“CosmoStars”: Жас зерттеушілер байқауы
Адамзат баласының ұзын-сонар тарихындағы ең табысты жетістіктерінің бірі ретінде ғарыш әлемін игеруді атап өтуге болады. Бұл тарихи оқиға басқа емес, дәл осы Қазақ елінен, Сыр жерінен бастау алған. Сәуірдің 12 – Дүниежүзілік авиация және ғарышкерлер күні. Биыл адамзат өкілінің ғарышқа алғаш ұшуына 60 жыл толып отыр. Қазақстанның Байқоңыр аймағынан тұңғыш космос кораблі ғарышқа аттанды. Сөйтіп, Юрий Гагарин – әлемнің тұңғыш ғарышкері, ал Байқоңыр – ғарыш аймағына айналды. Гагарин ғарышқа бірінші болып, жұлдыздарға жол ашты.

Осы оқиғадан кейін ғылыми-техникалық революцияға ерекше серпін беріліп, спутниктік телевизия, интернет, ауа-райын бақылау, бағдарлау секілді заманауи өмірдің игіліктеріне жол ашылған болатын. Осынау адамзат тарихында адам баласының алғашқы болып айға біздің жерімізден аттануы қалай мақтаныш кернесе, осы ғарыш айлағынан ұлтымыздың қырандарының да көкке самғап, айға қонуы әр қазақ үшін соншалықты мақтаныш әрі қуаныш екені даусыз.
Ғарышқа ұшуды қиял жетегіне берілген кез келген жан армандағанмен, оған үміткердің жеке психологиялық және физикалық дайындығымен қоса, мақсатты бағдарламасы болуы шарт. Біздің елден ғарышқа ұшқан үш азаматымыз да бұл жағынан қазақ халқын жерге қаратқан жоқ, қайта ғылыми еңбектері арқылы еліміздің мерейін үстем етіп, күллі адамзат баласына пайдалы іс тындырып қайтты.
Ғарышқа сапар жасау адамзат баласының жай ермегі емес, бұл – ақпараттық ғасыр дәуірінде аса маңызды сала. Ғарыш қызметін дамыту арқылы экономиканың көптеген саласына тың серпін беруге болатынына көз жетті. Ғарыш қызметі байланыс, ақпараттандыру, геология, ауыл шаруашылығы, қоршаған ортаны қорғау, қорғаныс және қауіпсіздік сияқты түрлі салаларда қажет болатын және мемлекеттік маңызы бар міндеттерді шешуге мүмкіндік береді. Тіпті, жаһандық ауқымдағы мәселелерді шешуде де ғарыштық құралдарды пайдаланудың өзектілігіне мән беріле бастады.
Осы мерекеге орай біздің республикалық орталықта қашықтан ұйымдастырылған республикалық жас зерттеушілер байқауына қатысқан 8-9 сынып оқушылары тарапынан келесі бағыттар (ғарыштық макет; әлем құпияларын ашу; ғаламшарлар, жұлдыздар, шоқжұлдыздар; адам, әлем, космос және шексіз шығармашылық) бойынша түрлі жобалар ұсынылды Әр бағыт бойынша байқау жұмыстары теориялық және өнертапқыштық түрде болды. Қашықтық форматтағы байқау жұмысын қорғау үшін қатысушылар көрнекі материалдар мен макеттер дайындап, оны «ZOOM» платформасы көмегімен қорғады.
Байқауға Қазақстанның барлық өңірлерінен 156 жұмыс қабылданып, қорытынды кезеңге келесі облыс қатысушыларының 107 жұмысы өтті. Әділ-қазылар алқасының шешімі негізінде 5 бағыт бойынша жалпы 38 жұмыс байқау жеңімпаздары атанды. Әділ-қазылар құрамына Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің (Нұр-сұлтан қаласы), Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің оқытушылары, ФМБ Назарбаев Зияткерлік мектебінің (Көкшетау қаласы) және «Балдәурен» РОСО (Щучинск, Қапшағай мен Балқаш қалалары және Түркістан облысындағы филиалдарының) мұғалімдері енді.
Ең үздік ШҚО, БҚО және Павлодар облыстарынан қатысқан 5 байқау жұмысына «Балдәурен» республикалық орталығының тегін жолдамасы 9 оқушыға берілді. Қалған қатысушыларға Диплом, Мадақтама, Сертификаттар мен Алғыс хаттар жіберілді. Тарих спиральда дамитыны белгілі. Кім біледі, мүмкін 60 жыл ішінде біз толық бұрылысты жасадық, енді адамзат Гагариннің басталуымен салыстырылатын жаңа технологиялық серпіліске дайын. Ғарыш әлемі кең байтақ! Оны адамзат әлі толығымен зерттеп болған жоқ.Ғарыштың әлі де ашылмаған сырлары қызықты. Ерте кезден-ақ грек ғалымдары ғарыш туралы түрлі болжамдар жасаған. Олардың ғарышқа саяхат жасағысы келгендерін осыдан байқауға болады.
Сержан Төлеметұлы АЛИБАЕВ,
“Балдәурен” республикалық оқу сауықтыру
орталығының бас директоры, Ақмола облысы