ҚызПУ: Ғылым күніне орай арнайы апталық басталды

Бүгін Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Ғылым апталығы» басталды. Бұл туралы ҚызПУ-дың баспасөз қызметі хабарлады. – Оқу орнының ғылыми әлеуетін дамыту мақсатындағы іс-шара 22 сәуірге дейін жалғаспақ. Апталық аясында шетелдік және отандық жоғары оқу орындары ғалымдары мен ізденушілерінің қатысуымен 40-тан астам түрлі бағыттағы жиындар ұйымдастырылмақ, – дейді Қыздар университетінің Баспасөз қызметінің басшысы Жандар Асан.

Олардың қатарында халықаралық ғылыми-практикалық конференциялар, жас ғалымдар арасындағы байқаулар, семинарлар мен тренингтер, шетелдік сарапшылардың дәрістер сериясы, Ted форматындағы кездесулер бар. Апталық соңында «Университеттің үздік ғалымы» «Университеттің үздік жас ғалымы» «Үздік институт/жоғары мектеп» «Үздік кафедра/Білім беру бағдарламасы» аталымдары бойынша жеңімпаздар іріктеліп, «Ғылымның болашағы. Әйелдердің көзқарасымен» тақырыбындағы эссе байқауының жүлдегерлері анықталады.

Апталық аясында «Startup-Tomiris» атты жас ғалымдардың инновациялық жобалар байқауының жеңімпаздарына арналған семинар да өтеді. Дәстүрлі сайыстың мақсаты – жастардың жасампаздық әлеуетін көтеру, оларды заманауи ғылымның маңызды мәселелерін шешуге белсенді түрде тарту, университет білім алушыларының шығармашылық қабілетін ашу және инновациялық кәсіпкерлікке тарту. Сондай-ақ апталық барысында «Үздік жас ғалым» байқауы да ұйымдастырылады. Жалпыуниверситеттік сайысқа 40 жасқа дейінгі оқытушылар қатыса алады.

Ал «Университеттің үздік ғалымы» конкурсына оқу орнының 40 жастан жоғары ғалымдары қатысады. Байқау шарты бойынша ғалымдардың жарияланған ғылыми еңбектері мен мақалалары, олардың ғылыми конференцияларға қатысуы, алынған қорғау құжаттары, студенттердің ғылыми жұмыстарына жетекшілік етуі және қоғамдық жұмыстары сарапқа салынбақ. Айта кетейік, Қыздар университетінде бастау алған «Ғылым апталығы» шеңберіндегі іс-шаралардың барлығы да онлайн форматта өтеді.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий