Лицейішілік кезең: “Жыл мұғалімі” байқауы ұйымдастырылды

Біздің білім ордасында ұстаздарды ғылыми зерттеулермен айналысып, кәсіби тұрғыда дамуға және шығармашылық ізденістерін арттыруға ынталандыратын, дәстүрге айналған «Жыл мұғалімі» байқауының лицейішілік кезеңі ұйымдастырылды. Талантты педагогтарды қолдау және кәсіби педагогикалық тәжірибенің үздік үлгілерін көрсету мақсатында өткізілген лицейішілік  сайысқа биыл он бес  пән мұғалімі қатысуға ниет білдіріп, олар төрт кезеңнен тұратын сайыста  бақ сынасты.

Бірінші кезеңінде мұғалімнің портфолиосы, оқытатын пәніне байланысты теориялық дайындығы мен мұғалімнің кәсіби жетістіктері зерделеніп, ұстаздарымыз оқытатын пәні бойынша  тест тапсырмаларын орындады.  «Менің инновациялық педагогтік тәжірибем» айдарымен берілген екінші кезеңде мұғалімнің кәсіби шығармашылығының тұжырымдамалық, әдістемелік және технологиялық негіздерінің өзектілігі, нақтылығы, инновациялығы және оның баяндау шеберлігі, жаңашылдығы, сындарлы ойлауы, жобаның тәжірибелік бағыты бағаланды.

«Сабағым – мұғалімнің кәсіби тұжырымымның айнасы» айдарындағы үшінші кезеңде мұғалімнің кәсіби шығармашылығының тұжырымдамалық негіздемелері, әдістемелік және технологиялық құрылымы сабақта қаншалықты жүзеге асқандығы, оқушының функционалдық сауаттылығын қалыптастыратын сындарлы ойлауын, қарым-қатынас жасау қабілеті және командада жұмыс істеу дағдысын дамытуды іске асыру деңгейі бағаланды. «Мен елімнің патриотымын» айдарымен берілген төртінші кезеңде ұлттық бірегейлікті сақтаудан басталатын қазақстандық патриотизмді қалыптастырудағы мұғалімнің тәрбие сағатындағы шығармашылық әлеуеті мен тәжірибесі бағаланды.

Байқау өте мазмұнды да қызықты өтті. Байқау барысында мұғалімдер шығармашылық жағынан жан-жақты сынға түсіп, жаңа идеяларымен де бөлісті. Атап айтар болсақ бейнесабақтар жаңашылдықтарға толы болды. Ұстаздардың  АКТ ресурстарын тиімді пайдалану, сонымен қатар сабақта қолданатын әдіс-тәсілдер қоры мол екендігін айқындай түсті. Әділқазылар алқасының шешімі бойынша жаңартылған білім мазмұнының белсенді әдістерін игеріп, сабақ беруде оны ықпалдастыра отырып, өз тәжірибесінде тиімді пайдаланып, өзін жан-жақты қырынан көсеткен үздіктердің есімі анықталды.

Олар – физика пәнінің мұғалімі, педагог-шебер Слямгалиева Гулнар Набиевна «Үздік педагог» атағына лайық деп танылды. Ол сабағында Random name picker, Kahoot, Jamboard қосымшаларын пайдаланып, оқушылардың қызығушылығын, белсенділігін арттырып отырды. Сабақ өту барысында оқытушының    сауаттылығы, сезімділігі, тіл байлығы, оқушыларды басқаруы өте айқын көрініп тұрды. Сонымен қатар, сабақ кезінде жеке оқушының  және сыныптың белсенділігі де байқалады.

«Жыл мұғалімі – 2021» байқауының жеңімпазы атанып, аудандық кезеңге жолдама алған информатика пәнінің мұғалімі Бейсенбекова Лайлимнің  сабақ өткізу барысында білім, біліктілік және дағды сапасы өте жоғары екені байқалды. Лайлим Калиевна  сабақтарында learning APS бағдарламасын, онлайн тақтасын ұтымды пайдалана отырып, суреттер галериясы бойынша сұрақтарға жауап берді, зуум платформасында оқушыларды секциялық залда топқа бөліп, Google Sheets-те тапсырмалар орындатты, АКТ ресурстарын тиімді пайдалау жолдарын көрсетіп, оқушыларды сабаққа қызықтыру шеберлігімен көзге түсті.

Өздерінің сабақтарында оқушының пәнді терең түсіну қабілетін дамытуға, оқушының тақырыпты өз бетінше оқып меңгеруіне, өз ойларын жүйелі жеткізе білуге баса назар аударып, сабағында Kahoot, Jamboard қосымшаларын пайдаланып, сабақты қызықты әрі сапалы түрде жүргізген қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Женсикбаева Назигүл мен денешынықтыру  пәнінің  мұғалімі Базарбаев Еркебұлан екінші орынға лайық деп танылды.

Сонымен қатар, сабақтарына қосымша бағдарламаларды, технологияларды қосып, сын тұрғысынан ойлау технологиясының «Миға шабуыл», «Галерияға саяхат», «Топтастыру», «Венн диаграммасы», «Эссе жазу» стратегияларын тиімді қолданып, қызықты етіп өткізген қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі  Қуанбаева  Бағдат пен ағылшын  тілі  пәнінің  мұғалімі Пірімбаева Асия Іүшінші қатардан көрінді. Сондай-ақ конкурсқа қатысқан басқа да ұстаздарға алғыс хат табысталды.

Гулнафис Абатовна ДАУЛЕТБАЕВА,
№178 мамандандырылған лицей
директорының оқу ісі жөніндегі
орынбасары, Алматы қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий