Асхат Аймағамбетов: Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау мақсатында он бір бағыт бойынша ұйымдастырылған жұмыс топтарында 57 ғалым жұмыс жүргізуде
Білім және ғылым министрлігі республикалық деңгейде ұйымдастырылған саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның жұмыс органы ретінде бекітілді. Біздің алдымызда тұрған ең басты мәселелердің бірі – бұл ғалымдарымызды осы жұмысқа тарту, – деді осы комиссияның кезекті отырысындағы сөйлеген сөзінде салалық ведомстваның жетекшісі Асхат Аймағамбетов.

Осы мақсатта Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академиктері, ғылыми-зерттеу ұйымдары мен еліміздің түкпір-түкпірінде орналасқан жоғары оқу орындарының қызметкерлері мен жетекші ғалымдары тартылып отыр. Негізі он бір бағыт бойынша жұмыс топтарын ұйымдастырдық. Осы жұмыс топтарында 57 ғалым жұмыс істеп жатыр. Олар ұзақ жылдар бойы қуғын-сүргін мәселесін ғылыми тұрғыдан зерттеуші, осы проблемалармен ұзақ жылдар бойы айналысып келе жатқан, проблеманы жақсы білетін ғалымдар.
Әрине, ғалымдарымызды бұл жұмысқа тартқаннан кейін олар үшін тиісті жағдай жасап жатырмыз. Университеттерде жұмыс істейтін ғалымдарымыз үшін оларды бөгде жұмыстан босатып, тек қана осы жұмыспен айналысатындай жағдай жасалып жатыр. Аймақтарда да осы мәселе бойынша жұмыс топтары, комиссиялар құрылды. Бұл комиссияларға облыс әкімінің орынбасарлары, депуттар, өлкетанушылар мен ғалымдар, қоғам белсенділері қатысып, осы жұмысты атқарып жатыр.
Өздеріңіз білетіндей, ғылыми потенциалымыз Алматы қаласында шоғырланған. Алматы қаласында «Ғылым Орда» ғимаратында да осы мемлекеттік комиссияның арнайы кабинеті ашылып, жұмыс ұйымдастырылып жатыр. Әрине, бұл жұмысты бастамас бұрын әдістемелік мәселелерді де анықтау маңызды. Сондықтан біздің ғалымдарымыз арнайы осы әдістемелік мәселелерге тоқталып, критерийлер мен қаралатын мәселелердің бәрін анықтады.
Тиісті анықтамалар мен брошюралар жасалып, барлығы біздің әріптестеріміздің қолында деп айтуға болады. Ең бастысы, бұл жұмыс ғылыми негізде нақты мұрағаттардың негізінде, нақты мұрағаттарға сүйене отырып жасалуы керек. Сондықтан біздің ғалымдарымызға тиісті жағдай жасалып, осы жұмыс әрі қарай жүргізілетін болады.
Әрине, ғалымдарымыға мұрағаттарда жұмыс істеу үшін тиісті рұқсатнама керек болды. Бұл жұмысты да біз атқардық. Қазір біздің ғалымдарымызға барлық мұрағатта жұмыс істеу қолжетімді болуы үшін тиісті рұқсатнама берілді. Сондықтан нақты біздің құзіреттілігімізге жататын мәселелер бойынша ұйымдастыру жұмыстары аяқталды деп айта аламыз.
Загрузка...