Ұлт көсемі, ұлы баба – Әлихан

Тірі болсам, қазаққа қызмет қоймай болмаймын…. Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан – адамзат баласының тарихында сирек кездесетін тұлға. «Сирек» дейтіндей, туған халқына кіршіксіз қызмет етуімен теңдесі жоқ тұлға болатын. Ол – қазақтың 20 – сыншы ғасыр басындағы мейлінше ілгерішіл ұлт зиялыларының лидері, қазақтың өлкетану ғылымының негізін қалаушы, қазақ халқының төл тарихы, әдебиеті, фольклоры, этнографиясы, өлкенің экономикасы мен халық шарушылығы бойынша жүздеген еңбектің авторы есебінде, ғұлама ғалым, дарынды публицист ретінде кең танылды және өмірінің соңына дейін ғалым болып қалды.

Жиырмасыншы ғасырдың басында отаршыл орыс империясының қоғамдық өмірінде орын алған әлеуметтік толқулар мен саяси төңкерістер қараңғы қазақ көгіне азаттықтың үміт сәулесін себелеп төге бастаған-ды. Осы тұста Міржақып: «Оян, қазақ!» деп ұрандатса, Ахмет, Әлихан, Халел, Мағжан Алаш туы астынан табылып, жаңа қазақ қоғамын құруға бел буып, білек түре кіріскені тарихтан белгілі. Осы Алаш туын бір ұйымға біріктірген Бөкейханов Әлихан Нұрмұхамедұлы еді.

Әлихан Бөкейханов басқарған қазақ зиялылары 1905 жылы кадеттер үлгісіндегі қазақтың ұлттық саяси партиясын құруға әрекет жасағанда оның жиырмасыншы ғасырдың басындағы республикамызды буржуазиялық қатынастарға бейімдеуге жетекшілік жасайтын ұлттық либералдық типтегі ұйым құруды ойластырды. Қайсар мінез, табанды қайраткерлік болмысымен, саяси күрескерлік рухының биіктігімен және жан-жақты білімділігімен, бүтін бір елдің тағдыры мен оның алдыңғы қатарлы зиялы қауымын қалыптастыру, азаттық үшін бірігіп күресу жолында көшбасшылық қасиетімен ерекшеленіп, дараланып тұрған ең көрнекті тұлға – Әлихан.

«Қазақстан – біз біргеміз!» этномәдени фестиваль барысында біздің республикалық орталықтағы білім кешені мұғалімдерінің бастамасымен Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында Алаштың ардақты ұлы Әлихан Бөкейхановтың 155 жылдық мерей тойына арналған «Ұлт көсемі, ұлы бабаң – Әлихан» атты әдеби-тарихи-сазды кеш ұйымдастырылды. Кеш барысында қазақтың қамын ойлап, өздерін құрбандыққа шалған бес арыстың рөлдері сомдалды. Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Алаш туы астында» өлеңі оқылды. Қазымбек Ұланның орындауында «Ақжелең» күйі мен «Мен қазақпын» әнін тамашалады.

Балалар бұл басқосу барысында жаңа қрларыннан көрініп, белсенділіктерін танытты. Кеш Алаш жолында мерт болған батырлар жырының әнімен аяқталды. Қанша уақыт өтсе де, бүгінгі жас ұрпақ Әлихан Бөкейхановты ешқашан ұмытпайды. Өйткені біздің санамызда Әлихан есімі өлген жоқ, Оның рухы тәуелсіз еліміздің ұрпақтарын желеп жебеп, оларды адалдыққа, имандылыққа және отансүйгіштікке тәрбиелей береді.


Ешкімнің Әлиханға бар ма сөзі,
Демейді қандай қазақ оны оң көзі.
Семей тұрсын, жеті облыс – бар қазақтан, 
Талассыз жеке-дара тұр ғой өзі, – деп Сұлтанмахмұт ақын Торайғыров айтқандай, Әлекең әрқашан да қазақ жүрегінде жеке дара тұлға болып қала бермек.

Гульнара Зейнулловна ДАУЛЕНОВА,
“Балдәурен” республикалық оқу сауықтыру
орталығының қазақ тілі мен әдебиет пәні
мұғалімі, Ақмола облысының Щучинск қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий