Алаш мұраты – тәуелсіздік

Қазақ елінің тәуелсіздікке қол жеткізуі – ұлттық тарихымызды түгендеуге, рухани болмысымызды қалыптастыруға кең мүмкіндіктер ашты. Қазақтың сан ғасырлық күрделі тарихында Алаш партиясы мен Алаш қозғалысының орны ерекше екендігі белгілі. ХХ ғасырдың бас кезіндегі тарихи оқиғалардың маңызы мен мәнін жете түсіну, әрі оны өскелең ұрпаққа насихаттау – қазіргі тәуелсіз мемлекет мұраттарының бірі болуы тиіс.

Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы ел дамуының нақты қадамдарына бағытталған маңызды құжат. Мақаланың негізгі өзегі де сананы жаңғырту, ұлттық болмыстан, ұлттық кодтан айырылып қалмай, оны әлемдік құндылықтармен үйлестіру болса, ХХ ғасырдың басында тарих сахнасына шыққан Алаш қайраткерлерінің ұлттық идеясының ұстанымы да осы бағытта еді. Алаш қайраткерлерінің ілімдері Ұлтты сүюге, ұлттық құндылықтарымызды құрметтеуде, ұлттық идеямызды көкке көтеруде бастау болды. Біз одан нәр алдық, сусындадық,тәлім алдық, тәжірибе жинақтадық.

Алаш зиялыларының Қазақ даласында ұлттық идеяны негіздегені жөнінде Нұрсұлтан Әбішұлы: «Тарих толқынында» кітабының «Алаш мұрасы жене осы заман» атты тарауында: «XX ғасырдың басында ұлттық бірлікті нығайту идеясын алға тартқан рухани-зерделі игі жақсылар қазақтың ұлттық идеясын жасау міндетін өз мойнына алды. Олар қоғамның түрлі тарабынан шыққандар, әрі ең алдымен дәстүрлі дала ақсүйектерінің өкілдері еді. XX ғасырдың басындағы қазақ қоғамында зиялы қауым қалыптасуының ұрпақтар эстафетасы сияқты сипаты болғанын атап айтқан абзал”, – деп терең ой түйе келе, «Алаштың басты мақсаты қазақ қоғамын бірте-бірте өзгертіп, заманға бейімдеу еді.

Бұл біздің қазіргі жедел жаңғыру, яғни, модернизация бағытымызға да сай келеді. Алаш арыстары бізге мемлекеттілік идеясын ту етіп көтеруді табыстап кетті… Алаштың асыл аманаты бізге тарихи-мәдени бірегейлігімізді, қарапайым тілмен айтсақ, қазақы қалпымызды қасиеттеп сақтауға міндеттейді, Әрине, қазақтың сан ғасырлық тарихының ең жарқын беттерін жазған Алаш қайраткерлерінің ұлттық идеясы» – деп жазған болатын.

Тәуелсіз Қазақстанның іргелі ел болып, тарихтың ұлы көшінде өзіндік дара даму жолының қалыптасқанына биыл 30 жыл толса да осыдан бір ғасыр бұрын, Алаш қозғалысының пассионарлық идеялары біздің ата-бабаларымыздың азаттық алып, дербес мемлекет құру жолындағы сан ғасырлық аманатымен ұштасып жатыр. Сол кездегі ұлт зиялылары арман еткен мемлекет тәуелсіздігі мен ұлт бостандығына бүгінгі ұрпақ қол жеткізді.

Алаш зиялыларының саяси және рухани күресіндегі негізгі мақсат, орасан міндет, ол ұлтымызды ұйыстыру арқылы елдігімізді айқындауда, ұлттың бойындағы сан ғасырлар жинақталған рух пен мұраттың ұлы бұлқынысы болған Алаш қозғалысы ел тағдырына қатысты барша идеяны өзіне өзек ете білді. Алаш қайраткерлері күресінің тағылымы да, Алаш қаламгерлерінің мұрасы да жылдан жылға қазақтың рухани-мәдени өміріне еніп, «Алаш» сөзі аяулы ұғым, қасиетті түсінік ретінде қоғамымызда асқақтатыла айтылып келеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үстіміздегі жылдың қаңтарындағы  «Тәуелсіздік бәрінен қымбат»  атты мақаласында: «Көркем және деректі тарихи туындыларда мемлекеттілік және мемлекетшілдік идеясы әрдайым көрініс табуы қажет. Біз кезінде елге қызмет етудің озық үлгісін көрсеткен Алаш қайраткерлерінен тағылым аламыз. Олар өткен ғасырдың басында тәуелсіздік идеяларын халық арасында дәріптеуге зор еңбек сіңіріп, азаттық жолында құрбан болды.

Тәуелсіздігіміздің мерейтойы аясында осындай біртуар тұлғаларды еске алып, олардың мұрасын жастарымызға және бүкіл әлемге паш етуіміз керек. Сонымен бірге, осы тақырыпты зерттеп жүрген ғалымдар мен жазушылардың да еңбегі қолдауға ие болуы және бағалануы қажет. Алаш арыстарының асыл мұрасын игеру жалғаса беруге тиіс”, – деп көрсетуінің астарында үлкен мән мен мағына жатыр. Кейбір тарихшылардың 1917 жылмен мерзімдеп, жазып жүргеніндей емес, қазақ зиялыларының Алаш идеясы үшін күрескен кезеңі 1907 жылдан бастау алып, 1930 жылға дейінгі кезеңдерді толықтай қамтыған.

Халқымыздың маңдай алды ұлдары, ұлтымыздың жоғын жоқтап, жоғалғанын түгендеген Әлихан Бө­кей­ханов, Ахмет Бай­тұрсынұлы, Мұстафа Шоқай, Халел Дос­мұ­хамедов, Міржақып Дулатов, Мұхамеджан Тыныш­баевтардың қай – қайсысы болмасын тәуелсіздікке қол жеткізуді армандап, халықты өнер білімге шақырды. Бұл қазіргі Қазақстанның жастар тәрбиесімен өзара ұштасып жатыр. Осы зиялылардың ішінде Ахмет Байтұрсынов: «Басқалардан кем болмас үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға – оқу керек!

Бай болуға – кәсіп керек! Күшті болуға – бірлік керек! Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек!» де­ген еді. Ал, осы кездегі Әлихан Бөкейхановтың жазбаларына мән берсек, қазақтың жерінде өндірілген бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып тоқылып, киілуі керек. Яғни мемлекет толықтай экономикалық тәуелсіздікке қол жеткізілуі тиіс болған. Алаш алыптарының бірі Міржақып Дулатов «Оян, қазақ» деп жар салса,  Алаштың тағы бір қайраткері Халел Досмұхамедов «Өз тілін өзі білмеген ел – ел бола алмайды.

Тілінен айрылған жұрт – жойылған жұрт» деген болатын. Осы орайда уақытынан оза туған Алаш қайраткерлерінің идеялық мұрасын терең зерттеп, бүгінгі күннің қажетіне жаратып, олардың ісін жалғастыра түссек ұтымдылығы арта түсер еді. Алаштықтар Қазақстанның сол тұстағы шаруашылық жайын саралай отырып, соған орай экономикалық дамудың бірқатар жолдарын да меңзеді. Бір қызығы, сол кезеңде олар Қазақ­станның астанасы жөнінде де орынды мәселе көтерді.

Айталық, 1905 жылғы Мұхаметжан Тынышбаев пен Халел Досмұхамедовтер «Ақмо­ланы астана жасаймыз» деген идея көтерген екен. Сан жылдардан кейін ұлт зиялыларының арманы орындалып, 1997 жылдың желтоқсанында Елбасы Н. Назарбаев бастаған ұлы көштің Алатаудың баурайынан Сарыарқаның Қараөткеліне қонуы тәуелсіздігімізді қорғау ғана емес, Мәңгілік елдің берік қағылған алғашқы қазығы болғандығының дәлелі. Ата – баларымыздың арманы орналғандығының айғағы іспеттес.

Алаш партиясының бағдарламасы бойынша «Үкімет басында Құрылтай жиналысы, оның арасында Құрылтай жиналысы мен Мемлекеттік Дума белгілі мерзімге сайлаған президент тұрады» делінген. Алаш зиялылары Құрылтай жиналысы немесе бүкіл халық сайлап қойған өкілдер жиналысы мемлекет басында тұрады деп есептеді. Бұл идеяның «негізі, халық мемлекеттегі ең жоғары күш, биліктің нағыз қайнар көзі» деген мәні бар. Сондықтан да Құрылтай жиналысы тұрақты орган емес, ол мезгіл-мезгіл сессия түрінде жұмыс жасайды.

Себебі оның сессиялары арасында би­лік тұрақты орган Президенттің қол астында болады. ХХ ғасырдың басында Президенттік басқа­рудағы мемлекеттердің әлемде санаулы болған­дығын ескерсек, Алаш зиялыларының мемлекет басқару ісінде қаншама озық ойлы, тұрпатты, құқықтық мемлекет құрудың алғы­шарттарын жасағандықтарына көзіміз жетеді. Қазақстан Республикасында мемлекеттік тетіктер өркениетті елдердің озық тәжіри­белерін пайдалана отырып, өтпелі кезеңнің ерекшеліктері мен саяси, ұлттық жағдайларға байланысты қалыптасып құрылды.

Осыған қарай мемлекеттік тетіктің құрамында Президент ерекше орын алды. 1991 жылдың 1 желтоқсанында Қазақстан халқы Тұңғыш Президентін сайлады. Осыдан келіп қарасақ, Алаш қайраткерлерінің «мемлекеттің басшысы Президент» деп тұжырымдауын өмірдің өзі дәлелдеді. Алаш зиялылары өмірдің өзі салған заман дейтін ағысқа қарсы тұрып, әрбір қазақтың баласы патриот болуы тиіс екендігін сөздерімен де істерімен де дәлелдеді. Біртуар тұлға Ә.Бөкейханов: «Мен өз отанымның ішкі істерімен өмір сүремін, мен үшін оның тағдыры бәрінен артық… Егер ол қандай жағдайда екенін білмесем, ұйықтай алмаймын» деп жазған.

Ж. Досмұхамедов: «Алаш» қозғалысының қайраткерлері қазақтардың мемлекеттілігін алу жолында күресті. «Біздің мақсатымыз – өз тағдырын шешу мүмкіндігін халықтың өзіне беру. Тек автономияға ие болған жағдайда ғана халық тағдырды өз қолына алады» – деген. Ал, Ә.Ермеков болса «Алаш» партиясын құрған кезде басшылыққа алған негізгі мақсаты  — қазақ халқының тағдыры, аумағы және мемлекеттілігіне бай дамыған жоғары мәдениетті халықтармен бірге тәуелсіз мемлекетті құру болды» деп көрсетті.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: «Ұлттық идеяны қа­лып­тастыру біз­дің өз тарихымызды жаңадан оқу негізінде ғана мүмкін болады. Сондықтан ұлттық идея­ның формуласы ұлттық тарихта жатыр», – деген еді. Ендеше Ұлт тарихы, Қазақ хандығының тарихы, Алаш үкіметінің тарихы  бүгінгі жаңа тұрпатты Қазақстан мемлекетінің қалыптасуына маңызды рөл атқарды. Жоғарыда айтқанымыздай мықты мемлекет болу үшін әскері қуатты, қилы заманды бастан кешкен тарихы қатпарлы, ұлттық тілі мен  саяси элита да ұлттық партиясы мен ұлттық идеясы ұштасқан, ұлтын бір шаңырақтың астында бірігуге ұйыстырған болуы қажет. 

Мұрат ИБЫЛДАЕВ,
Дулати университеті машиналар және
жабдықтар 
кафедрасының меңгерушісі

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий