“Олимпиада жұлдызы – 2021”: Елдос Жақсылықтың жүлдесі

Олимпиада десе, бірден ойымызға әнұрандар асқақтаған спорттық олимпиадалар еске түсері анық. Алайда, бұдан өзге атағы мен даңқы, айбыны мен ауқымы аласалау болса да, маңызы одан кем емес ғылым бәсекесінің алғашқы әрі маңызды басқышы бұл – пән олимпиадасы. Елімізде көп жылдар бойы ғылым негіздерін құрайтын барлық пәндер бойынша мектепішілік, аудандық, облыстық және республикалық олимпиадалар өткізіліп келеді. Жалпы пәндік олимпиадалар мектеп оқушыларының  пәнге деген қызығушылығын тудырумен бірге, олардың білімін бағалаудың әділ жолы болып табылады.

Бұл – оқушы үшін де, сол оқушыны осынау аламан бәйгеге қосқан ұстаз үшін де,қала берді оқу ұжымы үшін де маңызды. Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңі өзінің жылдағы үрдісі бойынша оқушылардың білімін таразылады. Жыл бойы дайындық жұмыстарымен шұғылданып, еңбек пен  төзімділіктің, талап пен дарындылықтың арқасында республикалық олимпиаданың облыстық кезеңі бойынша мектебіміздің 11-сынып оқушысы Жақсылық Елдостың жүлделі бірінші орынды қанжығасына байлаған  жеңісі үлкен жетістік болды.

Биылғы ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі қарсаңында аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен «Кемел болашаққа сапалы біліммен» атты облыстық олимпиада жеңімпаздарын  марапаттау рәсімі өткізіліп, оқушымыз «Олимпиада жұлдызы – 2021» ерекшелік белгісін иеленді. Білімімен оза шауып, өңір намысын қорғап жүрген Елдостың бұл алғашқы жеңісі емес. Талай додада топ жарған талантты оқушымыз 2018-2019 оқу жылында республикалық пәндік олимпиаданың «Күміс медаль» және «Ең үздік ауыл оқушысы -2019» номинациясын иеленді.

Сонымен қатар 2019 жылы білімді жастарды назарынан тыс қалдырмайтын облыс әкімінің қабылдауында болып, «Сыр дарыны» төсбелгісімен марапаттталды. Бұл ұстаздың тынымсыз еңбегі мен оқушылардың білімге деген құштарлығының жемісі. Халқымыз бәйгеден келер тұлпарды биенің ішінде жүргенде танитын сыншылдығы басым болған ұлт. «Жаманнан жақсы шықпайды мақтағанмен, жабыдан тұлпар шықпайды баптағанмен» -дегендей ең алдымен, ғылымға икемі бар, ұяда көрсете алсаң, ұшқанда іле алатын, ойлы баланы таңдап алып, бағыты мен мақсатын айқындап, биік жетістікке жетер оқушыны танып, бағалап, баулу –ұстаздықтың ең биік мәртебесі. Оқушының шығармашылық қабілетін іскер де білікті мұғалім ғана шебер ұйымдастыра алады.

Мемлекеттің күшеюі мен гүлденуі дарындыларға, таланттыларға тәуелді екені белгілі. Ал дарындылар тәлім – тәрбиенің алдыңғы шегінде жүрген ұстаздардың шынайы бейнесі екендігі сөзсіз. Ал оқыту мен тәрбиелеу мақсатында жүргізілген жұмыстың тиімді көрсеткіші – оқушының белсенділік қабілеттері және пәнге деген қызығушылығын ояту мен терең де мазмұнды білім беру, ой-өрісін, шығармашылық ізденісін дамытып, қазіргі заман бәсекесіне төтеп бере алатындай білікті шәкірт тәрбиелеу.

Осы мақсатта аянбай еңбек етіп, Елдостай дарынды оқушыны аса қырағылықпен байқап, баптаған, оқушылардың ойы мен жүрегіне жол тауып, педагогикалық шеберліктің қыр-сырын меңгерген мектебіміздің география пәнінің мұғалімі Ниязов Серік Ұзақбайұлының еңбегі зор. Бергенінен берері көп, тәжірибелі ұстаз бүгінде мектеп мұғалімдерін жаппай шығармашылық тұрғыда шыңдауда. Дарынды оқушыларды олимпиада шыңына жетелеуден ұлағатты ұстаздар шаршамасын! Ерен еңбектеріңіз елене берсін!

Клара Сереевна ЕСКАЛИЕВА,
Темірбек Жүргенов атындағы №80
мектеп гимназиясының оқу ісі жөніндегі
орынбасары, Қызылорда облысндағы
Қармақшы ауданының Төретам кенті

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий