Мерейлі мектептің мәртебесі
Елімізде халық игілігі мен жарқын болашақ үшін сансыз игі істер атқарылып, оң нәтижесін беріп отыр. Биыл тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында ауданымызда білім саласында да көптеген оң өзгерістер болып, мектептер салынып, күрделі жөндеуден өткізіліп, ел игілігіне берілуде. «Елу жылда ел жаңа» демекші, біздің білім ордасы да заман талабына сай күрделі жөндеуден өткізіліп, биылғы оқу жылында пайдалануға берілді. Заманауи құрылғылармен жабдықталған, есік пен терезелеріне дейін жаңартылған білім ошағы бүгінде сәулетімен алыстан көз тартады.

Оқу кабинеттеріне соңғы үлгідегі жиһаздар мен интербелсенді тақталар, ноутбуктер қойылып, вирустан сақтану шаралары да басты назарға алынған. Осы қасиетті шаңырақта балалар терең білім нәрімен сусындап, өздеріне жасалған қамқорлық пен жүрек жылуын сезініп, жарқын болашаққа нық сеніммен қадам басуда. Ұжым атынан мектептің күрделі жөндеуден өтуіне ықпал еткен облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа, аудан әкімі қызметін атқара жүріп, білім саласына да көп көңіл бөлген іскер, жанашыр азамат Өмірбек Мейірхан Азатұлына шексіз алғысымды білдіремін. Жарты ғсыр бұрын 640 оқушыға арналған киелі білім ордасының құрылысы аяқталып, 1971 жылы пайдалануға берілген.
Алғашқы мектеп директоры болып А. Иванникова тағайындалады. Тынымсыз ұстаз мектептегі оқу мен тәрбие ісін басты назарға алып, 1973 жылға дейін абыроймен қызмет етеді. Кеңес Одағы кезеңінде ауданымызға танымал болған тұлға В.Т.Лавриненко алғашында осы мектептің құрылысымен айналысып, кейіннен 1973-1975 жылдары мектеп директоры қызметін атқарып, білім саласына айтарлықтай өз үлесін қосты. 1975 – 1982 жылдар аралығында Еренсіз Абашұлы Абашев мектепке басшылық жасаған кезінде білікті кадрларды қалыптастырып, қажыры мен қайратын бала оқыту мен тәрбиелеу ісіне арнады.

Мектепті 1982-1984 жылдары Тұрсыналы Досекеұлы Олжабаев басқарып, білім сапасы мен тәрбие үрдісін оң жолға қоя білді. Мектеп алаңына талдар отырғызылып, спорт кешені жасалынды, акт залына жөндеу жұмыстары жүргізілді. 1984-1994 жылдары білім ошағына Көлбай Абдыхалықұлы Абдыхалықов басшылық етті. Осы жылдары №2 түрік тілі, №17 лингофонды кабинеті және кітапхана кешені жасалынып, мектеп сырты мәрмар таспен қапталды. 1994 – 2010 жылдар аралығында химия пәнінің мұғалімі Базаркүл Әлмейізова мектеп директоры қызметін атқарды.
Сол кезеңде көптеген кабинеттер жасалынды, №12 құқық негіздері, компьютерлік кабинеттер ашылды. 1998 жылы оқушыларға арнайы киім шешетін бөлме жасалып, мектептің барлық шатыры жаңартылды. 2001-2002 жылдары мектептің жылыту қазандық жүйесі салынып, ауыз су құбырлары толық жөнделді. Мультимедиялық кабинеттер алғаш рет ашылды. Базаркүл Темірбайқызы жеке тұлғаның қалыптасуына бағытталған мектептің тәрбие жұмысына да үлкен көңіл бөлді. Қазіргі таңда аудандық білім бөлімінің әдіскері Бексұлтанова Мадина 2010-2011 жылдары білім ошағын басқарды. Мадина Болатқызының басшылығымен жылыту жағдайына арналған бастырма жасалынды.

2011 жылдан қазіргі кезге дейін де мектепте көптеген оң өзгерістер болды. Жылыту жүйесі сұйық отын газға қосылды. Оқу ісі орынбасарлары кабинеттері, мұғалімдер бөлмесі және пән кабинеттері қайтадан талапқа сай жаңартылып, кеңейтілді. Мұғалімдерге арналған демалыс бөлмесі жасалып, мектеп асханасына қажетті жаңа аспаз құралдары алынды. Мектептің айналасына көгеріштендіру жұмыстары жүргізілді. Акт залы сахнасы әрленіп, жаңа орындықтар қойылды. Кейбір кабинеттерге, акт және спорт залдарына қосымша жылыту жүйелері жасалынды.
Ауданымыздағы озық мектептердің бірі саналатын қасиетті шаңырақта өз өмірін білім саласына арнаған, мамандығын жан – тәнімен сүйетін, еңбекқор, асыл ұстаздар шәкірттеріне сапалы білім мен саналы тәрбие беруден еш жалықпады. Өзгеге үйретуден шаршамайтын, жаңашыл, талапшыл, тәжірибелі ұстаздар аудан, облыс, республика көлеміне ерен еңбегімен, дарынды шәкірттерімен де танылып жатты.

Талай жыл мектеп директоры болып қызмет атқарған, білім саласына аса зор еңбек сіңірген, облыс көлеміне танымал білікті, іскер ұстаз, қазіргі таңда зейнеткер Б.Әлмейізова, математика пәнінің мұғалімі М.Батиева, география пәнінің мұғалімі, бүгінде директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Т. Жақсымбетов, физика пәнінің мұғалімі Г. Калиниченко, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, физика пәнінің мұғалімі Г. Дәулетова, тарих пәнінің мұғалімі Л. Киер, география пәнінің мұғалімі Г. Найзабекова тәуелсіз еліміздің рухани және әлеуметтік дамуы жолында білім беру жүйесін ілгерілету арқылы сапаны арттыруға қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігінің Құрмет Грамотасымен марапатталған.
Аға буын өкілдерінің ізгілікті ісін сабақтастыра жалғаған көптеген майталман мамандарымыз қазіргі таңда да тынымсыз еңбек етіп, бар қажыр – қайратын жұмсап жүр. Білімі мен күш – қуатын бала оқыту мен тәрбиелеу ісіне арнап, ел алғысына бөленуде. Бүгінде мектепте білікті жас мамандар да ұстаздық етіп, білім саласына айтарлықтай өз үлестерін қосуда. Олардың кейбірі тәуелсіздік құрдастары екенін мақтанышпен айтып, өздеріне зор міндет жүктелгенін жауапкершілікпен сезінеді. Ұйымшыл ұстаздар ұжымы білім ошағының биылғы елу жылдық торқалы тойын зәулім, келбеті әсем, жайлы мектепте аса қуанышты жағдайда қарсы алып отыр.

Әріптестердің қиын әрі жауапты, абыройлы еңбегіне табыс, береке, жетістіктер мен сәттілік тілеймін. Қасиетті қара шаңырақтан жыл сайын қаншама бала білім алып, арманы алға сүйреп, өмірге қанат қағуда. Мақсаттары айқын тәуелсіз ел ұрпақтары биік асуларды бағындырып, дарыны мен білімінің арқасында ел даңқын асырып, қазақ халқын әлемге таныта берсін. Халқымыз індеттен аман шығып, тәуелсіздігіміз баянды, заманымыз тыныш, келешегіміз кемел, болашағымыз жарқын, білім беру саласындағы қажырлы еңбегіміз әркез жемісті болсын. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерекесі құтты болсын!
Ниетқали Әбдімомынұлы КОНКАБАЕВ,
№44 жалпы орта білім беретін мектеп директоры
Жамбыл облысының Меркі ауданы