Білікті тәрбиеші – заман талабы
Бала – біздің болашағымыз. Балабақшаға былдырлап келген сәбидің ойын дамытып, өсе келе білімге бейімдеу – балабақша тәрбиешісінің басты міндеті. Қазіргі тәрбиеші – мейірімді, білімді, жаңашыл, ізденімпаз, шығармашыл болуы керек. Бұл осы таңда бала тәрбиесіне жауапты жандарға қойылып отырған басты талап. «Егер сен болашақтағы өзгерісті байқағың келсе, сол өзгерісті уақытында жаса», – деген қағиданы негізге алып, баланың ой-өрісін дамытып, сауаттылыққа, білімге бағыттауға, яғни, «бұлақтың көзін аша білуі» тиіс.
Бала бойындағы аталмыш қасиеттерді ояту үшін, тәрбиешінің өзі тынбай еңбектеніп, білім алып, ізденіп, жаңалыққа ұмтылуы тиіс. Сол үшін де осы салада жүрген тәрбиешілер бүгінде түрлі курстарда оқып, үздіксіз білім алуда. Осы орайда, біз, Ақтау қаласындағы «Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы Маңғыстау облысы бойынша ПҚ БАИ-да «Мектепке дейінгі білім беру мазмұнынжаңарту жағдайындағы әдістемелік жұмыстың ұйымдастырушылық педагогикалық аспектілері» тақырыбында онлайн жүйесінде біліктілігін арттыру курсынан өттік.
Осы курста мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту саласындағы нормативтік құжаттар, технологогиялық негізде әдістемелік жұмыстардың ұйымдастыруды, педагогтер инновациялық технологиялар мен әдіс-тәсілдердің тиімді жолдарын тәжірибелік жұмыстарына қолдануды меңгеріп, практикалық жұмыстарды бірлесе талқылап, бір-бірімен жаңаша идеяларды бөлісе отырып, терең білім алды.
Курстың мақсаты – мектепке дейінгі ұйым әдіскерлерінің, тәрбиешілерінің мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды жаңарту жағдайында әдістемелік жұмыстардың ұйымдастырушылық-педагогикалық аспектілеріне сай кәсіби құзыреттілігін дамыту. Курстан білім алу барысында, алға қойған мақсатқа қол жеткізе білдік. Тиісті білімді меңгеріп, оны тәжірибеде жетік меңгерген түрде қолдана алатын болдық. Осы орайда, жаңартылған бағдарлама аясында әдістемелік жұмыстарды ұйымдастыра білуді, инновациялық техноголиялар мен әдіс-тәсілдердің тиімді жолдарын тәжірибелік жұмыстарында қолдануды терең меңгерткен тренеріміз Сахарбаева Марал Әділкерейқызына айтар алғысымыз шексіз.
Қазір кез келген сала қызметкері тек қана өз біліміне ғана сенетін заман туды. Сол секілді білім саласындағы педагогтар да білімді, жаңашыл, ізденімпаз, шығармашыл бола отырып, табысқа қол жеткізе алады. Демек, мектепке дейінгі сәбилерді тәрбиелеп, білім бере отырып, «ұлт болашағын» қалыптастырамыз. Сондықтан да, бала бойындағы қабілетті дамытып, жарқын болашаққа бастап, жаңа заманның айнасы бола білейік!
Майра Нурбергенқызы АБУБАКИРОВА,
№57 «Ақбота» бөбекжайының жоғары санатты
тәрбиешісі, Маңғыстау облысының Ақтау қаласы