Ескі суреттер – көненің көзі: Әр сурет – жеке бір тарих, жеке тағдырлар
Суреттердің тарихи сырын ашпақ ниетім, өткен ғасырдың 60-70-жылдары білім саласының қарқындап алға басу кезінде, осы ұстаздардың әрқайсы шәкірт бойына тек білімді ғана емес, сонымен қатар адамгершілік, ізгілік қасиеттерін өз үлгісімен дарыта білген. Дүниеге келгеннен есейген шақта бар әлем табанымыздың астында қалатындай көреміз. Көзімізді ашқаннан анамыздың жылы жүзі, туыстарымыздың сүйсінуі, алғашқы еңбектенгеніміз, талпынып тай-тай басқанымыз, жылы жауынға бетімізді тосып жүгіргеніміз, күн сәулесіне еркелегініміз… Бәрі, бәрі көз алдыңа елестеп, балалық шақтың балғын кездерін еске алып, қазіргі кезеңмен арасын таразыға салып отыруды жиілететін жасқа да жетіппіз…
Жо-жоқ, жеке өмірімнен естеліктерді баяндайын деп қолға қалам алған жоқпын. Біздің қалауымызға қарамастан, тұлғамыздың қалыптасуына әсер ететін ортаның жадыңда қалатын қайтарылмас сәттері болады. Сондай сәттердің бірі әр адамның басынан кешетін мектеп өмірі. Біздің отбасымызда бала болып тек мектепте оқып қана қойған жоқпыз. Ата-анамыз қырық жыл өмірін баланы оқыту мен тәрбиелеуге сарпыған мұғалім болғандықтан, айналамызда жиі көретін адамдар да ауылымыздағы мектептің ұстаздары. Осы әңгімені, ата-анаманың естелігі үшін, сол туған мектебіме, үлгі алған, дәріс алған ұстаздарыма арнағым келеді.
Менің әкем, Смақұлы Рауия, 1934 жылы, киелі Баянауыл жерінің Мұрынтал аумағындағы ата-қоныстарында дүниеге келген. Аласұрған, аласапыран заманында дүниеге келген Рауза апасы екеуін марқұм ата-әжеміз қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай ер жеткізіп, жоғары білім берген. Әкем, 1958 жылы, қазіргі Е.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің физика-математика факультетін тәмамдаған. Сол жылы марқұм анам Бәкішқызы Бәтиә атты сұлу қызбен, өзі сияқты жас педагогпен сөз байласып шаңырақ көтереді. Екеуінің үйленгені ол өз бетінше жеке бір хиқая. 1968 жылы атамыздың әмірімен Жанатлек селосына қоныс тебеді. Әке-шешем сол жердегі мектепке жұмысқа тұрады. Кейін сол мектептен зейнетке де шығады.
Бірақ, еңбек жолдарында айналасын өздері сияқты білікті, парасатты, зиялы әріптестері қоршаған. Біріне шәкірт болса, біріне ұстаз болған ата-анамыздың есімін әлі күнге дейін көрген-білген адамдар жақсы атпен, жылы сөзбен, алғыс білдіре еске алады. Мектепке дейінгі кезде келіп-кетіп жатқан адамдардың кім екеніне мән бере қоймаймыз. 1976-жылы мектеп табалдырығын аттағаннан, сол адамдардың біразын мектепте көріп, бұларда мұғалім бе деп таң қалған күндер де болды. 1-ші сыныпқа барғанда төменгі суреттердегі бейнелерден есімде қатып қалғаны сол кездегі мектеп директоры, тарих мұғалімі Ысқақ Нұрғалиұлы мен (1-сурет, солдан оңға қарай бірінші) дауысы тау жаратын (мен балаға солай көрінетін) неміс ұлтты неміс тілі мұғалімі Альма Адольфқызы еді (2-ші сурет, 1-қатардағы солдан оңға қарай екінші).
Бірінші суреттегі үш азаматтың ортасындағы менің әкем, ал үшінші тұрған Мұқатай Шериазданұлы. Бұл кісі бізге 9-10-сыныптарда еңбектен сабақ беретін. Осы кісінің арқасында ДТ-75-ң, комбайндардың қозғалтқыштары мен құрылғыштарын жаттайтынбыз. Ауыл мектебіндегі ер мұғалімдер сабақ беріп жүре, егін науқаны кезінде совхоз шаруашылығына көмек көрсететін. Ойлаймын, сол кезде ешқайсысы бізді сабағымыздан жұлып алып, қосымша жұмысқа жіберді, уақытымызды алды деп айтып көрген емес. Егінді уақытында орып болу керек. Бір тал бидайдың желге ұшуына жол берілмейді.
Орылып жатқан егіннің өнімін тазалауға жан-жақтан студенттік бригадалар, әскери бөлімшелер, оқушылар да тартылатын. Элеваторда жүріп тұрған лентаға төгіп жатқан бидайды лақтырып тұрсаң болды. Насихаттың күштілігі соншалықты болды, науқан кезінде өз үлесін қосуды көпшілік мақтан көретін. Ол да дұрыс болды ма деймін. Сондай, жүкті жұмыла көтере жеңілдетіп, елді азық-түлікпен қамтамасыз етіп тұрды деп ойлаймын. Үшінші суреттегі (азаматтар сол кездегі мектептің игі жақсылары. Байқайсыздарма, ер азаматтар мектепте көп болатын. Солдан оңға қарай Нұрбалин Мерхат Ғафурұлы, кейінгі үшеуін білмейді екенмін.
Ал, ұзын бойлы азамат Беков Нұркен Бекұлы. Ол кісінің сабағын ұнатпайтын оқушы кемде кем болған шығар. Ән-күй сабағына аспаптарын арқалап келіп, қалаған әнді, әуенді кез-келген аспапта ойнап беретін: домбыра, баян, гитара, тіпті балалайканы да шертетін. Мектептің дарынды оқушыларының басын қосып ұйымдастырған вокалдық-инструмендалдық ансамбльсіз мәдениет үйінің бірде бір шарасы өтпейтін. Кейінгі тұрған, Мұқатай Шериазданұлы да театрды басқарып, жасақтаған труппасымен аудандық, облыстық өнерпаздар байқауларында тамаша қойылымдарымен көпке танылған. Түсіп Жабайұлы (тарихтан сабақ беретін), менің әкем, Мұхамедғалы Тұрсынұлы (биология пәнінің мұғалімі), Тлеуқабыл Ырысбекұлы, Амантай Сләмиәұлы….
Тлеуқабыл Ырысбекұлы алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ берген. Қыс демейді, жаз демейді, бізді кәдімгі құдды бір салтанатты шеруге дайындағандай 45 минут алаңда жаттықтыратын. Сапқа тұрғызып, аяғыңда пима ма, етік пе қарамайды, «сапта адым басқанда, табаныңынң ұрғаны құлақта жаңғырып тұру керек»-деп айтушы еді, марқұм. Әр сурет әр жылы түсірілген. Байқасаңыздар, ұжым жылдан жылға көбейген. 4-5-суреттер соның дәлелі. Яғни, мектеп те «өсіп», бала саны да артып отырған. Иә, Жанатлек орта мектебінің жанында интернаты да болған.
Төртінші сурет өткен ғасырдың жетпісінші жылдардың ортасы болу керек, ал бесінші сурет 1981-жылы түсірілген. Және, суреттегі бейнелердің көпшілігі осы мектептің кезіндегі түлектері. Зәру Аймажанқызы физиканың құпияларын ашса, Рымкеш Сағынқызы математиканың есептерін миымызға тоқитын. Кәктай Мағұлұлы, Төлеу Мәжитқызы, Мапруза Жүнісқызы, Әбікен Тілеуқабылұлы, Қайролла Тәшкенұлы (қара көзілдірікте), оның оң жағында отырған егде жастағы адам Аймажан-мұғалім, қатал да, дана да адам болған.
Сол бесінші суретте мұғалімдер ұжымы жастармен толыққан: 1-ші қатарда солдан оңға қарай екінші менің анам, Бәтиә Бәкішқызы, қазақ тілінен сабақ беретін. Ортасында жоғарыда айтқан Қайролла Тәшкенұлы мен әкем, кейін бірі директор, бірі завуч міндеттерін атқарды. Рымкеш Сағынқызы кәсіподақ жетекшісі, Альма Адольфовна тәрбие жұмысының меңгерушісі. 1-қабатта дауысын көтерсе, мектептің үш қабатына да жаңғырып тұрушы еді. Шіркін-ай, талай оқушыны әміріне түсіріп, дұрыс жолға қойған десем кем болмас. Бірінші қатардың соңында отырған Қатира Жаманқызы, 3-сыныпта бізге сабақ берді.
Қалай есімде қалғанын білмеймін, сыныптағы 10 қызбыз, қай шайтан азғырғанын, мектептің жанындағы мәдениет үйінде сағат 11-де болатын сеансқа сабақты тастап жүре бердік. Балалық қой. Сонда Альма апайымыздың ащы дауысы мен ауыр тиген сөздері әлі де көз алдымдағыдай. «Біреуің мұғалімнің қызы, біреуің балабақша меңгерушісінің қызы, біреуің…., телефонды айт, қазір шақыртамын, – деп әрқайсымызға ата-анамыздың атына кір келтіргенімізді басып-басып айтқанда, кабинетінде басымызды салбыратып біраз тұрғанымыз есімде.
Алғашқы қатарда оңнан солға қарай төртінші отырған Айна Бадыханқызы, химия мұғалімі, жоғары қатардағы солдан оңға қарай 6-шы – Бақыт мұғалім, математикадан сабақ береді. Екеуінің қимылы, шапшаңдыңы ма, әлде түрлері ұқсас болғасын ба, қалай десем де, қызықты әрі жылдам өтіп кететін сабақтарына сүйсініп қатысатынмын. Математика мен химияны ғылыми тұрғыда игеріп алдым деп айта алмаймын, бірақ орта буында берген осы мұғалімдердің білімі осы күнге дейін есімде қалған. Келесі қатардағы жайсаңдардың есімдерінен есте қалған, солдан оңға қарай тұрған Раушан Төкманқызы, әрі көршіміз болған, үй-үймен араласатынбыз.

Төртінші Нәткен Дабылбекқызы, Рымкеш Сағынқызы. Мерхат мұғалімнен кейінгі, әрі туысым, әрі ұстазым, ақылшым болған Жабай Жанабәлұлы, осы кісінің тәжірибесі мен ақылынан түйгенім мол. «Дана, ең алдымен мектептегі әр бала мен әр мұғалімнің атын ғана жатқа біліп қоймай, жағдайын да жадыңда ұста»-деген сөздері есімде. Бұл менің еңбек жолымдағы ең құнды ақыл, ең қымбат ғибрат болатын. Әрине, оны кейін түсіндім. Ол кезде көзім бақырайып «мәссаған, 600 оқушы мен 120 қызметкердің есімін қалай жаттаймын», – деп алаңданған болатынмын. Өзі де еңбекқор адам, жанындағыларға да дем беріп, жалындата жұмыс істете білген.
Баянауыл ортасындағы Ш.Айманов атындағы №1 орта мектеп-интернатын гимназия деңгейіне дейін көтеру үшін, осы кісінің басшылығымен еңбек ету кезеңі бұйырыпты. Ол да мектеп еді – өмір мектебі. Ирина Богданович, Ажар Қапарқызы, Хамила Әбікенқызы, Берік Бәкішұлы, Гүлсім Балықбайқызы, Рымтай Қапарқызы – бір суретте қаншама тағдыр, қаншама естелік. Әр қайсының есімін еске алғанда мектеп қабырғасында бастан кешкен біраз сәттер еске оралады екен. Әр сурет – жеке бір тарих, жеке тағдырлар. Күйбің тіршілікпен кейде жаныңдағы адамдардың да қал-жағдайын білуге уақыт таппай жатасың. Ал, аталған, аты аталмай қалған мына суреттегі адамдардың тарихы уақыт өте сан қилы жолдарға бөлініп, әрқайсы әр тарапқа тараған.

Көпшілігі бүгінгі күнге марқұм болды, жандары жәннатта болсын. Бұл адамдар, сонау Баянауыл ауданындағы төрт түліктің өрісі Далба таулары етегінде, «топырағы да майлы» деп кезінде аталарымыз айтатын Қарақабақ жазығында жайғасқан, 4-ші ауыл, Жанатлек селолық округі, қазіргі кезде Жаяу Мұса атындағы ауылдың ортасында орналсқан үш қабатты ең биік ғимарат, бүгінгі күні Ұлы Отан соғысының қаһарманы Бақыт Хайдаров атын алып жүрген орта мектептің қабырғасында еңбек еткен ұстаздар. Өздері де, одан түлеп ұшқан шәкірттері де, бергі жағы елінде қалса, біразы тарихы отандарын паналап кеткен.
Алтын ұя – аяулы мектебіміздің жылы естеліктері осы күндері, анда-санда ауласында «тай құлындай тебіскен, асық ойнап алысқан» демекші, баптап ұшырған түлектерінің басын біріктіріп тұрады. Бірақ, ескінің көзі болған ұстаздарымыздың қатары сиреп бара жатыр. Сондықтан, «қаламымды» қолға алып, есімдерін есте қалдырып, құрмет көрсетуді жөн көрдім …
Дана РАУ
Загрузка...