дәріске 150-ге жуық жастар қатысты. Шараны түлектер координаторы Мағжан Ендібай бастап, спикерге сөз ұсынды. Шара барысында Саясат мырза студенттерге қазіргі қоғамға қажетті мамандықтар мен технологиялар туралы сөз қозғады. Сондай-ақ, «Жаңа мамандықтар атласы» жобасы аясында зерттеу жұмыстарымен таныстырды.
Қазіргі таңда мамандықтардың үшке бөлінетінін айтты. Олар: жаңа, заманға сай өзгеріп жатқан және қолданыстан шыққан мамандықтар. – Атлас еліміздегі 9 негізгі экономика саласын зерттеді. Нәтижесінде жаңа мамандық саны – 239, өзгеріске ұшырағандар – 95, ал 129 мамандық қолданыстан шыққан. Күннен-күнге өзгеріп жатқан қоғамда өз қабілеттерімізді шыңдап, білім алудан жалықпау керек, – деді Саясат Нұрбек. Сонымен қатар, ол жақында қолданушыларға жол тартатын «EduNavigator 2.0» бейіндік бағыт беру жүйесін де тілге тиек етті.
Бұл жүйе арқылы кез келген адам өз талантын анықтап, қай саланың маманы бола алатынын немесе өз кәсібін жетік игеруде қандай қабілетті шыңдау қажеттігін біле алады. Бұдан бөлек, түлегіміз болашақта сұранысқа ие кәсіптер туралы айтып, студент-жастарға бірқатар кеңестерін берді. Сондай-ақ, оқуға ұсынған электронды кітаптарын жолдады. Шара соңында қатысушылар толғандырған сұрақтарына жауап алып, маңызды дәріс үшін алғысын білдірді. Саясат Нұрбек университетіміздің 25 жылдық мерейтойымен құттықтап, жүрекжарды лебізін білдірді.
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ
Әлеуметтік және азаматтық
даму департаменті