Тәуелсіздік – ең басты құндылығымыз

Тәуелсіздік – ата-бабаларымыздың ұзақ күткен асыл арманы. Сол арманға қажырлы еңбек пен рухты ерліктер арқасында жеттік. Биылғы жылы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын атап өткелі отырған Қазақ елі бұл күні әлем таныған белді елге айналды. Мемлекетіміз ұзақ мерзімді стратегиялық жоспарлар, іргелі бағдарламалар қабылдап, солардың бәрін сәтті жүзеге асырып келеді. Алдағы мақсат – Тәуелсіздігімізді тұғырлы, мемлекетімізді ғұмырлы ету.

Қазақ ұлтының сақталуы, ықылым заманнан өзі мекендеген ата жұртында дербес мемлекет, егемен ел ретінде шаңырақ көтеріп, өркендеуінің бастауы Тәуелсіздікке келіп тірелетіні анық. Сондықтан да қазақ үшін Тәуелсіздіктің алатын орны ерекше екені даусыз. Мінеки, ел болып, тереземіз басқа жұртпен тең болып, халықаралық деңгейде толыққанды мойындалған мемлекет ретінде өмір сүріп жатқанымызға да 30 жылдың жүзі болып отыр. Тарих үшін соншалықты көп уақыт болмаса да, осы жылдар ішінде ғасырларға бергісіз қыруар істер атқарылды.

Экономикалық-әлеуметтік, саяси, қауіпсіздік мәселелерінде, оның ішінде жаһандық, өңірлік проблемаларға қатысты өз алдына дербес шешім қабылдай алатын, өз ұстанымына берік егемен мемлекет бола алатынымызды барлық қырынан айқындап, мойындаттық. Қазақ деген халықтың өресі биік, өрісі кең екенін әлем жұрты білді. Үшінші мыңжылдықтың ұлттық мүдделері мен сын-қатерлеріне сәйкес келетін қазіргі заманғы типтегі Қазақстан мемлекеттілігі 1990-2000 жылдары қалыптасты. 

Тарихи аренаға жаңа тәуелсіз мемлекет, толыққанды қатысушы, әлемдік саясаттың субъектісі, Біріккен Ұлттар Ұйымының мүшесі ретінде енді. 1992 жылғы 4 маусымда Қазақстанның Мемлекеттік рәміздері: тәуелсіздік пен мемлекеттіліктің ерекше белгісі ретінде Елтаңба, Ту және Әнұран қабылданды. Қазақстан Республикасы Президентінің 1993 жылғы 29 қазандағы Жарлығымен ұлттық валюта – теңге Қазақстан Республикасының аумағында айналымға енгізілді. 

Алғашқы мемлекеттік акт – «Қазақстан Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы декларация» болып табылады. 1993 жылы 28 қаңтарда егемен Қазақстанның Тұңғыш Конституциясы қабылданды. 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдум өткізіліп, оған қатысқан азаматтардың 90%-дан астамы жаңа Конституцияға дауыс берді. Егемен Қазақстан демократиялық, зайырлы, әлеуметтік-құқықтық және унитарлық мемлекет болып жарияланды, ол үшін адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары басты құндылық болып табылады.

Тәуелсіз еліміздің алғашқы Конституциясы жоғарғы заң күші ретінде ұлттық-мемлекеттік тәуелсіздіктің негізін қалады. Ел тәуелсіздігі Қазақстан халқының нағыз рухани жаңғыруына бұрын соңды болмаған мүмкіндіктер ашты. Ғасырлар мен ондаған жылдар бойы ұмытылған тұлғалардың есімдері мен жәдігерлері оралды, мемлекеттік қазақ тілі қайта жанданды. Осы кезеңде республикада тарихты еске алу шаралары, қазақтың ұлы билері – Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би; қуғынға ұшыраған қайраткерлер – Т.Рысқұлов, С.Ходжанов, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, (желтоқсан оқиғаларының қаһармандары және тағы да басқалар) сияқты көрнекті тұлғаларды еске алу шаралары ұйымдастырылды.

Құрмет көрсету шараларының тәжі өткен жылы ақын, қоғам қайраткері Абай Құнанбаевтың 175 жылдығы, ұлы ойшыл әл-Фарабидің 1150 жылдығы, Алтын Орданың 750 жылдығы атап өтілді. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы еліміз үшін аса маңызды мерекелі күн болғандықтан, республикамыздағы білім ошақтары, мекемелер атаулы күнге іс-шараларын бастап кетті. Осы мақсатта біздің жергілікті филиалдағы биылғы оқу жоспарының кестесіне сай бірінші ауысымда ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Жылы жүрек – жомарт қол» челленджі атпен өткізді.

Ауысым барысында қайырымдылық челлендждері, жас патриоттар академиясына мүшелікке қабылдау, дарынды оқушыларды анықтауға арналған шығармашылық, интелектуалдық сайыстар, театрланған көріністер болып өтті. Іс-шаралар негізінде ауысым демалушылары Тәуелсіздікке арналған жылы лебіздері және ойларымен бөлісті.

Рүстем Оңғарбекұлы АЛДАБЕРГЕНОВ,
“Балдәурен” республикалық оқу сауықтыру
орталығының тарих пәні мұғалімі,
Алматы облысының Қапшағай қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий