Зияткерлік мектеп ұстазы әдістемелік жинағы үшін авторлық куәлік алды

Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің химия пәні мұғалімі Айбар Мұрзабеков пен Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің химия пәні мұғалімі Гүлайым Гайсина 2019 жылы жарық көрген әдістемелік жинағы үшін авторлық куәлікке ие болды, – деп хабарлайды осы білім ордасының баспасөз қызметі.

Мұғалімдер «7-9 сынып оқушыларына арналған сыныптан тыс шараларды ұйымдастыру» атты педагогтарға арналған әдістемелік жинақты жасақтап шығарған. – Әдістемелік жинақ кез келген ұстаз үшін маңызды оқу құралдарының бірі екендігі белгілі. Зияткерлік мектептер желісінде тәжірибені трансляциялау, сабақты зерттеу, сабақ үстіндегі оқушылардың іс-әрекеттерін зерттеу дағдылары бізді әдістемелік жинақ жасауға итермеледі. Бұл жинақта сабақтан тыс уақытта балаларды химия пәніне қызықтырып, олармен уақытты тиімді әрі пайдалы өткізуге арналған әдістемелер, ойындар, есептер, тапсырмалар бар, – дейді Айбар Бейбітұлы.

Жас ұстаз Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің басты құндылықтарының бірі –академиялық адалдықты берік ұстанады және сол мақсатта еңбегіне авторлық құқықты қорғауға мүмкіндік беретін куәлік маңызды болғандығын айтады. Енді әдістемелік жинақ материалын қолданған кез келген тұтынушы жинаққа сілтеме беруі міндетті.

Әдістемелік бірлестік жетекшісі зерттеу жұмысын әлі де жалғастырып, өзге де ұстаздарға қажетті жинақтар, оқулықтар жасақтауды жоспарлап жүрген көрінеді.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий