Тәуелсіздікке 30 жыл: 30 есім, 30 тарихи дерек: Өмірі өнегемен өрілген

Қоғамда педагог келбетіне қатысты сан алуан пікірлер айтылады. Озық ойлы адамдар көшінен көрінетін педагог туралы пікірлер мен ұстанымдар да сан түрлі. Тұлға ретінде әр ұстаздың өз ерекшелігі, өз стилі бар. Бірі білімділігімен, екіншісі іскерлігімен, үшіншісі ұлтжандылығымен көзге түседі. Бірақ бар қабілетті бойына жинап, ұстаздық келбетімен адамгершіліктің биігінен танылатын мінезге бай, байыпты, тыңдай да, тыңдата да білетін, айтатын ойдың ұшқырлығы мен түпкі мақсатты пайымдауы үйлесімді болатын ұстаз келбетінің бір адамға бітуі сирек құбылыс шығар?..

Алайда, заманауи қазақ педагогикасының осындай ерекше құбылыс болып танылар тұлғасы – Шәмшә БЕРКІМБАЕВА. Шәмшә Көпбайқызы еңбек жолын 1966 жылы Алматы облысында қарапайым ауыл мектебінің ұстаздығынан бастап министр болуға дейінгі аралықта көптеген лауазымды қызмет тізгінін ұстаған. Алматы облыстық партия комитетінің хатшысы, Қазақстан Республикасы Білім министрінің орынбасары, Қырғызстандағы Қазақстан Республикасы өкілдігінің бірінші хатшысы, Алматы облыстық білім басқармасының бастығы, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Білім және ғылым министрі, Қазақ қыздар педагогикалық институтының ректоры қызметтерін атқарған.

Қазақстан Республикасы және КСРО ордендерімен марапатталған қайраткер тұлға. Қарапайым еңбек жолынан қоғам қайраткері деңгейіне дейін ерен әрі ерек еңбек жолын өткен аңыз тұлға. «Тәуелсіздік және қазақ мектебі» атты мақаласында Шәмшә Көпбайқызы қазақ мектебінің даму тарихын ұлт тарихынан бөле қарауға болмайтынын айтқан: «Қазақ халқының бүгінгі күнге жеткенше қилы-қилы заманның небір қиын күндерін бастан кешіргені белгілі. Ата-бабамыз әлденеше рет жойқын соғыстарға төтеп беріп, бүгінгі жерімізді сақтап қалуы, оны ұрпағына аманат етіп қалдыруының өзі оңайға түскен жоқ. Мұндай қырғын соғыстар, соңғы үш ғасырдағы отаршылдық бұғау мен саяси нәубеттің зардаптары қазақ халқының әлеуметтік-экономикалық дамуын тежеп отырды».

Қазақ мектептерінің тарихына терең үңіліп, ұлттық құндылықтарымызды қазақ мектептерінің дамуынан көре білген. Қазақ тілінде білім беретін жоғары деңгейде талантты дарынды балалардың мүмкіндіктерін ашатын мектептер жайлы армандап, жоғары мінберлерде осы тақырыптарды көтере бастады. Шәмша Беркімбаеваның есімі қазақ мектебі, ауыл мектебі ұғымдарымен тікелей байланысты. «Егемен Қазақстан» газетінің 2002 жылдың желтоқсан айындағы «Ұлттық мектептің ұлы мұратын ұмытпайық» атты мақаласында «…Мыңдаған жыл бойы тірнектеп жинаған халықтың осынау рухани мол мұрасы әлемдік озық үлгілермен астаса келіп, оқу-тәрбие беру қызметіне негіз болып отырған бүгінгі қазақ мектебі нашар болуға тиіс емес.

Ендеше, халық намысын ту етіп, қазақ мектептерінің жақсы аты үшін еңбектенетін уақыт келді. Жаңа ғасыр – қатаң бәсеке ғасыры. Бұл ғасыр марғаулықты көтермейтін ғасыр. Бізге серпілу керек. Елдігіміздің кепілі, мемлекеттік тілдің бағы жануының алғышарты – қазақ мектебінің оқу-тәрбие процесін тиісті деңгейде көтеру – біздің басты міндетіміз екендігі, тіпті туған халқымыздың алдындағы перзенттік, азаматтық парызымыз екендігі әрдайым есте болса» деп жазғаны қазақ тілінде оқытатын мұғалімдерге арнау сөз, өсиет ретінде қабылданды. Бұл үндеуін қолдаған ұстаздар қауымының іскерлік қадамдарына өзі белсенді жетекшілік ете білді.

Қазақ тілінде білім беретін мектептердің дені ауылда орналасқандықтан, ауыл мектептерінің сын көтермейтін мүшкіл жағдайын жақсарту мәселесі Шәмша Беркімбаеваның Білім және ғылым министрі қызметіндегі алғашқы бастамалары ерлікпен парапар іс еді. Сол кезде ауыл мұғалімдерінің 54 пайызы ғана жоғары білімді болса, екі жылдың ішінде 44 мың мұғалім мектептен кеткен, 342 мектепте маман жетіспей, шет тілдері жүрмеген еді. Шәмша Көпбайқызының бастамалары оң нәтиже беріп, «Ауыл мектебі» бағдарламасы тұңғыш рет үкімет деңгейінде қабылданып, ауылда 226 мектеп салынып, күрделі жөндеуден өткізіліп, химия, физика кабинеттері қайта жабдықталды.

2002 жылы ауыл мектебі республика мектептерінің 77 пайызын құраса, оның 65 пайызы шағын жинақты мектептер еді. Мектептердің жағдайын терең зерттеп, шалғайда жатқан шағын жинақты мектептердің жағдайын көтеру арқылы жүздеген шағын ауылдардың жойылып кетпеуіне де атсалысты. Елбасымыздың «Дипломмен – ауылға» ізгі бастамасы жас мамандарға ауыл басшыларынан жасалып жатқан қамқорлық бұлақ көзін ашқандай әсер қалдырады. Мектептерінің материалдық-техникалық жағдайы жақсара бастаған ауылдарда халық тұрақтанып, жаппай көшу саябырси бастады. Осындай проблемалардың оң шешім табуына ықпал еткен Шәмша Көпбайқызы елінің жарқын болашағы үшін ерен істерді атқарды.

Шамша Көпбайқызының 2015 жылы «Егемен Қазақстан» газетінде жариялаған «Бір адам қазған құдықтан мың адам су ішеді» атты мақаласында Абылай бабамыз: «Білекке сенген заманда ешкімге дес бермедік. Ал білімге сенер ертеңгі жағдайымыз қалай болар екен?» – деп алаңдаушылық білдіріпті деген жолдардан бастап, қазақ мектебінің тарихынан бүгінгі таңдағы Назарбаев Зияткерлік мектептеріне дейінгі мектептердің дамуына шолу жасаған.

Тәуелсіздік тұсындағы білім беру реформасы ізденістері мен тәуелсіздік туындатқан тың ізденістерді де талдай келіп, «Ал, Назарбаев Зияткерлік мектептерін ашу бұрын-сонды болмаған, әзірге ТМД елдерінің ешқайсысында жоқ жаңа типті оқу орны, қазақстандық және әлемдік білім беру жүйелерінің ең озық дәстүрлерін біріктіретін орта білім берудің инновациялық моделі деуге болады. Бұл білім ісіндегі жаңашылдық және педагог мәртебесін үстем ететін, мұғалім деңгейінің зерттеуші, ғылыми ізденіс иесі болуына жол ашатын тың бағыт» деп баға берген.

Шәмша Көпбайқызы бүгінгі таңда «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығымен ұдайы байланыста болып, орталықтың игі істеріне жиі қатысады. Қазақстан Республикасы жалпы білім беру ұйымдары басшыларының біліктілігін арттыру бағдарламасы бойынша өңірлерден оқуға келген мектеп басшыларымен кездесуі дәстүрге айналған. Шәмшә Көпбайқызы «Мектеп басшылары тек өз мектебінің аясында ғана еңбек етумен шектелмей, сол ауылдың, сол қаланың әлеуметтік, мәдени өміріне белсенді араласып, ұлттық құндылықтарымыздың мейлінше сақталуына аянбай еңбек ететін қайраткер болуы керек» деген еді.

Ұлт құндылығының алтын арқауы домбыра екеніне тоқталып, әр қазақтың баласында домбыра, әр мектепте оркестр болғаны жөн екенін тілге тиек еткен. Әр қазақ мектебінде ұлттық жәдігерлерімізді жасайтын шеберханалар жұмыс істесе деген ұсыныс жасады. Келесі бір кездесуде «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген М. Әуезовтің сөзімен бастай отырып, қыздарымыздың тәрбиесіне көңіл бөлуге шақырып, халқымыздың сүйегіне таңба болып жатқан тастанды балалар проблемасын көтерді. Мектептерде ата-аналармен жұмысты ұлттық арнада ежелден келе жатқан қазақ қыздарының әдебі мен мәдениетін жаңғыртатын іс-шаралар мен «Әжелер өсиеті», «Болашақ аналар», «Жас аналар» клубтары жұмыс істесе деген пікірін білдірді.

Ғибраты мол, нақты ұсыныстар мен пікірлерге толы кездесулер және сол кездесудің шынайы кейіпкерінің қайраткерлік келбеті мектеп басшыларына терең ой салып, бағдар береді. Тыңдаған жанның көкірегінде ұлттық рух арнасы толысып, адал, ұлтжанды ұстаздың әр ұсыныс пікірінен алдына үлкен мақсаттар қоюды үйренеді. Шәмша Беркімбаеваның шынайы педагогтік болмысының алуан қыры қандай? Ол: халқының адал қызы; өз ісін жүрегімен сүйген, үнемі ізденістегі іскер маман; ғылыми‑теориялық білім көзін тәжірибемен үйлестіре алған білікті жан; қоғам мүшелерінің кез келгенімен шынайы қарым‑қатынас жасай алған, уақыттың талабы мен тарихи кезеңдердің мәні мен маңызын сараптап, ұтымды шешім ұсына білетін қайраткер.

Басқару менеджментінің қыр‑сырын терең меңгерген тәжірибелі көшбасшы. Шәмша Беркімбаева арқылы дара тұлғаның жан‑жақтылығын көреміз: қоғамның келелі мәселелерін тани білетін қырағы көз, көкірегі от қайраткер; адам жанына үңіле білетін психолог; ұлт тағдырының бүгіні мен болашағын саралай білетін саясаткер; ұлт құндылықтарының өміршеңдігін сараптай білетін философ; ұрпақ тәрбиесіндегі дүниетанымдық негіздерді дөп басып тани білер парасатты педагог. Болмысы кемел, ұстаз деген ұлы есімнің бар қасиетін танытатын дара тұлға.

Берік Құттыбайұлы АСУБАЕВ,
“Назарбаев Зияткерлік мектептері” ДББҰ
Педагогикалық шеберлік орталығының
Алматы қаласындағы филиал директоры,
география ғылымдарының кандидаты

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий