Жоғары оқу орны: Университеттің ғылыми жетістіктері

Ғылыми жетістіктер жоғары оқу орындарында теориялық білімнің ғылым мен техниканың бірлесе дамуына бағытталған нақты қол жеткізілген, орындалған жұмыстармен айқындалады. Ғылыми іс-әрекет жоғары орын қызметкерлері мен білімалушыларының  еңбегінің ең ауқымды, нәтижелі және мақтан тұтар бөлігіне айналуы заңдылық.

Қазіргі уақытта жаһандану барлық салаларда, әсіресе білім беру саласында жүріп жатқан кезде, Шахмардан Есенов университеті Каспий секторының жетекші білім беру, ғылыми және мәдени орталығы болу үшін зор күш-жігер жұмсауда. Қазіргі уақытта елімізге танымал және беделі биік біздің жоғары оқу орны мемлекеттік аттестаттаудан және аккредиттеуден өткен өңірдегі білім беру мен тәрбиелеудің, ғылым мен мәдениеттің басты және жалғыз орталығы.

Президенттің кезекті Жолдауында: “Ғылымды қол­даудың маңызды көзі – ірі кәсіп­орындарда, әсіресе шикізат саласын­дағы компанияларда… Кәсіпорындар тәжірибеге бағытталған оқыту үрдісімен ЖОО қолдау көрсету…   Ірі бизнес өкілдері өңірлік универ­си­теттердің ғылыми қызметін қамқор­лыққа алса, нұр үстіне нұр болар еді” деген сөзіне орай алға қойған мақсаттарға қол жеткізу үшін университетіміздің қызметін ілгерілетуге байланысты көптеген өңірлік өндіріс орындарымен тығыз қарым-қатынастар жасалуда, ғылыми жобалар бірлесіп жасалуда.

Бұл істерге АҚ «Маңғыстаумұнайгаз», АҚ «Қаражанбасмұнай», «Бұрғылау» ЖШС, «ҚМГ инжиниринг ҚазҒЗЖИ» ЖШС сияқты мекемелер мен өндіріс ұйымдары атсалысуда. Инжиниринг факультетінде техникалық білім беру бағдарламаларының ғылыми саласын дамытуда жыл сайын жетістікке жетіп келеді. Ағымдағы жылы профессорлық – оқытушылар құрамы көптеген ғылыми жобаларын ҚР БҒМ гранттық қаржыландыруына ұсынып, оң шешімін алды және оның ішінде тексерумен қаржыландыру кезеңіне өтіп отырғандары да бар.

Профессорлық-оқытушылар тобынан құрылған ғылыми жобалармен айналысатын топ өңірлік өндіріс орындарына да ғылыми бағыттары бойынша тақырыптар ұсынады, оған қазіргі таңда «OPTIMUM жобалау институты» ЖШС, «ҚМГ инжиниринг ҚазҒЗЖИ» ЖШС сияқты мекемелер өз қызығушылығын танытып, бірге ғылыми жобаны жүргізуге ұсыныстар берді. Бұл ғылыми бағыттың үлкен жетістігі мен бірлестігі. Мұнай-газ өндірісінде дұрыс технологиялық шешімдер қабылдау, атап айтқанда, қорлары қиын кен орындарында игеру шарттары мен әдістерін егжей-тегжейлі зерттеуді қажет етеді.

Сондықтан дәстүрлі әдістермен мұнайдың едәуір қорын алу мүмкін болмаған кен орындарын игерудің жаңа технологияларын қолдану Қазақстан кен орындары үшін өзекті болып табылады. Осыған байланысты қиын алынатын көмірсутектердің салыстырмалы сипатын бағалау үшін геологиялық жағдайлар мен әсер етудің әртүрлі әдістеріне талдау жүргізу қажеттілігі туындады. Қазіргі уақытта Қазақстанның көптеген кен орындары игерудің кеш кезеңіне аяқ басты, ол мұнай өндірудің төмендеуімен, ілеспе өндірілетін су көлемінің артуымен сипатталады.

Кейінгі кезеңде мұнай өндірудің төмен тиімділігі көбінесе дамыған қабаттардың геологиялық және физикалық жағдайымен байланысты. Сондықтан геологиялық гетерогенділігі бар кен орындарын игерудің негізгі проблемаларының бірі-қарқынды жұмыс істеуге толық тартылмаған немесе тіпті игерілмеген көмірсутек шоғырларын тарту. Инжиниринг факультетінің «Мұнай химиялық инжиниринг» кафедрасында диссертациялық кеңестің жұмысы да осы жылы өте жемісті болды.

Алғашқы докторанттар Д.Ахметов пен Б.Қойлыбаев “Резервуарға әсер етудің жылу әдістерімен мұнайдың алынуы қиын кен орындарын игеруді жетілдіру” және “Кен орындарының геологиялық жағдайларының мұнайды полимерлі ерітінділермен ығыстыру тиімділігіне әсерін зерттеу” тақырыптары бойынша диссертациялық жұмыстарын сәтті қорғауы ғылыми жетістіктердің нақты көрсеткіштері. Жоғары білім беру жүйесінде бүгінгі таңда таза кәсіби білімдерден, іскерліктерден, дағдылардан басқа, ақпараттың үнемі өсіп келе жатқан ағымында бағдарлану, жұмыла жұмыс жасау маңызды.

Ұжымда жұмыс істеу және жанжалды жағдайларды шешуге дайын болу, қазіргі қоғамның сыртқы сын-қатерлері мен қауіп-қатерлеріне қарсы тұра білу, сондай-ақ білімді үнемі жаңартып, толықтыруға дайын болу қабілеті қажет түлекті дайындау қажет. Міне осы талапты қанағаттандыратын ғылым докторларының сәтті дайындалуы біздің ұжым үшін тағы да бірлестігіміз бен жетістігіміздің көрсеткіші. Ал бакалавр білімберу бағдарламасы бойынша өткізілетін студенттердің ғылыми жұмыстары конкурсына жыл сайын елуден аса жұмыс түседі.

Бұл үлкен ғылыми жобалар, идеялар мен бағыттардың бастауы болып табылады. Әр бір кішкене ғылыми жетістік – білім алушылардың ғылыми-зерттеу және оқу-әдістемелік әлеуетін жетілдіруге, мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын және біздің университеттің қоғамдағы оң имиджін арттыруға, білім беру бағдарламаларын насихаттауға ықпал етеді.

Максат Тоқсанұлы ТАБЫЛҒАНОВ,
Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар
және инжиниринг университетінің мұнай
химиялық инжиниринг кафедрасының доценті,
т.ғ.к, Маңғыстау облысының Ақтау қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий