Алтын жанның марапаты да ерекше бағалы
“Адамның адамгершілігі жақсы ұстаздан болады”, – дейді ойшыл ақын Абай Құнанбайұлы. Үнемі күлімсіреп, сұрағыңа жымиып қана жауап беретін, аса мейірімді жанды көргенімде «Қандай жұмсақ жан?» деген ой өне бойымды шарпып өтті. Әр күнін шығармашылыққа арнап, әр минутын шәкіртіне жұмсайтын осы бір тұлғаны көргенде еріксіз мойындамайтын жан жоқ шығар, сірә?!
Адамға берілетін атақ та, даңқ та, марапат та ұзақ уақытты күттіретіні анық. Оған шыдам мен табандылық, күш пен жігер, сабырлылық керек-ақ. Нәтижеге жету мен қол жеткізу – аянбай қызмет етуді талап етеді. “Ұстаз ұстаз емес өз шәкiртi үшiн күймесе, шәкiрт шәкiрт емес өз ұстазын сүймесе”, – деп Жүсіпбек Аймауытов айтқандай, екі жақты сенім, бір бағыттағы мақсат болмаса істеген ісіңнің нәтижесі болмасы анық. Білім және ғылым министрі Асхат Қанатұлы Аймағамбетовтің биылғы ұлыстың ұлы күні қарсаңында отандық білім саласының ілгері дамуына сүбелі үлес қосқан бір топ отандық педагогтерды «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» медалімен марапаттағаны баршамызға белгілі. Сол үздіктердің шоғырында облыс орталығындағы №14 жалпы білім беретін мектептің химия пәні мұғалімі Тулембетова Айсұлу Багитовнаның болғанын мақтан тұтамыз.
“Шындық жоқ жерде еркіндік қанат жая алмайды”, – деген тәрбиелік мәні бар сөзді жанына жалау етіп, әкесінің осы бір ұлы сөзімен қанаттанған ұстаздардың ұстазы 1956 жылы Гурьев облысы, Құлсары ауылында дүниеге келіп, еңбек жолы 1980 жылы Қарақия ауданы №3 орта мектебінен бастау алған болатын. Қазіргі уақытқа дейін оқушы жетелеуден еш шаршаған емес. Зейнолла Қабдоловтың айтуынша: “Ұстаздық ету – уақыт ұту емес, өзгенің бақытын аялау, өзіңнің уақытыңды аямау. Бірақ бұған өкінбеу керек. Жер үстінде адам тәрбиелеуден асқан абыройлы іс, ардақты жұмыс жоқ. Ұстаздық – ұлы нәрсе”.
Расында, аянбай еткен еңбегінің нәтижесінің жемісі кеше ғана піскендей. Осы уақытқа дейін оқушыларға ғана жол сілтеуші емес, оқытушыларға әдістемелік бағыт беруден де жалыққан емес. «Ғылым есігін ашамын» халықаралық ғылыми жобалар байқауына, «Зерде» конкурстарына оқушыларды дайындап, қатыстырып, жетекшілік еткен шәкірттері жүлделі оралып жүр. «Дарын» ғылыми жобалар конкурсына жыл сайын түрлі тақырыптағы жобаларға жетекші болады. Сондай-ақ, 2008 жылдан бері облыстық «Дарын» қосымша білім беру орталығында оқушыларды ғылыми жобаларға дайындау ауысымдарында және республикалық олимпиадалық қосымша білім беру ауысымында химия пәнінен дәріс береді, ізденімпаз ұстаз.
Айсұлу апайымызды ұстаздардың ұстазы ретінде үлгі тұта отырып, оны көрген сайын “Егер ертең шәкірттеріңе үлгілі ұстаз боламын десеңдер, еңбекшіл болыңдар!”, – деген жазушы Әзілхан Нұршайықовтың сөзі ойға еріксіз оралады. Кемел кейіпкеріміздің бойынан табылатын адамгершілік қасиетті бойымызға сіңіре және оны мақтан тұта отырып, марапатымен шын жүректен құттықтаймыз!
Ақмарал Жалғасқалиқызы УЗГАНБАЕВА,
Оқу-әдістемелік орталығының директоры,
Маңғыстау облысының Ақтау қаласы