Ұрпағы ізгілікті елдің ертеңі жарқын

Қоғамның ой-санасының өсуі, жаңа сапалық деңгейге шарықтау кезеңі еліміздің егемендік алып, әлемнің өркениетті елдерінің қатарына қосылуы жаңа заман жастарынан жаңашылдықты, ізденімпаздықты талап етеді. Ақпараттық заманның ең осал тұсы адамның өзі. Себебі заманына қарай адам бойындағы адамгершілік қасиеттерді арттыру және шығармашылық қабілетін дамыту қажетті құндылықтардың біріне айналуда.

 

Өзгелерге өнер үйретемін деген, жас ұрпақтың санасына білім нәрін шашамын деген ұстанымды берік мақсатына айналдырған жас маман тек интеллектуалды білімді меңгеріп және беріп қана қоймай баланы адамгершілік пен ізгі қасиеттерге тәрбиелеуді де негізгі міндеті деп есептегені дұрыс. Өйткені бүгінгі ғылым мен техника қарқынды дамып, адамдар білімнің күшін тек жақсылыққа, игі істерге ғана жұмсамай, жамандық пен қатігездікке, бас пайдасын ойлауға бағыттаған заманда жас ұрпаққа академиялық білім берумен қатар, ізгілік білімін де бойларына сіңіру қажеттігі айқындалды.

Мұнымен мына факторды алға тартқанымыз дұрыс шығар. Қоғамдағы басшы, білікті мамандардың барлығы дерлік ұстаз алдынан өтпек. Ал енді жалпы адамдардың арасына енгенде қоғамның пайдасына айналса, ұстазының ерен еңбегінің жемісі, ал қоғамға пайда әкелмейтін жандардың санын арттырса бала алдында ұстаз бен ата-ана қолдауының жеткіліксіз болғандығының нышаны. Жаңа озық әдістемелік технологиялармен жабдықтанған, заман талабына сай оқытудың жаңа әдістерін, яғни жаңа әдіс- тәсілдерді ақпараттық технологияларды және компьютерлік сауаттылықты толық меңгерген жақсы педагог қана білім алушының сапалы білім алуына мүмкіндік жасайды.

Бірақ теориялық білімнің нәрі тереңде болғанымен де рухани байлық жеткіліксіз болса адамзатқа апат әкелері анық. Білім беру жүйесінде жаңашылдыққа бет бұрып, оқушыны еркіндік, дербестік, тәуекелшілдік тұрғысында оқыту және оқушыны өзінің міндетті тыңдауы тиіс бағыныштысы ретінде көрмей досы секілді жақыны, ақылшысы бола білуі – қазіргі заман талабы. Бүгінгі күн талабына сай жан-жақты дамыған, өмірге шынайы көзқарасы қалыптасқан. Терең біліммен нәрленген оқушы тұлғасын сомдау үшін қажырлы еңбек қажет. Өз мақсатына жету үшін ұстаздың қолында үш құралы болуы керек. Ең бастысы- шәкірттеріне деген шынайы сүйіспеншілігі және терең ғылыми білімі мен сол білімін оқушы бойына, санасына жеткізетін, дарытатын әдіс- тәсілі. Осының бәрін біріктіре білген ұстаз жаңа технологияның тиімдісін, ең көрнектісін таңдап қолданады.

Жаhандану үрдісінде шығармашылық ізденістегі әр баланың ақыл-ой еңбегінің дамуына ықпал жасайтын негізгі тұлға- ұстаз. Ал қазіргі талаптың басты міндеті- осы ұстаздың кәсіби құзырлығын қалыптастыру мен біліктілігін үздіксіз арттыруды, ғылыми-әдістемелік қызметінің жаңашылдығын, әдіс-тәсілдерді үйлестіру болып отыр. Білім саласындағы түбегейлі өзгерістер ұстаздан үлкен жауапкершілікті талап етеді. Білім беруді ізгілендіру баланың жеке тұлғасының дамуына бағытталған десек, бала бойында ізгілік қасиеттерді қалыптастыруды отбасынан бастап, балабақша тәрбиесімен жалғастырып, мектеп қабырғасында одан әрі сіңіріп, кәсіптік және жоғары білім беретін оқу орындарында шегелей түсу қажет.

Ата-ананың күнделікті өмірдегі өзара және айналасындағылармен сыйластық қарым-қатынастары, адал еңбектері мен дұрыс іс-әрекеттері, балабақшадағы тәрбиешінің өнегеге толы әңгімелері мен адамгершілікке тұнған іс-әрекеттері, мектептегі, оқу орындарындағы ұстаздардың шәкірттеріне деген риясыз сүйіспеншіліктері мен ғибратқа толы ұлағаттары – ойы, сөзі, ісі бірлікте болатын, адамзат игілігі үшін риясыз қызмет ететін жастардың қалыптасуы мен көбеюіне септігін тигізері анық. Білім беру жүйесін ізгілендіруде жалпы білім берудің мақсаты, мазмұны, қағидалары, педагогикалық іс-әрекет мәселелері гуманистік және гуманитарлық танымға бағытталуы тиіс.

Жас ұстаз алғаш еңбек жолын бастағаннан –ақ диплом алып шыққан саласының маманы болумен қатар, алдында көзі жәудіреп отырған бүлдіршіндерге жанының жылуын төгіп, мейірім нәрімен сусындатып, білім дәнін еге отырып, болашақта айналасына, әлемге тек сүйіспеншілікпен қарайтын, қайырымдылықпен қол созатын тұлға тәрбиелеу міндеті екенін ұғыны тиіс. Осы орайда ұрпақ өнегесі, олардың адамдық болмысы жайлы ой толғап, рухани- адамгершілік білім беруді басты идея етіп ұстанатын Сара Алпысқызының «Өзін-өзі тану» авторлық бағдарламасын атап кеткеніміз жөн болмақ.

«Өзін-өзі тану» пәні әлемдегі ең басты құндылық – адамның өмір сүруі үшін, бақыт үшін, қуаныш үшін жаралғандығына негізделеді. Өмірдің осындай қарапайым ақиқатына- жақсы адам болуға баланы жастайынан үйрету керек. Бұл тұрғыда мұғалімнің рөлі аса зор. Өйткені ол оқыту мен тәрбиелеудің қазіргі әдістемесін жеткілікті меңгеріп, балалар психологиясын терең талдай отырып, белгілі бір жастағы балаларға бағытталған педагогикалық үдерісті ұйымдастыра алады.

Рухани жаңғырудың өзегіне айналып отырған мәселе жас ұрпаққа – адамгершілік- рухани тәрбие беру. Құнды қасиеттерге ие болу, рухани бай адамды қалыптастыру оның туған кезінен басталуы тиіс. Баланың бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік, яғни адамгершілік құнды қасиеттерді сіңіруде отбасы мен ұстаз шешуші роль атқарады. Өсіп келе жатқан кейінгі ұрпақты мәдениетті, парасатты, білікті, көргенді, көреген етіп тәрбиелеу, олардың дүниетанымын, жоғары деңгейге көтеру, қоғамды ілгерілету үдерісінде адами ізгілік қасиеттерін дамытуға үлкен мән беру, ұлттық намысы жоғары ұлтжанды өкілдерді тәрбиелеу ісі ұстаздарымыздың еншісінде екені айқын.

 

Рухани-адамгершілік туралы сөз болғанда Абай мен Шәкәрімді айтпай кету мүмкін емес. «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста» деген Абай рухани-адамгершілік тәрбиені ту етіп көтереді. «Біреудің мінін тергенше, жамандығын көргенше, өз ойыңды мазалап, өз бойыңды тазалап, өзіңмен күрес өлгенше», -деп Шәкәрім Құдайбердіұлы, басқаға тәрбие берместен бұрын, алдымен адамның өзіне сын көзімен қарап, іс-әрекетіне баға беруі, өзінің жан дүниесін тазартуы керек екенін, сонда ғана берген білімің қонымды, тәрбиең нәтижелі болатынын айтады. Бүгінгі жас ұрпақты оқытып қана қою аз, оны жан-жақты дамыту, жаңаша дағдыларға тәбиелеу қажет.

Әлемдік даму, ғылыми технология адамның ұшқыр ойлы, терең білімді, озық тәрбиелі болуын талап етеді. Сондықтан рухани- адамгершілік тұрғысынан білім беру әр тұлғаның азаматтық келбетінің жоғары болып, олардың кез-келген ортада белсенділік көрсете алатын қабілеттерін жетілдіруді көздейді. Елбасының бұл бағдарламасы бүгінгі күні біздің елімізде ұлттық және азаматтық құндылықтардың негізінде жеке тұлғаны қалыптастыру және дамыту, жеке адамдардың күш-қуат мүмкіндіктерін ашу, адамгершілік пен салауатты өмір салтын қалыптастыруға жасалған жағдай екені анық.

Өмірде дұрыс жол табу үшін адам дұрыс ой түйіп, өздігінен сапалы, дәлелді шешімдер қабылдай білуге үйренуі қажет. Адам бойындағы қабілеттерін дамытып, олардың өшуіне жол бермеу, оның рухани күшін нығайтып, өмірден өз орнын табуға көмектеседі. Өйткені адам туынды ғана емес жаратушы да. Бұл үлкен жауапкершілік артатын күрделі мақсат. Оны шешу үшін ең алдымен оқыту мазмұны жаңартылып, әдіс-тәсілдің озығы өмірге келуі, олар әрбір азаматтың жеке басының қасиеттерін, қабілеттерін дамытып, шығармашылығын, талантын ұштайтындай болып ұйымдастырылуы қажет.

Сонда ғана мектептерден өз өміріне өзгеріс енгізе алатын, өз бетінше өмір сүру жолдарын таңдай алатын азаматтар тәрбиеленіп шығады. Баланы бастауыш сыныптардан бастап шығармашылық ойлауға, қалыптан тыс шешімдер қабылдай алуға, практикалық әрекеттерге дайын болуға әкелудің жолдарын көрсету керек.

С. МАГЛУМОВА,
Бөбек” ҰҒПББСО “Өзін-өзі тану
гуманитарлық колледжі директорының
оқу ісі жөніндегі орынбасары, филология магистрі, Ж.ЖОЛДАСБАЕВА,
3 курс студенті

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий