Ойын арқылы оқушының білімге қызығушылығын арттырамыз

Әрбір ұстаздың мақсаты – сабақ сапасын көтеру, түрлерін жетілдіру, сабаққа оқушының қызығушылығын арттыру. Сондай – ақ бүгінгі таңда елімізде оқыту мазмұны жаңартылып, сабақтарда озық технологияларды қолданудамыз. Сондай технологияның бір түрі – «Ойын арқылы оқыту» технологиясы. «Тәуелсіз еліміздің тірегі – білімді ұрпақ» десек, білімнің негізі бастауышта қаланатыны белгілі. Бастауыш сыныптағы әртүрлі пәндер оқушы білімін дамытып, танымдық қабілетін сомдауға үлкен үлес қосады.

Балаларды оқытуда және тәрбиелеуде ойынның ролі педагогикада бұрын да, қазір де қарастырылып келеді. Алдыңғы қатарлы педагогтардың бәрі де ойынды нағыз керекті және маңызды іс – әрекет деп түсінеді. Ойын балалар үшін оқу да, еңбек те болып табылады. Ойын – айналадағы дүниені тану тәсілі. Ойын балаларға өмірде кездескен қиыншылықтарды жеңудің жолын үйретіп қана қоймайды, ұйымдастырушылық қабілетін қалыптастырады. А. С. Макаренко: Ойын – балалар өмірінде өте маңызы зор нәрсе, үлкендердің қайраткерлігі, жұмысы, қызметі қандай маңызды болса, балалардың ойыны да сондай маңызды.

Ойында бала қандай болса, өскен кезде жұмыста да, көбінесе, сондай болады. Сондықтан болашақ қайраткер, ең алдымен, тәрбиені ойын арқылы алады, – деп балалар ойынын жоғары бағалаған. Өз іс-тәжірибемде өтетін сабақтарым көрнекіліксіз, ойынсыз өткен емес. Қай сабақ, қай тақырыпқа болмасын тиімді көрнекілік, ойынды ойластырып, алдын ала дайындалуға тырысамын. Ойынмен өткен сабақ қызықты өтіп тақырыпты жеңіл игеріп, оңай еске сақтайды, оқуға деген қызығушылығы, ынтасы арта түседі. Қазіргі кездегі қолданылып жүрген жаңа технологиялармен бірге  «Ойын арқылы оқыту» технологиясында қолдануды дұрыс көремін.

Бірінші сынып оқушыларын оқуға тек ойынмен ғана қызықтыруға болады. Ойын ойды қозғайды. «Баланың ойынын тыйғаның – ойлауын тыйғаның» деген қағида бекер айтылмаған. Қазақ халқының ұлы ақыны А. Құнанбаев: «Ойын ойнап ән салмай, өсер бала бола ма?»-деп айтқандай, бала өмірінде ойын ерекше орын алады. Ойын арқылы оқушының білім алуға, оқуға қызығушылығы артады. Ойын – адамның өмір танымының алғашқы қадамы. Сондықтан ойын арқылы балалар өмірден көптеген мәліметтер алып, білімін жетілдіреді. Ойын бір қарағанда қарапайым құбылыс не іс әрекет іспетті.

Ойынның да өзіне тән мотивтері болады. Мысалы мазмұндық, рөлдік ойындар баланың зейінін, есін, ойлауын, қиялын қалыптастыруда зор маңыз атқарады. Ойын әсері арқылы бала өз қасиетін қалай қанағаттандыра алатынын, қандай қабілеті бар екенін байқап көреді. Ал, ақыл-ой ойындарында белгілі бір ережелерді сақтап ойнайды. Ол ойындар баланың тапқырлығын, байқағыштығын, зейінділігін арттыруы мен қатар, ерік сезім түрлерін де дамытады. Қызығу – танымдық іс-әрекеттің қозғаушы күші.

Оқушының қызығу жәрдемімен оқып-үйрену барысында қабілеті ашылып, дарыны ұшталады, өз күшіне мүмкіндігіне сенімі артады, кісілігі қалыптасып дара тұлғалық сипаттарға ие бола бастайды. Осындай ойындарға белсенді қатынасып, қазір жетістіктерімен танылып жүрген шәкірттерім Калмаханов Санжар, Булекпаев Мадияр, Надирбекова Амина Шынтемір Нұрасыл, Оралбеков Бекжан тағы да басқалар. Бастауыш сынып оқушыларының оқу үрдісінде ойын түрлерін пайдалану біріншіден оқушылардың білімін берік меңгерту құралы болса, екіншіден балалардың сабаққа деген қызығушылығын белсенділігін арттырып сапасын көтеру болып табылады.

Өзімнің оқытып отырған 2 в сыныбымда 2020 жылы алпыс алты, 2021 жылы жетпіс екі пайыздық оқу сапасын көрсетті. Нәтижесінде: тіл байлығы артады. Ойлау қабілеті дамиды. Білім алады. Нашар оқушылардың сабаққа ынтасы артады. Психикасына сапалы өзгерістер әкеледі. Мінез құлқы қалыптасады. Таным қабілеті артады. Ойынды ұйымдастыру мұғалімнің кәсіби шеберлігі мен шығармашылық ізденісіне тікелей байланысты деп айтқым келеді.

Назерке Ериккызы ОМИРБЕКОВА,
Темірбек Жүргенов атындағы № 80 мектеп
гимназия бастауыш сынып мұғалімі,
Қызылорда облысының Қармақшы
ауданындағы Төретам кенті

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий