Жазу құпиясы: Каллиграфия бүккен сыр…

Каллиграфия (көркем жазу) мәселесі. Каллиграфия арқылы адамның мінез-құлқын, психикасын өзгертуге, тұрақтандыруға болады деген әңгіме бар… Сөзді әріден бастайық. Қоғамның орнықты дамуы немесе белгілі бір ұжымдағы еңбек өнімділігінің нәтижесі ұжымдағылардың кәсіби шеберлігі мен дағдысына, білімі мен икемділіктеріне ғана тәуелді емес, көпшіліктің сонда қалыптасқан тұрақты көңіл-күйіне де байланысты.

Сары уайымға салыну, жабырқау, торығу, жалғызсырау, ұрыс-керіс қоғамда да, ұжымда да қолайсыз ахуал туғызып, ортақ мақсат, мүддеге кесірін тигізеді. Балаларды да, ересектерді де ұжымда біріктірудің негізгі көзі – тұрақты жағымды ахуал туғызу арқылы ортақ мақсаттың және оны іске асыруға бағытталған іс-ірекеттің болуы. Ал жағымды ахуал туғызудың бір жолы – көңіл-күйді тұрақтандыру. Жетінші ғасырдан бастап араб жазуының насхи, насталик жазуы да (Х-ХV ғғ.) кең тарап, әдеби, ғылым текстерді көшіруші ірі каллиграфтар шыққан.

Араб мәдениеті тарихында атақты шаирлардың кітаптарын көшіріп, халыққа қолжазба күйінде таратушы — хүсни- хатшылардың (полиграфтардың) қызметі де жоғары бағаланған. Кейінгі ғасырларда кітап басу ісінің еркендеуіне байланысты көркем жазу өнері фафика, көркемдеу салаларында ғана шектеліп қалды. Кейіннен бастауыш мектепте пән ретінде қалыптасты. Қазіргі кезеңде көркем жазу елімізде бастауыш сыныптарда оқылатын қазақ тілі бағдарламасына арнаулы курс ретінде еніп отыр. Көркем жазу қағидалары әсіресе грамматика мен емлені оқытуда басшылыққа алынады.

Жазудың графикалық жақтарын үйретудегі мақсат дыбысты әріппен белгілей білу, жазудың сыртқы түрін, әріптердің әдемілігі мен тіркесу жолдарын игеру, әріп элементтерін сақтай жазу, шапшаң жазу, кешіріп жазу, естіп жазу, санаумен жазу, сөйлемді, тұтас тексті дұрыс, анық, таза жаза білу, ойын бірте-бірте жазба түрде баяндай білу секілді дағдыларды меңгеру болып табылады. Қазіргі жапон өмірінен тағы бір қызықты мәліметті де келтірейік. Жапонияның көптеген ірі фирмалары түскі үзіліс уақытында сенсейлерді (мұғалімдерді) шақырып, қызметкерлерімен бірге каллиграфиямен айналысқан.

Компания басшылары арзанға түспейтін бұл сабақтың денсаулық үшін ғана емес, мамандардың шығармашылық әлеуетін дамытуға да пайдалы деп есептейді. Жапондықтардың ең жұмыскер ұлт екендігіне ешкім шәк келтірмесі анық, ондай-ақ олар – инновациялық сала әзірлемелерінде ең бір алдыңғы қатарлы және ең креативті халық. Әрине, бұл каллиграфияның ғана арқасында ғана қол жеткен жетістік емес. Бірақ оның жапондықтардың өз тарихына, салт-дәстүрлеріне, түп-тамырына асқан құрметпен және ұлттың рухани құндылық пен денсаулықтарына сақтықпен қарауларының нәтижесі екендігі анық.

Қытай мамандары бұл тақырыпты мүлдем күтпеген жағынан ашады. Пекин Графикалық коммуникация университетінің доценті Юань Пу өзінің «Каллиграфия мен денсаулық» мақаласында каллиграфияның ми жұмысына әсерін, жалпы алғанда адам өмірінің ұзақтығына әсерін де айтады. Еркін әрекеттердің ішінде жазу әрекетінің соншалық қиын екендігі және көп еңбекті қажет ететіндігі анықталған. Салыстыру үшін: көптеген заманауи мектептерде емлеге аптасына бір ғана сағат бөлінеді, кеңес дәуіріне дейінгі қазақ еліндегі мектептерде аптасына 10 сағаттан бөлінген.

Ал Ресейде Императорлық Царскосельский лицейдегі кезінде Александр Сергеевич Пушкин каллиграфиямен аптасына 18 сағаттан айналысқан. Ал каллиграфияның адам өмірін ұзартатыны, – ғылыми дәлелденген мәлімет. Заманауи каллиграф Су Цзусиань 110 жыл өмір сүрген. Дон Шупин 94 жас жасаған. Шрифті ойлап тапқан, қазіргі заманғы каллиграф, Қытай каллиграфтары ассоциациясының бұрынғы мүшесі Ци Гун 95 жасқа жеткен. Қытайдың басқа маманы, профессор Генри Као жүргізілген зерттеулер негізінде батыл қорытындылар шығарады: каллиграфия арқылы емделмейтін ауру жоқтығына сендіреді.

Каллиграфиялық жазумен айналысатын науқас өзін тыныштықта, эмоциялық сабырлықта ұстайды, тыныс алуы да бірқалыпты, тамыр соғысы да тұрақты, қан қысымы да қалыпты, бұлшықеттері де жұмсақ күйде болады. Қандай бір істе жауаптылық, саралау, кескіндерді ажырату, сондай-ақ кеңістікте бағдарлау қабілеті артады. Қорыта айтқанда, күнде өзгеретін заманда адами фактор негізгі құндылық болып отырғанда ата-бабаларымыздан қалған өнеріміз – көркем жазуды қайта жандандырсақ, алмағайып заманда өмір сүріп отырған адамдардың моральдік, психологиялық аухуалының біршама түзелетіндігі, балалардың стресске, күйзеліске түсулері біршама азаятындығы сөзсіз.

Жұпар Сақанқызы ҚҰРМАНОВА,
“Өрлеу” БАҰО АҚ филиалы ШҚО бойынша
ПҚ БАИ “Жаратылыстану және гуманитарлық
пәндерді оқыту әдістемесі» кафедрасының
меңгерушісі, ф.ғ.к, Өскемен қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий