Ұстаз мерейі

М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің 3-курс студенті болып, оқып жүрген кезім. Тәуелсіздік күні қарсаңында университетімізде салтанатты жиын болды. Сол іс-шарада Сейдехан ағай мінберге шығып, көпшілік алдында баяндама жасады. Тарих мамандығында білім алудағы біздер егемен еліміздің өткеніне шолу жасалып, жарқын келешегіне үміт артқан мазмұнды баяндауды дәріс ретінде зейін қойып тыңдағанымыз есімде.

Келесі 2001 жылы мен өз оқу орныма, «Қазақстан тарихы» кафедрасының магистранты болып қабылдандым. Кафедра меңгерушісі Әлібек Сейдехан Нұрмаханұлы ғылыми жетекшім болып бекітілді. Сол кезден бастап бүгінге дейін Ұстазымның білім мен ғылым жолына бағыт беріп, әрқашан өз ақыл-кеңесімен демеу жасап келе жатқанына биыл тура жиырма жыл екен. Тарих магистрі дәрежесіне ие болып, қызмет жолымды бастағанда да факультет деканы Сейдехан Нұрмаханұлы жас маман болсам да сенім артып, орынбасары етіп тағайындады.

Сол уақыттағы ұйғарым көшірмесін алғашқы еңбектегі сатылық баспалдақ көрінісі ретінде жеке архивімде сақтап қойғанмын. Жұмыста тәжірибе жинақтап, ысылуыма, ұшталуыма ықпал етті. Мінекей, содан бері кәсібім – нәсібім болған жоғары оқу орнындағы еңбек жолым докторантура атты белеске ұластырған бастау даңғылы болғаны анық. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын!», «Жақсыда жаттық жоқ» деген тамаша сөздер бар ғой. Өмірдегі кейбір күрделі кездері де қасымнан табылғанын ұмытпаймын. Ғұмыр жолымда Сейдехан ағадай ұлағатты Ұстаз, білікті басшы, ғибартты ғалым адамның кездескеніне қуанамын.

Тарих ғылымдарының докторы, профессор, үлкен отбасындағы ұл-қыздарына ардақты әке, немерелеріне тілекші ата болып отырған Әлібек Сейдехан Нұрмаханұлын асқаралы 60 жас мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Денсаулығыңыз мықты болсын! Қуанышты күндеріңіз думанды жылдарға жалғасып, жеңгей екеуіңіз ұзақ та бақытты сәттерге жете беріңіздер деген ізгі тілегімді білдіргім келеді.       

Алғабек ҚАБЫЛ
ОҚМПУ “Қазақстан тарихы және қоғамдық
пәндер” кафедрасының докторанты

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий