Ақпараттық әлемдегі медиа білімнің маңыздылығы

Жаһандану және ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуы жағдайында әлемде медиасауаттылық, медиамәдениет, медиабілім және тағы басқа ұғымдар пайда болып, олардың көкейкестілігі жылдан-жылға артып келеді. Бүгінгі таңда өскелең ұрпақ тек ақпаратты қабылдап, оны талдаушы ғана емес, ол, сонымен қатар, оны белсенді түрде жасаушы болып есептеледі.

Медиабілім – педагогика ғылымдары саласындағы ақпараттық- коммуникациядық құралдарды меңгеруге үйрететін жаңа бағыт. Бүгінгі медиабілім әр тұлғаның қажеттіліктеріне сәйкес күннен-күнге маңыздылығы артып келеді. Бұл мәселелер білім беру жүйесінің алдына жаңа мақсат пен міндеттерді қояды, адамнан тек жаңашыл техникалық құралдарды білуін және олармен жұмыс істей алуын талап етіп қана қоймай, белгілі дәрежедегі сын тұрғысынан ойлауды, сонымен қатар ақпараттық материалды іздеумен, өңдеумен және ұсынумен байланысты өз бетімен шығармашылық жұмыспен айналысу дағдыларын қажет етеді.

Бүкіл әлемде орын алып отырған әлеуметтік өзгерістер мен ақпараттар тасқыны түрлі медиақұралдарды пайдалану контексінде дәстүрлі түрде қалыптасқан жүйелерді, оқыту әдістері мен технологияларын қайта қарастыруды талап етіп отыр. Қазіргі адам белгілі көлемдегі білімге ие болып қана қоймай, сонымен қатар өздігінен білім ала білуі, қажетті ақпаратты іздеп таба білуі, ол үшін түрлі дереккөздерін пайдалана отырып, үздіксіз дамуы қажеттілігі туындайды. Жаһандану дәуірінде педагогикалық ақпараттық технологияларды жақсы игерген, шығармашылық қабілеті мықты, түрлі ақпараттарды талдай білетін мамандарды даярлауға қол жеткізбей болмайды.

Елімізде педагогикалық білім саласында қолданыла бастаған медиабілімді игеру қарқынды жүзеге асырылуда. Мектептердегі медиабілім беру технологиясын жобалау және қолдану келесі бағыттарда жүргізілуі мүмкін: интеграцияланған медиабілім беру негізінде жеке пән мен медиабілім беруді интеграциялау мақсатында жеке пәндерді оқыту барысында медиамәтіндерді көрнекі қолдану негізінде сыни ойлануға мүмкіндік беру; арнайы немесе әлеуметтік мәдени негізінде заманауи медиа тәжірибесін оқыту —видео түсірілім және монтаж негіздерін үйрену. Осы бағыттар аясында қазіргі таңда қашықтықтан оқытудың құралы ретінде виртуалды білім кеңістігін құрудың маңыздылығы артуда.

«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының филиалы Қостанай облысы ПҚ БАИ-ның жоспарына сәйкес «Виртуалды білім беру бағытының аясында еліміздегі үздік педагогикалық эстафетасы» бағытында аймақтық мұғалімдердің бейне сабақтарын ұйымдастыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп отыр. Жалпы, бұл іс-шараның мақсаты – виртуалды білім беру бағыты аясында мұғалімдердің озық іс-тәжірибесін тарату болып табылады. Іс-шараға қатысуда облыстағы жалпы білім беретін мектептердің мұғалімдері жоғары деңгейдегі жеке тәжірибелерімен бөлісуде. 

Озық іс-тәжірибелерді тарату мақсатында Арқалық қаласындағы білім бөлімінің әдіскері М.Калиева «Вирталды білім беру эстафетасына жалпы орта білім беретін мектептер жұмыла атсалысып қатысты. Виртуалды педагогикалық эстафетаның талаптарына сәйкес оқу бағдарламасы бойынша бірнеше сыныпқа 1-4 тоқсан аралығына арналған видеосабақтар ұсынды. Видеосабақтарды дайындау кезеңінде «Өрлеу» тренерлері тарапынан мұғалімдерге әдістемелік көмек көрсетілді. Соның негізінде мұғалімдер өздерінің кәсіби шеберліктерін көрсете отырып, медиа сауаттылықтарын дамыта алды десек те болады.

Видеосабақтар әзірлеу барысында iSpring, bandicam ақпараттық бағдарламаларын қолданды. Қашықтан оқыту барысында дайындалған видеосабақтарда тиімді әдіс-тәсілдерді оқушының жас ерекшілігіне, қажеттілігіне, тапсырмаларды саралау да ескеріліп отырды. Жалпы, қашықтан оқытуда ұсынылған видеосабақтар ұстаздарға көп нәрсені үйретті десек болады. Енді, осы видеосабақтарды қолдану барысында қашықтан компьютермен жоғары дәрежеде сауатты жұмыс жасап, оған іс жүзінде дағдыланып, оқушыларға өз пәнінен ақпараттар беріп және ақпараттық жүйелердегі ресурстарды пайдалануда оқушылардың дағдысын қалыптастыра алдық.

Оқушы қашықтан оқу кезінде білім алу процесін қолайлы уақытта, ыңғайлы орында, тиімді темптегі өз бетінше жұмыс жасауға үйренді. Бала бұрын мұғалімнің өзінен тікелей білім – ақпаратты еститін болса, қазір мұғалімнің бағыт-бағдар көрсетуімен өздігінен оқып, өздігінен үйреніп, берілген тапсырманы ортаға салып, талқылап, кері байланыс жасаған кезде, оқушы ұстазды білімімен таңқалдырып, оқушыдан ұстаздың да үйреніп жатқан кездері бар. Оқытудың «Күнделік», «Classroom», «Watsap» жүйелерін ойдағыдай пайдалана білудің нәтижесінде ұстаздар мен оқушылар арасында өзара қашықтан байланысы үзілмей, білім беру, білім алу үдерісі үздіксіз жүргізіліп келеді» деген ой тұжырымдамасынан медиабілімнің маңыздылығын аңғаруға болады.

Қорыта айтқанда, білім беру саласы жаһандық ақпараттандыру үрдісін сезінуде. Ақпараттық қоғамның дамуы жаңашыл білім беру парадигмасы қалыптасуымен байланысты. Оның негізінде білім беру арқылы тұлғаның дамуы жатыр. Жаңа білім беру парадигмасында кез келген жеке тұлға – педагогикалық ықпал ету объектісі ғана емес, оқу үрдісін ұйымдастырудың жаңа формалары арқылы қарапайым репродукциядан алшақ оқытушымен диалогқа тартылған таным іс-әрекетінің белсенді субъектісі екенін ұмытпағанымыз жөн.

Галия Сапарбековна ЖУСУПОВА,
“Өрлеу” БАҰО АҚ филиалы Қостанай
облысы бойынша ПҚ БАИ жаратылыстану
және гуманитарлық пәндерді оқыту
әдістемсі кафедрасының меңгерушісі

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий