Құқықтық білім: Қазіргі жағдайы және болашағы

Ежелгі кезден бастап құқықты білу қажеттілік болып табылды. Көне Рим заңгерлері бүгінгі күні біздің құқығымыздың жалпы қағидатына айналған және өзекті болып табылатын «Заңды білмеу ақталу емес» деген ұстаным қалдырды. Қазақ халқының бұл тұстағы ұстанымдары жетіп артылады десек те болады. Қазақтың құқықтық мәдениеті жоғары болғандығын ғалымдарымыз дәлелдеп, жазып та жатыр. «Дала заңдарымыз» бүгінгі таңда демократиямыздың негізгі белгілеріне айналуда. Осы атқарылып жатқан ауқымды істерді жүзеге асыру, ұлттық салт-дәстүрлеріміздің қажетті тұстарын заңдастыру  құқықтық білімсіз мүмкін емес.

Саясаттанушылардың пікірлеріне қарасақ елімізде азаматтық қоғам құруда біршама элементтердің топтасуы қажет екен, ендеше ол топтың ішінде құқықтық білім беру өзіндік орнын табады, құқықтық білім беру азаматтық қоғам құрудың негізі екенін бүгінгі таңда бәріміз мойындадық. Әрекеттегі Конституциямыздың 1 бабымен Қазақстан құқықтық мемлекет деп танылған. Құқықтық мемлекеттің әрбір азаматы құқықтық саналы, құқықтық мәдениетті болуы қажет. Мемлекетіміздің осы мақсатпен қабылдаған «2010-2020 жылға арналған құқықтық саясат тұжырымдамасы» да осыны көздеді. Құқықтық оқыту және құқықтық тәрбие өзара табиғи байланысқан. Құқықтық мәдениетті қалыптастыру үзіліссіз процесс болуы қажет.

Сонда ғана ол өз кезеңінде тұлғалардың заңдарға бағыну санасын қалыптастырады. Құқықтық білімді күнделікті кеңейту және тереңдету әрекеттері өзіндік  мазмұнына сәйкес бағытталуы керек. Құқықтық мәдениетті қалыптастырудың негізі – құқықтық білім беру мен құқықтық насихат жасау арқылы зияткерлік әлеуетті арттыру болып табылады. Өйткені қоғам құқық пен заңды білмейінше, құқықтық мәдениет қалыптаспайды. Құқықтық білімі бар және оны өмір жағдайларында қолдана алатын құқықтық мәдениеті жоғары азамат заңдылықтың бұзылуына жол бермейді. Сондықтан да азаматтарымыз Ата заңымызда көрсетілген өзінің құқықтары мен міндеттерін жете білуі қажет.

Жастар – еліміздің саралы жолын дамытудың болашағы. Қазіргі таңда жастар қоғамды дамытудың барлық саласында  белсенділік танытуда. Соған қарамастан жастар арасында қылмыстың өсе түсуі, жағымсыз мінез-құлықтар мен әдеттердің көрініс алуы кездесіп отыр. Сандық мәліметтерге сүйенсек, көп жағдайда қылмыскерлер мен бұзақылардың жастық ерекшеліктеріне аса мән берілмейді. Бұл топтағы жастар отбасын құрып, мемлекетіміздің белсенді жасаушысы болмақ түгілі, өздерінің және өзгелердің өмірлеріне жауапсыз қарайтындығы анық. Батыс мәдениетіне еліктеушілік жастардың бойында жағымсыз қылықтардың дамуына алып келіп отыр.

Жастар арасындағы жыныстық қатынас, кісі өлтіру, бейбастық, қарақшылық, еркін махаббат, жоспарланбаған жүктілік, тастанды бала және тағы да басқалар қатты алаңдатушылықты тудырады. Мұндай бейбастық іс-әрекеттер ұлттық тәлім- тәрбиеге, этностық қарым- қатынасқа түбірімен қарсы бағытталғанын естен әрдайым шығармау қажет. Қоғамымызда болып жатқан осындай келеңсіз, кесірлі құбылыстарға қазақ жастары болашағының едәуір бөлігі елігіп, еліктеуі қанат жайып бара жатқаны бізді алаңдатары сөзсіз. Аталмыш жағдайлар азаматтардың құқықтық мәдениетін қалыптастырып, арттыру мәселесін алға қояды.

Жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастырып, дамытудың мақсаты дұрыс анықталып, құқықтық сананы қалыптастыруға бағытталған мемлекеттік қызметтің жүйеленген органдары және олардың қоғамдық бірлестіктер қызметінің, сондай – ақ еңбек ұжымдарының қызметтері  бірқалыпты  ат салысуы қажет. Көпшілік арасында жүргізілген сауалнама нәтижесі мынандай болды: Біріншіден: қоғамдық қатынастарға түсуде көптеген мәмілелер жасалады алайда, көпшілік қауым сол мәмілелерді растайтын заттардың құқықтық маңызы бар екенін тіптен елей қоймайды. Екіншіден: өз құқықтарының бұзылу жағдайында азаматтардың басым көпшілігі қайда барып жүгінуді білмейді. Үшіншіден: өз беттерімен заңдылық құжаттарды рәсімдей алмайды. Төртіншіден: заңдардың бар екенін біле тұра оны іске асырудың жолын білмейді.

Бұл ағаттықтарды жою үшін мемлекет тарапынан елімізде құқықтық білімді, тәр­биені жетілдіруге арналған жаңаша бағдарлама қажет сияқты. Қазақстан азаматтық қоғамды қалыптастыруды жалғастыруда. Бұл айтуға жеңіл болғанымен, жылдарды, мемлекет пен тұлға арасындағы өзара байланыста жүргізілетін күрделі процесс. Бұл процесте негізгі рөл мемлекетіміз арқа сүйенетін құқыққа берілуі керек. Нәтижесінде заңды сыйлауға, мемлекетіміздің дамуына кедергісін тигізетін құқықтық нигилизмді жеңуге жетуіміз қажет, оған көпшіліктің таң қалуын тоқтатып, заңға деген сый, құрметтеуге тәрбиелеу және жауапкершілік сезімдерін ояту қажеттілігі, яғни бұл жерде жемқорлық, заңды басынушылықтар, заңға немқұрайлы қараудың құқықтық жүйеге кереғар екендігін түсіндіру және қоғамдық моральді бейтараптық жаулап алуына жол бермеу керек.

Қазақстан жастарының құқықтық санасын кеңейтудің негізі – барлық қоғамдық топтардың, халықтың белсенді қызмет етуге және адам құқығының шеңберін кеңейтуге жол ашу. Құқыққа немқұрайлы қарау қандай да бір шектен шығушылық, заңға жауыздықпен қарау, демократиялық формадағы «Не істегім келсе, соны істеймін» деген қарама – қайшылық кереғарлықтарды жою керек. Оның бірден бір жолы болып жастарға құқықтық тәрбие беру шараларының белсенділігі болып табылады. Бұл салада Қазақстанда құқықтық нигилизм профилактикасын  дамыту керек, себебі, жастар арасындағы құқықтық нигилизмге бой алдырушылық өз кезеңінде біршама қауіп тудырады.

Сондықтан қолданылатын заңның қызметті сапалығын, заңның және құқықтық тәртіптің тұрақтылығын қамтамасыз ету қажет. Қоғам мен құқықтық тәжірибе құқықтық білім берудің  жағымды және теріс тұстарын анықтайды. Тұлғалар сыртқы әсерлерді алғашқы қалыптасқан ішкі сенім мен нанымдарды бұза-жара өтіп белсенді және таңдаулы қабылдайды. Құқықтық білім беру аталмыш үрдісті мақсатты бағытталған, жағымды ағымға түсіре алады, заңдарды сыйлауға үйретеді, құқық бұзушылықтардың алдын алады, еліне деген құштарлықты оятады.

Құқықтық ақпарат көзінің жүйесінде анықтаушы рөлге бұқаралық ақпарат құралдары иеленеді, сондай – ақ жалпы құқықтық оқыту бала – бақшадан бастап барлық оқу орындарында оқытылуы керек. Сайып келгенде жастардың өзін – өзі тәрбиелеуіне көңіл аударуымыз қажет. Өзін – өзі тәрбиелеудің астарында құқыққа деген құрмет қалыптастыру жатыр, яғни қажеттіліктерін ұйғарымдарға байланысты өзін – өзі оқыта отырып және қатаң сақтап, өз тәжірибесінде және басының дербестігі арқылы талдау жасауы керек. Жастардың құқықтық санасын тәрбиелеуде тәжірибелік жаттығулар (жеке және топтық), ойындар немесе нақты құқықтық жағдаяттарды шешуді үйрену ерекше тиімді.

Жастарға құқықтық әсер етудің үлкен тәрбиелік мәні негізінен жастарға жетекшілерінің өнеге көрсетулері, сонымен қатар мемлекеттік ақпараттық өкілді тұлғалары заңды мүлтіксіз сақтауға, қылмыспен күресуге бағыттауы керек. Құқықтық тәрбие процесінде болашақ азаматтар келесі әлеуметтік дағдыларды иемденгені абзал: өзге адамдармен қысымшылықтан адам конструктивті қатынас құра білу; дау – дамайларды, шиеленістерді күш қолданбай шешу; дербес шешім қабылдау және оған жауапкершілік деңгейін сезіну; адам құқықтарын қорғаудың механизмдерін жергілікті, аймақтық, еуропалық және әлемдік деңгейде пайдалана білу; өз мүдделерін және үшінші бір тұлғалардың мүдделерін қорғаштау, сонымен қатар қолданыстағы заңдарды сақтау негізінде адам құқықтарына қайшы келетін заңдарды өзгертуге бағытталған іс-әрекет жасау.

Сөз жоқ, құқықтық білім беру процесі Қазақстанның болашақ азаматтарының интеллектуалдық біліктілігіне де ықпал етеді. Бұларға төмендегілер жатады: әртүрлі көздерден, соның қатарында бұқаралық ақпарат құралдарын материалдар жинап, зерттеу; алынған ақпаратты талдай білу, солардан объективті және баянды қорытынды жасау; өз ой-пікірін айқын білдіру, қажет болғанда пікірталасқа түсу және тыңдай білу, өз көзқарасын дәйекті түрде қорғай білу. Әрбір адам өз құқықтарын жете біліп, жалпы заң білімі саласынан хабардар болғаны дұрыс.

Сонымен қатар қоғамда болып жатқан әрекеттердің заңға қарама-қайшылығын немесе сәйкестігін сараптай алуы оның құқықтық сауаттылығымен тікелей байланыстылығын аңғартады. Заңды аттамай, тура жолмен жүріп, еліне адал қызмет еткен азамат қана мұратына жетеді. Құқықтық сауаттылық білім мен тәрбиенің бірлігі принципінде құрылуы тиіс, бірақ солай бола тұрғанның өзінде құқықтық білім беру тек мақсатшылдық емес, ол өскелең тұлғаны қазақстандық патриот етіп тәрбиелеуге әсер етудің басты құралдардың бірі болуы тиіс.

Республика өміріндегі өзгерістер білім беру саласына соның ішінде құқықтық тәрбиелеу ісіне де әсерін тигізуде. Әлемдік білім беру кеңістігіне толығымен кірігу білім беру жүйесін халықаралық деңгейге көтеруді талап етеді. Қазақстан Республикасының білім беруді дамытуға арналған бағдарламасында оқушыларды адам құқығы мен бостандығын құрметтеуге тәрбиелеу қажеттілігі басты міндеттердің бірі ретінде қарастырылған. Қазақстанның құқықтық мемлекет құру жолындағы іс-шараларының басты ұстанымдарының бірі – құқықтық білім берудің сапасын арттыру. Қазақстан Республикасындағы жастардың басты борышы – азаматтардың бостандықтары мен құқықтарын, міндеттерін оқып үйрену, орындау, заңды құрметтеу, құқықтық білім алу.

Сондықтан қоғамның талабына сай жастарды жан-жақты тәрбиелеу үрдісіндегі мемлекет алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі – оқу тәрбие жұмысының барлық құрылымында құқықтық білім беру мен тәрбиеге айрықша мән беріп, оны ұйымдастырудың тиімді жолдарын, тәсілдерін үнемі жетілдіру, жаңарған қоғамның саяси құқықтық сана сезімдерін қалыптастыру. Әлемдік білім беру жүйесіне ену жағдайында саяси-құқықтық жағынан белсенді азаматтарды даярлау үшін құқықтың кейбір салаларын тереңдете оқыту еліміздің құқықтық мемлекет, азаматтық қоғам құру барысындағы мәселелердің шешілуіне септігін тигізеді.

Құқықтық білім берудің маңыздылығы күн өткен сайын арта түсуде. Заңды білу – заман талабына айналды. Әр азаматқа қазіргі қоғамдағы қарым-қатынас заңдылықтарын терең ажырататын құқықтық сана, құқықтық мәдениет қажет. Қоғамдық қатынастарда мәні зор әлеуметтік нормаларды-тарихи құқықтық жүйенің қайнар көзі немесе құқық ғылымының негіздері деуге болады. Құқықтық ағарту немесе құқықтық білім қалыптастыру-заң ережелерін білу, оны насихаттап, күнделікгі тұрмыста ұстана алатын дәрежеге жеткізу. Бұл іргелі білім қалыптастыру, оны жүйелі түрде жүзеге асыру, алған білімнің күнделікті тұрмыс талаптарына сәйкестігі мен адамгершілік нормаларына сабақтастығы оның негізділігінің белгісі ретінде қарастырылады.

Университет қабырғасында құқықтық білімнің берілуі студенттердің құқықтық мәдениеттілігін қалыптастырып, құқықтық сананы қалыптастыруға септігін тигізеді. Сонымен қатар жастар және балалармен жұмыс істейтін мамандықтардың барлығында құқықтық әлеуметтендіру жұмыстарына даярлық осы құқықтық мәдениет қалыптастыру аясында болуы керек. Жастардың құқықтық білімі, ең алдымен, жеке тұлғаның құқықтық дамуының сипаты мен дәрежесін көрсетеді. Жастардың құқықтық білімін көтеру үшін теориялық- әдіснамалық негіздемелерін анықтау өте қажет.

Қазіргі кезеңде құқықтық білім беруде дамыған елдердің жетістіктері мен өз еліміздің тарихи құндылықтарын біріктірудің маңызы өте зор. Ғалымдардың көзқарастары мәдениет пен ғылым, саясат пен экономика бір мақсатты көздеп, бір ортақ құндылықтарына қызмет ету керек дегенге келіп саяды. Құқықтық білім берудің таяудағы даму болашағы біздің мемлекетіміз көздеп отырғандай, Қазақстанда құкықтык қоғам орнату бағытының жүзеге асырылуымен байланысты. Құкықтық нигилизм мен бұқараның құқықтық мәдениетінің төмендігі қазіргі Қазакстан коғамының демократия мен прогресс жолындағы басты кедергі болып отырғаны белгілі.

Ел көлемінде реформалардың кең ауқымда жүріп жатуына сәйкес құқықтық білімнің жаңа мазмұны жоғары құқыктық мәдениеті бар тұлғаны қалыптастыруға, жастарды дүниежүзілік кұкықтанушылық ғылымдардын жетістігімен қауыштыруға, сонымен қоса, өз халқының құкықтық мұраларының бұлағынан сусындатуға бағытталуы керек. Қазіргі кезде білім жүйесі құрылымдық және мазмұндық тұрғыдан жаңару үстінде. Білімді ізгілендіру мен демократиялаңдыру бағытында үлкен өзгерістер жасалып жатыр.

Қазақстанның әлеуметтік, азаматтық және құқыктык мемлекет орнатуға, қоғамды демократияландыруға бағыт алуы жалпы білім беретін мектептерде құқықтану негіздерін ең өзекті пәндердің бірі ретінде алдыңғы лекке шығарып отыр. Өйткені, келешекте өркениетті қоғам орнату кұқықтық білім берудің бүгінгісіне тәуелді. Осыған орай, құқықтану негіздерін бұдан гөрі толық және ертерек бастап оқыту  мәселесі алға тартылуда. Қазіргі кезеңдегі  құқықтық білім беруде құқықтық тәрбие мен білім берудің тұтас жүйесін құру қажеттігі туындайды, Бұл салада әр категория халықтарының білім берудегі, кәсіби және жас аралық ерекшеліктерін ескеру маңызды.

Құқықтық білім берудің бұрынғы концепциясы негізінде жаңа қоғамдық өмірге лайықталған концепциясын құрастыру қажет немесе оның негізі мынадай принциптерді алған жөн: құқық нормаларында адами құндылықтарды дәріптеу; конституция мен заңнамада құқықтарды міндеттермен ажырамас бірлікте қарастыра отырудың негізінде тұлғаның бойында жоғары руханилықты тәрбиелеу; жан-жақты мемлекеттік қолдау арқылы әлеуметтің құқықтық білімділігі мен құқықтық ағартуын қамтамасыз ету.

Түбінде құқықтық мемлекет құруды мақсат ететін әрбір мемлекет азаматтарына құқықты оқытуға ерекше көңіл бөлуі тиіс, оқыту бағдарламаларын кеңейтуге, құқықты оқытуға бөлінетін сағат саны мен құқықтық әдебиеттерді көбейтуге, құқықтық тәжірибені дамытуға мүдделі болуы керек. Балаларға мектеп жасынан қоғамдық тәртіпті қатаң сақтауға, өзгелердің ар-ожданын құрметтеуге үйрету арқылы құқықтық білім беру керек.

Жалпы құқықтық білім берудің негізгі мақсаты заңды құрметтеуді қалыптастыру және өмірлік практикада белсенді пайдалана білу. Бұл білім қол жетерлік (жас ерекшеліктеріне байланысты), жүйелілік, міндеттерден тұрады. Практикалық маңыздылығы бойынша құқықтық білім берудің жалпы азаматтық, кәсіби қызметіне байланысты құқықтарды меңгерту міндеттері де бар. Біріншісі – жалпы білім беретін орта мектептерде шешілсе, екіншісі-кәсіби-техникалық, арнайы орта және жоғары оқу орындарында. 

Құқықтық білім берудегі міндеттерді шешуде орта және жоғары мектептерде жастарға құқықтық білім беру және тәрбиелеу мәселелері құқық пәндері бойынша ғылыми өңделген, жан-жақты теориялық базасы жағынан жабдықталған және әдістемелік білім беру жағынан қамтылғаны қажет. Жоғарыда айтылған ойлар  құқықтық білім берудің көпшілік болып, жұмыла атқарылатын қоғамдық іс екендігін айқындап отыр, яғни, құқықтық мемлекетті құруда жастардың құқықтық тәрбиесіне аса көңіл бөлу мемлекеттің  басты назарында болуы қажет.

Құқықтық тәрбие мәселесінің шешілу мақсаты, міндеті, мазмұны бар ғылыми тұжырымдаманы қажет етеді. Сондықтан  жастардың құқықтық тәрбие мәселесі тек қана теориялық емес, практикалық сипат алғанда ғана өз нәтижесін береді. Педагог ғалым В.В. Берманның теориясы бойынша: «Құқықтық тәрбие ғылымда адамдардың санасы мен әрекетіне белгілі бір мақсатпен ықпал ету бойынша шара қолдану жүйесі ретінде ұғындырылатын тәрбиелеудің ерекше түрі». Бүгінгі таңда тәуелсіз мемлекетіміздің болашақ жас ұрпақтарын тәрбиелеуде «Ата Заң» нормативтерін жүйелі қолдану арқылы құқықтық тәрбие мәселесіне назар аудару, басты мақсатымыз.

Назигул Слямболовна ГАЗИЗОВА,
Семей қаласының Шәкәрім атындағы
университеті КеАҚ, “Тарих және құқық”
кафедрасының қауымдастырылған
профессоры, Шығыс Қазақстан облысы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий