Ы.Алтынсарин – 180: Қазақтың дала жұлдызы

Қазақ даласында білімнің шырағын жағып, ұлт ұстазы атанған Ыбырай Алтынсариннің туғанына биыл 180 жыл. Аса көрнекті ағартушы-педагог, жазушы, этнограф, фольклоршы. Ыбырай Алтынсарин барлық сан қырлы қоғамдық қайраткерлік және шығармашылық іс-әрекетімен қазақ халқының әлемдік өркениетті мәдениетпен танысуға, халықтар арасындағы достықты нығайтуға шақырды.

Тікелей өзінің араласуымен халықтан жинаған қаржыға мектеп үйін  және интернат салып, 1864 жылы мектептің жаңа ғимаратын салтанатты түрде ашты. Осындай ұлт ағартушысымыздың мерейтойына орай мектепте көптеген шаралар өтуде. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері бірінші ұстаздың өнегелі істерін ұрпаққа үлгі ету мақсатында апталық өткізді. «Қазақтың дала жұлдызы» атты жоғары сыныптарға арналған сыныптан тыс шарада оқушылар ұлы ұстаздың өмірлік ұстанымдарымен танысып, шығармаларына шолу жасады. Алтынсарин екі түрлі ірі мәселені алдына мақсат етіп қойды: біріншісі – мектепашу, бала оқыту – жалпы халық ағарту жұмысы, екіншісі халықтың ой – санасын жаңалыққа қарай бейімдеу жолындағы тәрбиелік істері.

Өзінің алғашқы шығармашылық қадамынан мектептің рөлін бірінші орынға қойып, өмірдегі сарқылмайтын мол байлық – білім екендігін, білімге адамның қолы жету үшін ерінбей оқу, қажымай еңбек ету керектігін айтты. Есті бала мен ессіз баланы қарама –қарсы қойып, жастарға кімнен үлгі алып, кімнен безу керектігін көрсетті. Оқу, білімнің пайдасы қандай, ол неге керек деген мәселеге тоқталып, оның өмір үшін, болашақ үшін қажет екенін талдап көрсетті. Жастарды өнер-білім, техниканы игеруге бағытталған үндеуі «Өнер-білім бар жұрттар» деген өлеңінде өз жалғасын тапқан.

Ол өнер-білімі жетілген елдердің артықшылығы қандай, олар сол өнерімен нені игеріп отыр, ертеңгі өмірдің талап-тілектері не деген секілді күрделі мәселелерді жастар алдына көлденең тарту арқылы оларға ой тастап, өнер-білімді батыл игеруге шақырады. «Мәңгілік із қалдырған ұстаз» атты орта буын арасында өткізілген мектепішілік шарада ұлы ағартушының өмірбаянымен толық таныстырылып, шығармаларына, ағартушының еңбектеріне тоқталып, өзіндік ізін қалдырған, өскелең ұрпақтың еш есінен кетпестей ұстаздық жолын арнап өткендігі туралы айтылып таныстырылды.

Міне, осындай тәрбиелік мәні бар шарамыз арқылы оқушыларды әр ісін ойланып ақылмен жасауға, кішіге қамқор болуға, ата – анасын сыйлап құрмет тұтуға, еңбекқор болуға шақырамыз. Ыбырай Алтынсарин-ағартушы ақын, өмір шындығын озық идея тұрғысынан таныта білген тамаша қаламгер. Тәуелсіз еліміздің өркениеттілікке жету жолында Ыбырай Алтынсариннің де үлесі бар екенін біліп, айта жүретін жаңа буын жастар бар деп сенім артамыз. “Туған елге пайдалы іске қолдан келгенінше үлес қосу — әрқайсымыздың міндетіміз”, — деп кеткен ұстаздың сөзі де, ісі де әрқайсымызды өмірге құлшындырып, жаңа ғасырлардан жалғасын таба берсе керек.

Рита ШАМЕТОВА,
№1 Бадамша орта мектебі
директорының оқу ісі жөніндегі
орынбасары, Ақтөбе облысы, Қарғалы ауданы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий