Қорқыт университеті: Сыр өңірінің тарихи мәдени мұраларды сақтау, зерттеу және насихаттаудағы жетістіктері мен келешегі

Еліміз тәуелсіздік алған жылдары, өкінішке орай, республикамыз бойынша археологиялық ізденістер тоқырауға ұшырап, ал Сыр өңірінде мүлдем тоқтады. Сол жылдарды Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты  директорының орынбасары, т.ғ.к., археолог-ғалым Жолдасбек Құрманқұлов былай еске алады: “Сыр өңіріндегі жүздеген тарихи құндылығы зор ескерткіштерді одан әрі зерттеуге мұрындық болған 1998 жылы Қызылордадағы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде жасақталған барлау экспедициясының жұмыстары болды. Университет ректоры Қ.А. Бисенов ұйымдастырған бұл экспедицияға белгілі фольклорист ғалым, профессор А.Алматов және бірқатар университет ғалымдары қатысты. Экспедиция мыңдаған шақырым жол жүріп, жүздеген ескерткіштерді көріп, зерттеп, ұзақ жылдарға арналған ғылыми-зерттеу жұмыстарының жоспарын жасады”.

Нәтижесінде «Сырдария қалаларының көне мәдениеті және Қорқыт мұраларына байланысты 1999-2010 жылдар аралығында жүргізілетін зерттеу жұмыстарының бағдарламасы» айқындалып, ғылыми ізденістер жаңа мазмұн алды. Содан бері Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті білім беру, ғылым мен мәдениеттің ордасы ретінде Сыр өңіріндегі археологиялық ізденістерді жүргізудің тұрақты бағыты болып қалыптасты. Алғашқы зерттеу кезеңдерінде Сыр өңірінің тарихын зерттеуге, жазуға өзіндік үлес қосқан университет профессорлары М.Қ.Кереев, А.Х.Айдосов және Ә.Жақыпұлы сынды өмірден өткен ғалым ағаларымыздың еңбегін ерекше атап өткен жөн.

2001 жылы Арал теңізінің кептен табанынан табылған Кердері мавзолейі, Арал-асар елді мекендерін зерттеу үшін археолог Т.Мамиевтің жетекшілігімен университет ғалымдарынан жасақталған Арал археологиялық экспедициясының жұмыстары да кешенді зерттеулердің бастамасы болды. Көп жылғы қажырлы зерттеу жұмыстарынан жинақтаған деректер бойынша 2005 жылы Т.Мамиев Сырдың төменгі ағысы бойында орналасқан ортағасырлық қалалары жайлы кандидаттық диссертациясын қорғап, бірнеше еңбектері жарық көрді. 

Сонымен қатар, университет тарихшы, археолог және этнограф ғалымдардың ой-пікірлерін айтатын, тәжірибе алмасып және археология ғылымдарының жетістіктері мен даму жолдарын айқындайтын орталығына айналды. Атап айтқанда, 2001 жылы университет қабырғасында Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 10 жылдығына арналған «Тәуелсіз Қазақстанның археология ғылымдарының жетістіктері мен келешегі» тақырыбы бойынша халықаралық «Марғұлан оқулары» өтті.

Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласы Алаштың Анасы атанған Сыр өңірінің тарихи және мәдени мұрасын зерттеуде тың ғылыми бағыттарды ұстану қажеттігін тудырып отыр. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында Сырдарының төменгі ағысында орналасқан Шірік-рабат, Жанкент, Сығанақ, Арал-асар сияқты ірі ескерткіштердегі басталған археологиялық ізденіс жұмыстары бүгінде жаңа қарқынға ие болды. Ең бастысы университет осы кешенді зерттеулерді жүргізетін, салалық әдістерді меңгерген жас ғалымдардың жаңа буынын қалыптастырды.

Сырдарияның төменгі ағысы бойында орналасқан ескерткіштерді әрі қарай зерттеу, археологиялық ізденістердің нәтижелерін ғылыми айналымға енгізу мақсатында университет жанынан 2011 жылы 1-қазанында «Археология және этнография ғылыми-зерттеу орталығы» құрылды. 2005-2010 жылдар аралығын университет жолдамасымен археология және этнография бағыты бойынша РҒА Н.Н.Миклухо-Маклай этнология және антропология институтының аспирантурасында оқыды. Бүгінде Жанкент қалашығының архитектурасы мен керамика кешені тақырыбында орталықтың ғылыми қызметкерлері Г.Т.Амиргалина мен Ж.Қ.Сұлтанжанов  Германияның Тюбинген университетінің докторантурасында оқып жатыр.

Оған 2018-2021 жж. аралығында Германияның (DFG) неміс гуманитарлық зерттеулер қоры есебінен 27 млн. теңге қаржы жоспарланған. «Ұлы Жібек жолы» бойындағы қалаларды жан-жақты зерттеу мақсатында орталықтың ғылыми қызметкері Б.Қ.Шораев Түркияның Измир университетінің доктарантурасында білімін шыңдауда. Сонымен қатар, Арал маңының тас ғасыры мен қола дәуірінің геоархеологиялық мәдени-типологиясы және Сырдарияның төменгі ағысындағы ортағасырлық қалалардың қорғаныс жүйесі тақырыптары бойынша университет жолдамасымен орталық қызметкерлері С.Ө.Біләлов пен И.С.Құрманиязов Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің докторантурасында білім алуда.

Университеттің «Археология және этнография» ғылыми орталығы Қорқыт ата заманындағы оғыздардың Сортөбе, Шіркейлі Қос-асар, Арал маңы сақтарының діни-рухани орталығы ежелгі Шірік-рабат және оғыздардың ордасы болған ортағасырлық Жанкент қалашықтарында кешенді археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Осы ескерткіштердің ішінде ортағасырлық Жанкент қалашығындағы зерттеулер үлкен маңызға ие. Себебі, өлкемізде алғаш рет Жанкентте  университет ғалымдары отандық және РФ РҒА Н.Н.Миклухо-Маклай этнология және антропология институты, География институты, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу университеті, Германияның Тюбинген университеті мамандарымен бірлесе отыра археологиялық қазба әдістерімен қатар, жаратылыстану ғылымының әдістерін кеңінен қолдануда.

Жанкент пен Қорқыт бабаны ортақ тарих байланыстырады. Жанкентті туризм нысанына айналдыру мақсатында музейлендіру және ғылыми консервация жұмыстары қатар жүргізілуде. Бұл бағыттағы зерттеу жұмыстары Қызылорда облысының медениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен Қызылорда облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау мекемесінің қолдауымен іске асуда. Аймақтағы осындай іргелі зерттеулердің нәтижесінде Арал маңының ежелгі және ортағасырлық қалалардың пайда болу, қалыптасу және даму кезеңдері бойынша тың деректер алынуда. Сыр өңірі физикалық-географиялық ерекшеліктері бұл өңірде басқа халықтар мен экономикалық, саяси және мәдени байланыстарының тығыз дамуына мүмкіндік берген.

Арал маңының тарихы бес мыңжылдықты қамтиды. Сыр өңірінде мекен еткен сақ, қаңлы, оғыз және қыпшақ тайпалары Қазақстан халқының этногезінде ғана емес, Евразияның қазіргі халықтарының қалыптасуында маңызды роль атқарған. Арал өңірінің этникалық тарихының маңыздылығына ғалымдар «Аралдық этногез түйіні» деген анықтама беруі тегін емес. “Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаланың бұл теңдесі жоқ «Мәдени мұра» бағдарламасының жемісі деп айтуға болады. Ол отандық тарихтың «жеті тарауын» айқындап беріп, жаңа ғылыми ашуларға мүмкіндік жасауда. Сыр өңірі құм басқан өркениеттер іздерін сақтап отырған аймақ ретінде болашақта бірнеше іргелі ғылыми зерттеулерді жүргізуді негіздейді.

«Қасиетті Қазақстан» жобасында Елбасы киелі орындар ішкі туризмге де жұмыс жасау керектігін атап өтті. Қызылорда облысының қасиетті орындары орналасуына, маңыздылығына қарай бірнеше тақырыпта туристік маршруттарға біріктіріліп, аймағымыздың туристік нысандарына айналдыру бағытында жұмыстар жүргізу қажет. Ол үшін университет жүргізіп отырған археологиялық нысандарда археологиялық парктерді қалыптастыру және ғылыми негізін жасау, туризм, археология және этнография салалары бойынша мамандар дайындау ісімен айналысатын болады.

Университет Ресей музейлері мен архивтерінде сақтаулы тұрған Сыр өңірінен табылған жәдігерлер мен деректер бойынша жұмыстарды «Ұлы Даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласындағы «Архив-2025» жобасы бойынша жалғастыруды жоспарлауда.

Әзілхан Әуезханұлы ТӘЖЕКЕЕВ,
Археология және этнография” ғылыми
зерттеу 
орталығының жетекшісі, PhD

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий