Жер-Ана: Бұл – нәзік ғаламшар
Халқымыз табиғатты анаға теңеген. Өйткені, табиғатта тіршілік өсіп өнеді. Өзіндегі барды адамға, жануарға, өсімдікке берген. Ата-бабаларымыз миллиондап мал өсірсе де жерінің шаңын шығармай, құнарын жоғалтпай, тұнығын лайламай, Ұлы даланы мекендеген жабайы аң-құстарға, жәндіктерге дейін қамқор бола білген. Табиғатта басы артық ештеңе жоқ. Табиғат сырын терең білмей, оған немқұрайлы қарау үлкен апатқа соқтырады. Бір кездері табиғатты бағындыруды мақсат тұтып, ормандар аяусыз балталанды. Аң-құстар шамадан тыс ауланды, жер жөн-жосықсыз жыртылды. Соның салдарынан бүгінгі таңда адам баласына экологиялық апат үлкен қауіп төндіріп отыр.
Жастарға экологиялық білім мен тарбие беру бүгінгі күннің өзекті мәселесі болып отыр. Экологиялық білім берудің мақсаты – жеке адамның бойында табиғатқа деген ізгілік қатынастарды қалыптастыра отырып, «адам», «қоғам», «табиғат» арасындағы толық үйлесімділік рухында тәрбиелеу. Сондықтан қазіргі адамзат алдында тұрған маңызды мәселенің бірі – қоршаған ортаны, туған табиғатты аялап, оны қорғаудың жолдарын шешу. Экологиялық білім беру жеке адамның экологиялық мәдениетін қалыптастырудан басталу керек. Бүгінгі күннің басты мәселесіне айналып отырған экологиялық шиеленісті шешудің бірден-бір жолы қоғам мүшелерін экологиялық сауаттылыққа, мәдениеттілікке тәрбиелеу.
Осыған орай біздің оқу сауықтыру орталығында «Экология және Жердің болашағы» тақырыбында республикалық эссе байқау қашықтан ұйымдастырылды. Үміткерлерге экология және адам денсаулығы; экология және қоршаған орта және менің қаламның экология мәселелері бойынша ерікн шығарма жазу тапсырмалары беріліп, сайысқа барлық өңірлерінен 918 оқушы (5-9 сыныптар) қатысты. Қазылар алқасы мүшелерінің ұйғарымы бойынша 292 оқушы жеңімпаз ретінде танылып, топжарған он шәкірт біздің орталықта демалудың тегін жолдамасын иеленді.
Абдумавлянова Маржона мен Миржанқызы Гүлназ – БҚО; Амандаулетова Аяулым – Ақтөбе облысы; Богданова Индира – СҚО; Ислах Әлия мен Реймбаева Назерке – Маңғыстау облысы, Реснянский Елисей – Павлодар облысы; Странский Илья мен Шостак Валерия – Қостанай облысы; Шелпакова Злата – ШҚО. Алғашқы қатардан 31 оқушы көрінсе, екінші орынды 37 оқушы иеленді. Үшінші орынмен 51 оқушы марапатталса, лауреат атағын 173 оқушы табысталды. Республикалық оқу-сауықтыру орталығының басшылығы оқушылар мен жетекшілерге байқауға белсенді қатысқаны үшін алғыс білдірді.
Ендеше экологиялық тәрбиені баршаның бойына, әсіресе жас буындарға сіңіру үшін барлық құрылымдық жүйесінде кешенді жұмыс жүргізу қажет. Мұзафар жазушы Әлімбаев айрықша атап айтқандай «Халықтық педагогика – ғасырлар бойында қалыптасып, қорлана байып келе жатқан ғылым. Яғни халықтық педагогика дегеніміз – жас буынды тәрбиелеудің құралы деуге болады. Бүгінгі күнде ұлттық дәстүріміздің, жасөспірімдердің бойына сіңіру, санасына жеткізу мақсатында қай пәннен қай сабақта болса да халықтық педагогика элементтерін қолдауға болады. Табиғатты қорғау дәстүрлері жас буынға экологиялық білім мен тәрбие берудің қайнар көзі.
Гүлбаршин Қайратқызы ҚОЖАХМЕТОВА,
“Балдәурен” республикалық оқу сауықтыру
орталығының химия және биология пәні
мұғалімі, Ақмола облысының Бурабай ауданы