Жазылым әрекетінде жаңа технологияларды қолдану жайы
Қазіргі кезде мектептегі білім беруде маңызды мәселелердің бірі – оқушылардың коммуникативтік құзіреттіліктерін дамыту. Құзіреттілік– оқушының алған білімі мен біліктерін күнделікті өмірде тәжірибе және теориялық мәселелерді шешуге қолдана алу қабілеттілігі. Коммуникация – қарым-қатынас, өзара байланыс дегенді білдіреді.Орыс тілінде оқытатын мектептерде қазақ тілін оқыту әдістемесі тілдерді оқытудың жалпы теориясы – лингводидактиканың бөлімі болып табылады.
Қазақ тілін басқа ұлт өкілдеріне оқытудың әдістемелік мәселелерін зерттеу мемлекетіміздің жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарында жүргізіліп келеді.Орыс тілді мектепте қазақ тілін оқыту әдістемесі жан-жақты зерттеліп отырса да, әлі де жүйелі түрде зерттеуді қажет етеді. Соның бірі – орыс тілді оқушылардың жазбаша сөйлеу тілін дамыту. Жалпы білім беретін мемлекеттік стандарт бойынша оқытудың міндеттері: қазақ тілінде сөйлеу және жазу икемі мен дағдыларын қалыптастыру, яғни коммуникативті біліктілікті қалыптастыру; қазақ тілінің тілдік білім негіздерінің жүйесін танып білу, яғни тілдік білікті қалыптастыру; қазақ халқының мекенін, тарихын, рухани және материалдық мәдениетін, тұрмысын таныту, яғни тарихи-мәдени таным біліктілігін қалыптастыру.
Сауатты жазудың қоғамдық мәні зор болған көптеген технологиялар бар. Соның бірі М.Жанпейісованың «Модульдік оқыту технологиясы». Технологияның тиімділігі – оқушының терең білім алуына және мұғалімнің де шығармашылық шындалуына септігін тигізеді. Бұл технологияның ерекшелігінің бірі – сөйлесу бөлімінде оқушылардың жазбаша тілінің дамуына мүмкіндік беруі. Кіріспе бөлімінде мұғалім оқушыларды оқу модулінің жалпы құрылымымен, оның мақсат-міндетімен таныстырады.
Және осы модуль уақытына есептелген грамматикалық материалды түсіндіреді. Негізінен сызба, кесте және тағы да басқа белгілерге сүйене отырып түсіндіреді. Сөйлесу бөлімі оқушылардың өзара әрекет етуіне құрылған. Оқытуды ойын түрінде ұйымдастыру және әртүрлі белсенді формаларды (топтық, жұптық, ұжымдық) қолдану – оқытудың міндетті шарты болып табылады. Сөйлесу бөлімі оқу материалдарын қайта жаңғырту және қарапайым білік пен дағды қалыптастыру мақсатында, кейін алынған білімді талдау, жинақтау, бағалау мақсатында жүргізіледі.
Орыс тілді аудиторияда жазылым әрекетін дамыту үшін жасалатын жұмыстардың ең негізгілері сөйлесу бөлімінде орындалады. Яғни, сөздік диктант, терме диктант, шығармашылық диктант, жатқа жазу диктанты, мазмұндаманың түрлері, шығарма, түрлі тілдік, қатысымдық жаттығулар оқушылардың жазылым әрекетін дамыту мақсатында жүргізіледі. Қорытынды бөлім – бақылау. Бұл бөлімде оқушы өзінің сөйлеу бөлімінде алған білімін, білігі мен дағдысын ешкімнің көмегінсіз көрсетуі керек.
Білімді бақылау формаларына: тестілік тапсырмалар, бақылау жұмыстары, сынақ, шығарма немесе бақылау диктанты жатады. Оқытуда көп уақыт сөйлесу бөліміне беріледі. Сол себепті сөйлесу бөлімін даярлағанда мұғалім оқу материалының негізгі мазмұнын бөліп, құрылымдайды. Мұнда оқушылар оқу материалына қайта оралып, пысықтап, бекітуі үшін оның әр сабақта жеке бөліктермен берілетінін есепке алу керек, бұл бөліктерде қысқаша сыйымды түрде тұтас тараудың мазмұны беріледі.
Және мұғалім оқушылардың өзара сөйлесуін қамтамасыз етуге баса көңіл бөледі. Сөйтіп, мұғалімнің сөйлесу бөлімін дайындаудағы бес әрекет-қадамнан тұратын даярлық құрылымы қалыптасады. Модульдің сөйлесу бөліміндегі негізгі материалдың мазмұнын белгілеу. Оқу материалын біртұтас, жинақы «өсу» бағытымен беру. Тақырып бойынша жеңілдетілген деңгейдегі және білім стандартының талаптарын қамтамасыз ететін деңгейдегі тапсырмалар дайындау. Осы бөліктің барлық сабақтарында өзара сөйлесуді қамтамасыз ету.
Қорыта айтқанда, модульдік оқыту технологиясын жүйелі түрде пайдалана білген ұстаздың оқушының білім, білік дағдыларын арттыруда ұтары мол деп білемін. Өйткені, технология практика жүзінде өтіліп жатқан тақырыпқа жиі қайта оралып отыру арқылы және оқушының бойындағы жасырын жатқан дарынын ашуға, қызығушылығын арттыруға бағытталған ойын әрекеттері арқылы сабақ ұйымдастыруды қажет етеді. Және бұл жұмыстар арқылы мұғалім де көп ізденіп, өзін-өзі толықтырып отырады. Яғни оқушылармен бірге дамиды.
Қарлығаш Сабыржановна ТУЛЕПБЕРГЕНОВА,
Новомихайловка орта мектебінің қазақ тілі
мен әдебиет пәні мұғалімі, Солтүстік Қазақстан
облысының Мамлют ауданы