Пәнаралық байланыс: Оқушылардың талдау дағдылары

Математиканы оқытудағы пәнаралық байланыстар оқытуда қолданбалы бағытқа жетудің маңызды құралы болып табылады. Мұндай байланыстардың мүмкіндігі математикада және сабақтас пәндерде бір аттас ұғымдар (векторлар, координаттар, графиктер мен функциялар, теңдеулер) зерттелетіндігіне және шамалар арасындағы тәуелділіктерді білдіретін математикалық құралдардың (формулалар, графиктер, теңдеулер кестелері, теңсіздіктер) сабақтас пәндерді оқығанда қолданылады. Әр түрлі оқу пәндеріне білім мен әдістердің өзара енуі қолданбалы мәнге ие болып қана қоймай, сонымен қатар ғылыми дүниетанымды қалыптастыруға қолайлы жағдайлар жасайды.

Қыркүйек айында 11 сыныпта  білім сапасын көтеру, сонымен қатар пән мұғалімдерінің өзара тәжірибе алмасуын, кәсіби шеберлігін, бақылау дағдыларын дамыту мақсатында Lesson Study тобы құрылды. Неге осы сынып таңдалып алынды? 10-сыныпта алынған сынама емтихан нәтижесінде қолданбалы сипаттағы есептерді шығаруда оқушылар 57% нәтиже көрсетті. Зерттеу алды сауалнама нәтижесі бойынша оқушылардың 60 % «Қолданбалы есептерді» шығаруда қиналатындықтарын айтты. Ал екінші жағынан оқушылар көбінесе жаңа идеялар мен ақпаратты өз сөздерімен білдіре бермейді. Сонымен қатар, осы оқу жылында таңдау пәндеріне байланысты реттеліп,  математика пәні бойынша жаңа топтар құрылған. 

Зерттеу жүргізу үшін үш топ мұғалімдерінің бірлесуімен Lesson Study-ді өткізу жоспары құрылды. Ең алдымен  «Зерттеуді қандай бағытта жүргіземіз? деген сұрақ туындады. Бұл ретте, білім алушылардың кейбір ерекшеліктері назарға алынды. Оқушылар есеп шарты бойынша түсінгендерін өз сөздерімен талдай отырып, жақсы есте сақтайды. Сонымен қатар оқушылар арасында ой-өрістерін кеңейтуге мүмкіндік беретін қызу пікір алмасу бар. Нәтижесінде Lesson Study өткізу үшін «Пәнаралық байланысты жүзеге асыру арқылы оқушылардың талдау дағдыларын дамыту» тақырыбы таңдалып, келесідей күтілетін нәтиже анықталды.

Теориялық және практикалық білімді басқа пәндермен үштастыра отырып қолданады; керек ақпараттарды сұрыптап,жинақтай алады; қосымша алынған  материалдарды тақырыппен байланыстырып, өз бетінше талдай алады; әр оқушының шығармашылық әлеуеті барынша дамиды. Зерттеуіміздің мақсаты: сабақта пәнаралық байланысты жүзеге асырудың тиімді жолдарын қарастыру. Қолданылған әдістердің оқушылардың талдау дағдыларының дамуына әсерін негіздеу. Зерттеу аясында келесідей әдіс-тәсілдерді қолдандық: кіріктірілген тапсырмалар ұсыну; құрылымдық тапсырмалар; құрылымдық тапсырмаларға оқушылардың бағалау критерийлерін құрастыруы; шағын зерттеу жұмыстарын жүргізу.

Lesson Study үш цикл бойынша өткізілді. 1-циклде алғашқы зерттеу сабағы бірлесіп жоспарланып, өткізілді. Сабақ соңынан оқушылармен кері байланыс ретінде сұхбат жүргізілді. Зерттеу жүргізуші мұғалімдермен бірлесе талдау жасалып және оқушылардың пікірлері ескеріле отырып,   келесі зерттеу сабағы жоспарланып отырды. Осындай іс-әрекет әрбір зерттеу сабағынан кейін қайталанып отырды.  Lesson Study жүргізу үшін А,В,С деңгейлі оқушылар анықтап алынды. Зерттеуге қатысушы мұғалімдер осы  оқушылардың сабақтағы әрекеттерін бақылап отырды.

Алғашқы зерттеу сабағында   оқушыларға практикалық мазмұндағы топтық  тапсырмалар ұсынылды және тапсырманың дескрипторы қоса берілді. 1-сабақты талдай келе, есепті шығару қадамдарына  талдау жүргізу үшін  тапсырманы күрделендіру мақсатында,  келесі сабаққа тапсырманың бағалау критерийлерін оқушылардың өздеріне құрғызу ұсынылды. Екінші  зерттеу сабағында  алғашқы сабақтың қорытындысындағы ұсыныс ескеріле отырып құрылды және өткізілді. Сабақта оқушыларға сараланған топтық жұмыс берілді және осы тапсырмаларға бағалау критерилерін құру тапсырылды.

Тапсырманы оқушылар Jamboard тақтасында орындады. Мұнда оқушылар ұсыныстарын тақтада жазып талқылады, осы жазбалар арқылы оқушылардың қалай талдау жасағандары анықталды. Оқушылардың есеп шығаруға, зерттеу жұмыстарын жүргізуге деген қызығушылықтарын қалыптастыру тек математикаға қызығушылықты арттыру құралы ғана емес, сонымен бірге оқушылардың шығармашылық тұрғыдан іздену құралы болып табылады. Осы мақсатта үшінші зерттеу сабағына шығармашалық тапсырмаларды беруге ұсыныс жасалды.

Оқушыларға алдын-ала сабаққа дейін шағын зерттеу тапсырмалары беріліп, сабақта оқушылар топпен тапсырмаларын қорғады. Үш цикл аяқталған соң мұғалімдердің бірлесуімен Lesson study қорытындыланды. Нәтижесінде, жалпы сыныптағы әр түрлі деңгейдегі оқушылар бойынша өзгерістерді анықтап, төмендегідей қорытындыға келдік:  оқушылардың әр есептің шартын мұқият оқып, оған талдау жүргізуге дағдыланғандығы және әрбір балдың қандай критерилер бойынша берілгендігін анықтай алу, әр қадамды нақтылау деңгейлері едәуір артқандығы  байқалды.

Оқу үрдісінде пәнаралық байланысты қолданудағы біздің іс-әрекетіміздің нәтижесі – оқушылардың математика сабағына деген көзқарасы, олардың оқылатын тақырыптарға қызығушылығы, басқа сипаттағы мәселелерді шешуі: физикалық, географиялық, химиялық және тағы да басқалар. Математика сабақтарында проблемалық мәселелер мен тәжірибеге бағытталған тапсырмалар түріндегі  пәнаралық есептерді жүйелі түрде қолдану, оқушылардың әртүрлі пәндерден алынған білімдерінің арасындағы байланысты анықтау мен бойына сіңіру қабілетін қалыптастыруды қамтамасыз етеді  деген қортындыға келдік.

Ең бастысы, осы зерттеу нәтижесінде сыныпта білім сапасында оң өзгеріс байқалды. Бұны оқушылардың бөлім бойынша жиынтық бағалау мен тоқсандық жиынтық бағалау жұмыстарының нәтижелеріндегі оң өзгерістерден, үй тапсырмасын жүйелі орындауларынан және сабақта оқушылардың өз ойларын еркін айтуларынан байқауға болады. Сабақта қолданылған әдіс-тәсілдер, әсіресе қолданбалы сипаттағы есептерді топта бірлесіп орындау, талқылау оқушылардың жоғарғы ретті дағдыларының дамуына ықпал етті. Бұл тек қолданбалы тапсырмаларды немесе шағын зерттеу тапсырмаларын орындау барысында ғана емес, таза математикалық есептерді шешуде де оң әсерін  тигізді.

Есептің шығарылу қадамдарын нақтылау арқылы дұрыс шешімді алу мүмкіндіктері арта түсті. Бұл зерттеу жұмысы тек оқушылардың білім сапасын көтеруге ғана бағытталып қойған жоқ, сонымен қатар мұғалімдердің де жаңа әдіс пен тәсілдерді тиімді қолдану құзыреттіліктерін жетілдіруді мақсат еткен болатын. Осыған байланысты, пән мұғалімдеріне төмендегідей ұсыныстар жасалды: тапсырмалар жеңілден күрделіге қарай бағытталуы қажет; деңгейлік тапсырмаларды дайындау барысында оқушылардың жеке ерекшеліктері ескерілуі керек; сыныптан тыс зерттеу жұмыстарын үйлестіру.

Қортындылай келе, оқытуда пәнаралық байланысты жүзеге асыру оқушының жеке басының жан-жақты және тұтас дамуына, қызығушылықтарын, білімге деген қажеттіліктерін дамытуға қажетті дамытушылық функцияның іске асуына мүмкіндік береді. Мұндай сабақтар оқушылардың әлеуетін дамытады, қоршаған шындықты тануға, ойлау логикасын, қарым-қатынас тұрғысынан талдау  дағдыларын дамытуға баулиды.

Математиканың басқа ғылымдармен пәнаралық байланыстарын жүзеге асырудың көптеген бағыттары бар. Оларды мұғалімнің сабақта қолдануы сөзсіз артықшылығы болып табылады және мектепте математиканы оқып үйренудің мақсаттарын толығымен жүзеге асыруға ықпал етеді.

Ардак Вальсоновна ХАЛИЕВА,
Серик Ерболатович ДЖУРГАБАЕВ,
Алматы қаласындағы ХББ НЗМ математика
пәнінің мұғалімдері

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий