Парызымыз адал ұрпақ тәрбиелеу
Қай заманда болмасын бала тәрбиесі кезек күттірмейтін мәселе. Баланың тәрбиесі отбасында және мектеп қабырғасында қалыптасады. Сондықтан мектеп пен ата-ана ынтамақтастығы үлкен рөлге ие. Ұстаз бен ата-ана бірлесе отырып, баланың жан-жақты тұлға болып қалыптасуына зор ықпал жасай білсе, келешектің кемел болары сөзсіз. Бала тәрбиесінің бастауы – адалдық.
«Дүниеде әділдік пен адалдықты ту еткен адамнан артық ешкім жоқ» деп Шоқан Уәлиханов айтқандай, адал адам таза қоғамға айналады. Сондықтан мектеп қабырғасында әрбір оқушының бойына адалдық дәмін себу біздің борышымыз. Осы орайда оқушылар бойында әділдік, адалдық қасиеттерін қалыптастыру мақсатында жаңа жобалар жүргізілуде. Осындай жобалардың бірі – ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасымен, ҚР Білім және ғылым министрлігінің, жергілікті әкімдіктердің қолдауымен мектеп оқушылары арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубтары қарқынды түрде өз жұмыстарын бастап кетті.
Клубқа мүшелікке енген оқушылар достарының арасында, ұстаздың алдында, қоғамдық ортада, отбасында әрдайым адалдықтың туын биік ұстайды. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында түрлі тренингтер, түсіндірме-ақпараттық қағаздарды таратады. Өзгенің ақысын жемеуге, әрдайым адал болуға үгіттейді. “Адалдық” сөзінің мағынасы шыншылдық, айнымастық екендігін достарына түсіндіреді. «Адалдық кітапханасы», «Адал дүкен» адалдық алаңдары жұмыс жасайды. Оқушылар өздері мектеп дәліздерінде тұрған кітаптарды оқып болған соң өз орнына қоюды әдетке айналдырады және сатушысыз дүкендегі заттарды алып, көрсетілген ақшасын орнына қойып отырады.
Міне, мұның өзі баланы адалдыққа, ұрлыққа жол бермеуге шақырады. «Адал ұрпақ» клубы жұмысының нәтижесінде оқушының санасына тазалық, жауапкершілік, патриотизм, Отанға деген сүйіспеншілік сияқты құнды қасиеттер дарып, үлкен өмірге қадам басқанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитет қалыптасып, саналы өмір сүруге мүмкіндігі жеткілікті болады. оқушыларымызды мектеп қабырғасынан осындай ізгі қасиеттерге баулитын болсақ, жемқорлық көріністеріне мүлдем төзбеушіліктің қағидаты қалыптасатын болады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру – күн тәртібіндегі басты мәселе. Білім беру жүйесінде сыбайлас жемқорлықты жою, білім беру жүйесі арқылы сыбайлас жемқорлықтан бас тарту ортасын қалыптастыру. Ең бастысы төрт негізгі құндылық: адалдық, парасаттылық, әділдік, сенім. Осы құндылықтарды әрбір өскелең ұрпақтың бойына сіңіретін болса, таза қоғам қалыптасу арқылы Мәңгілік елге айналарымыз сөзсіз.
Бақытгүл Қойшыбекқызы НУРТАЗИНА,
Толқын Батырбайқызы БЕЙСЕКОВА,
№66 мектеп-лицей директорының тәрбие
ісі жөніндегі орынбасарлары, Нұр-Сұлтан қаласы