Ғибратты ғұмыр: Адамдықтан айнымаған академик

Жамбыл облысындағы Меркі ауданының тумасы, өнегелі өмірін еліміздің білімі мен ғылымына арнаған академик Сәбит Баубеков үлкенді құрметтеп, кішіге ізет көрсетіп отыратын еңбекқорлығымен, қабілеттілігімен ерекшеленетін және жаны таза, жүрегі кең, бауырмал азамат еді. Оның жанында атақты аға да, парасаты мен пайымы мол замандас-құрдас та, ізетті іні де көп болды.

Сәбиттің балалық шағын айтар болсақ, тұтас бір тарихи дәуір еске түседі. Ол Жұмабай отбасында дүниеге келген он перзенттің үшіншісі еді. Алдындағы ағасы екеуінің арасы бір жарым жас қана болғандықтан, «мынасы өсіп қалды ғой, адам болып кетер, «ал мына шақалақ қалса біздікі, алса Құдайдікі», – деп ата-анасы баланы әжесінің қолына тастап, мал бағып кетіпті. Сол күннен бастап бала алдымен тірі қалуға, содан соң айласын тауып қиындықты жеңуге үйренеді. Жастайынан ауыр жұмыстарды орындауда неше түрлі айла-тәсілдерді ойлап табуға құмар болады, әсіресе, жер аударып, бақша еккенде күректің сабының ұзындығы мен үшкірлігін, жерге ену бұрышын есептеп, күшті аз қажет ететін тәсілін тауып, басқа бауырларынан артығырақ жұмыс атқарады екен. Кірпіш құйып, үй салғанда да қалыптың астын тайғанақ жасап, ал, адамның табанына таймайтындай етіп, көлденең ағаштар байлап, бедер салып, әуре болып жүреді. Осылайша, ауыл баласы динамика есептерін бала кезінен-ақ тәжірибеде шешіп үйренеді.

Мектепте де осы дағдыларынан арылмай, тәжірибе жасаймын деп физика, химия кабинеттерінде талай приборларды сындырыпты. Балалардың ішінде Сәбит ерекшелеу болып өседі. Өзі қияли. Кейде оңашада қолына тақтайдан жасап алған ағаш қылышын алып, ауаға сермеп: «Жоңғарды былай ұрамын, жоңғарды былай соғамын…», ағасы жасап берген ағаш автоматты кезеніп: «Жауызды былай қиратамын…» – деп әлдебіреулермен «соғысып» жатады. Кейде ақ қағазды шимайлап, өлең жазған болады. Оны әжесіне оқып береді. Әжесіне ойламаған сұрақтар қояды: «Әже, аспан неге тұңғиық, түпсіз?». Әжесінің «Аспанның түбі жоқ» – деген жауабына тағы да: «Неге түбі жоқ? Түбі жоқ нәрсе бола ма? Мұхиттың түбі бар. Теңіздің түбі бар…Таудың төбесі бар. Ағаштың төбесі бар…» деген сұрақтарды шұбыртады.

Заман ағымы мен талабына қарай ол кездерде балалардың бірінен қалған киімді екіншісіне кішірейтіп қайта пішіп, тігіп беретін де әжесі Баян еді. Тігін машинасы бұзылса, оны шұқып, жөндеп беретін Сәбит: «Әже, мен өскенде өзі тігетін, түк бұзылмайтын тігін машинасын жасап беремін», – дейді екен. Кітапты көп оқитын немересіне әжесі: «көз майыңды тауысып, көр соқыр боласың», – деп қолындағысын қояды екен. Қайран әже, сол кітапты оқығаннан «көзі ашық» азамат болып өсетінін қайдан білсін?! Әжесі: «Осы балам оқымысты болады. Бүкіл елге, әлемге танымал академик болады…» – десе керек. Ия, кейуананың дуалы аузымен айтылған жақсы тілек кейіннен шын мәнінде орындалды да…

Оқушы кезінде-ақ өлеңдер жинағын шығарып, «ақын бала» атанған Сәбит мектепті озат оқушылардың бірі болып бітіреді. 1971 жылы Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі институтының (ЖЖТӨИ) инженер-механика факультетіне оқуға түседі. 1976 жылы институтты қызыл дипломмен бітіріп, Семей аяқ киім фабрикасына жұмысқа орналасып, механик деген лауазымды иеледі. Ол 1978 жылы Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі институтының ассистенті, онан соң осы институттың кәсіподақ төрағасы болып еңбек етті. Білімге қызыққан Сәбит ғылым жолына түсті. 1982 жылы Мәскеу технологиялық жеңіл өндірісінің зерттеуші-стажері болып еңбекке орналасты һәм аспирантураға оқуға түсті.

1987 жылы Сәбит бала кезінде әжесіне берген уәдесін орындап, «Аяқ киім өндірісінің  бұйымдарын автоматты жинау кезіндегі  бөлшекті бағдарлай тасымалдау механизмін жасау және оны зерттеу» тақырыбы бойынша кандидаттық диссертация қорғады, бұл оның өміріндегі үлкен бетбұрыс болды. Енді ол жаңа кезеңге, жаңаша ойлауға, жаңаша көрқараспен өмір сүруге дағдылана бастады, алдына мақсат қойып, соған ұмтылды. Сәбит 1988 жылы ЖЖТӨИ да ассистент болып еңбек етіп, 1989 жылы доцент ғылыми дәрежесін алды.

Ғылымдағы жетістігі мен арманы Сәбитті 2004 жылы Алматыға жетелеп, ол Қазақ-Британ техникалық университетінде ғылыми қызметкер бола жүріп, тәжірибе жинақтады. 2006 жылы А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Тараз институтында доцент, 2008 жылы Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің «Іргелі пәндер» кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарды. 2008 жылы Ташкент қаласында «Үйкелісті бағдарлап-тасымалдағыш құрылым (ҮБТҚ) негізінде жеңіл өндірісінң жиекті тігістерін автоматты түрде орындайтын машиналы жинағыш кешенді (МЖК) жасау және оны негіздеу» тақырыбында докторлық диссертация қорғады.

2009 жылы «Биология және география» кафедрасының меңгерушісі болып еңбек етті. «Жеңіл өндірісінің машиналары мен агрегаттары» мамандығы бойынша ғылым докторы және Аймақтық менеджмент академиясының академигі атақтарын алды. Ия, бала кезіндегі қызығушылығы мен асқақ арманы осылайша іске асып, Баян әжесі айтып отыратындай, ғылым жолында биік жетістікке жетті. Еліміздің ғылымына өлшеусіз үлес қоса отырып, тігін машиналарын автоматтандыру бойынша Серік Жұмабайұлы ашқан ғылымдағы жаңалықтарға келер болсақ, ол жасаған тігін машиналары (семейство швейных машин) бұйымның жиегінен түсетін тігісті адам қолының көмегінсіз тігеді.

Ол әсіресе, аяқ киім өндірісінде өте пайдалы, себебі теріні сөгіп, қайта тігуге болмайды, ине оны жыртып жібереді. Сонымен қатар, жеңіл өндірісінің бұйымдарына сән ай сайын жаңарып отырады, бүгінгі сәнді киім ертең сәннен (мода) шығып қалады. Оларды қалап, сатып алушылар көп болмағандықтан, нарықта өтпей тұрады. Сәкеңнің жаңалығы бойынша жасалған, қазіргі кезде қолданатын тігін автоматтары бағдарламамен жұмыс істейді.  Тағы бір айта кетерлігі, ол машиналарды қас шеберлер ғана емес, кез келген тігін машинасына отыра алатын біліктілігі ең төмен тігінші де орындай алады.

Сонымен қатар бұл машиналарды зағип жандар да пайдалана алады (тігу кезінде бұйымды машина тетігі өзі бағдарлайды), демек ол көзі көрмейтін жандарға да табысты жұмыс істеу мүмкіндігі туғызады. Сәбит Баубеков жасаған заманауи машиналар бәсекеге сай келетін, өнімді жылдам өзгерте алатын, нарықта өтімді өнім тіге алатын – ұтымды, халық игілігі үшін жасалған  жаңалық деп бағауға әбден лайық!  Ашқан жаңалықтары бойынша 8 монографиясы, 42 оқулығы мен оқу құралы, 250-ден астам ғылыми мақаласы жарық көрген. Ол жиырма өнертабыстық-инновациялық патенттің иесі.

Сондай-ақ, академиктің ғылымдағы жетістігінің тағы бір қыры – оның жетекшілігімен бір докторлық және 4 кандидаттық, оннан аса магистірлік диссертациялар қорғалды. Әр жылдары алған марапаттары да бір басына жетерлік. Осындай ғұмыры ғибратқа толы абзал жан екі жыл бұрын мамыр айында дүниеден озды. Нағыз ғалым, рухы мықты, қазақ халқының елжанды перзенті, «Өнерлі өрге жүзеді…» – деген аталы сөздің шындығын өмірі мен ғылымдағы жолы арқылы дәлелдеген арда азамат Сәбит Баубековтың жарқын бейнесі отбасының, ағайын-туғандары мен дос-жарандарының, әріптестерінің мәңгілік есінде.

Күнсулу Сатхановна ТАУКЕБАЕВА,
“Өрлеу» БАҰО” АҚ филиалы Жамбыл
облысы бойынша ПҚ БАИ, әдіснама
және педагогикалық инновация
кафедрасының меңгерушісі, т.ғ.к.,
қауымдастырылған профессор, Тараз қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий