Дарынды оқушы, талапты ұлан

“Тегінде адам баласы адам баласынан нақыл,білім,ар,мінез деген қасиеттермен озады”, – деген ұлы ақын Абай хакімнің сөзі барлық уақытта да өз мәнін жойған емес. Ойшыл бабамыз айрықша атап айтқан ерекше қасиеттердің арқасында жас та болса жетістіктерімен көзге түсіп жүрген дарынды оқушылардың бірі – Жұмабекова Жұлдыз Мирамбекқызы 2006 жылғы қаңтар айының 07-і күні Қызылорда облысы, Байқоңыр қаласында дүниеге келген.

Киелі Қармақшы жерінде орналасқан білімнің қара шаңырағына айналған, талай қыранды қанаттандырып,талай ұланды ұясынан ұшырған аяулы біздің білім ордасының табалдырығын алғаш 2012 жылы аттаған, қазіргі таңда 9-сыныпта оқиды. Әкесі Жұмабеков Мирамбек Шамшадинұлы темір жол саласында қызмет атқарады. Анасы Жұмабекова Сәуле Күнтуарқызы- бар уақытын шәкірттеріне арнаған ұлағатты ұстаз. Жұлдыз – сынып оқушылары, ұжым арасында беделді, жауапты, өзіндік орны бар оқушылардың бірі. Сыныптан тыс уақыттағы қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Мектептен тыс үйірме, түрлі клубтар ға қатысып, танымдық қабілеттерін ұштап отырады.

Осы уақытқа дейін ол жас та болса биіктерден көрініп, білім деңгейі мен шығармашылығы сынға түсетін сайыстарда жүлделі орындарға ие болып келеді. Атап айтар болсақ, 5-7 сынап оқушыларының зерттеу жұмыстары мен шығармашылық жобаларының республикалық “Зерде” байқауының аудандық кезеңінде өлке тану секциясынан жүлделі үшінші орынды иеленді. Қызылорда қаласының 200 жылдығына орай жалпы білім беру ұйымдарының 8-10 сынып оқушылары арасында “Қызылорда қаласында туризмді дамыту ” тақырыбындағы облыстық ғылыми жобалар байқауында алғашқы қатардан көрінген болатын.

“Менің бастамам – менің Отаным үшін” республикалық шығармашылық жобалар байқауының облыстық  кезеңінің “Туған қалаға игілікті істер” аталымы бойынша жүлделі екінші орынмен марапатталды. Балалар мен жасөспірімдер шығармашылығына арналған  “Бозторғай ” байқауының аудандық кезеңінде бірінші орын алып, облыстық кезеңге қатысты. Облыстық жалпы білім беру ұйымдарының 9-сынып оқушылары арасында құқық негіздері пәнінен ұйымдастырылған пәндік олимпиаданың аудандақ кезеңінде екінші орын жүлдегері атағы табысталды.

Талантты жас жуырда республикалық «Елбасы медалі» жобасының қола медаль игері атанып, аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Өскелең ұрпақты қолдау және ынталандыру мақсатында ұйымдастырылған  «Елбасы медалі» бағдарламасына қатысу тәртібі Үкімет қаулысымен бекітіліп, Тұңғыш Президент қорының қолдауымен ұйымдастырылуда. Бұл жаңа жобаны әзірлеуде үздік әлемдік тәжірибе қолданылып, әрбір қатысушыға өзін-өзі дамыту үшін жеті бағыт ұсынылды: «Спорт және дене шынықтыру», «Кітап оқу», «Дарын мен дағды», «Ұлттық мұра», «Еріктілік», «Туристік саяхаттар» және «Еңбек тәжірибесі».

Бүгінде жас дарын өз бойындағы білуге, түсінуге ұмтылысының, еңбекқорлығының нәтижесінде мектебі мен ұстаздарының мақтанышына айналды. Ж.Аймауытовтың пікірінше, адам өмірге өзіндік табиғи қасиеттерімен, қабілеттерімен келеді. Ал, баланың бойындағы туа біткен қасиеттерді дамытатын – оқыту мен тәрбие. Дарынды жастың іскерлік дағдыларын және білімқұмарлық талап–жігерлерін жетілдіруде үлес қосып жүрген Жұлдыздың барша ұстаздары мен ата-анасының еңбектері қашан да елеулі.

Бүгінгі уақыт талабына сай Жұлдыз сынды мәдени деңгейі мен шығармашылық қабілеті жоғары шәкірт әзірлеуде талмай еңбек етіп жүрген Қожаниязова Гүлзипа Сабырбайқызы мен Ахметова Индира Ұзакбайқызының еңбегі зор. Сан түрлі сындарлы, келелі жұмыстардың ұйытқысы болып жүрген ұлағатты ұстаздардан тәлім алған дарынды жастың болашағы жарқын боларына сеніміміз мол.

Мақпал Мергенбайқызы ЖҮНІСОВА,
Темірбек
Жүргенов атындағы № 80 мектеп
гимназиясының 
қазақ тілі және  әдебиеті пәні
мұғалімі Қызылорда облысындағы
Қармақшы
ауданына қарасты Төретам кенті

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий