Білім берудегі ынтымақтастық – бірлескен бастамаларға жол ашады
Silkway Халықаралық университетінің делегациясы Болашақ университетіне іс-сапармен болып қайтты. Биология және ауылшаруашылық, химия бағытында мамандарынан құралған жұмыс тобының мүшелері – Биология мамандығы бойынша PhD, «Іргелі және қолданбалы зерттеулер» Ғылыми-зерттеу институтының жетекшісі А.Т.Ермекбаева, «Өмір туралы ғылым» Ғылыми орталығының жетекшісі, а.ш.-ғ.к. Т.А.Жигитеков, «Химия және биология» кафедрасының меңгерушісі, техн.ғ.к. К.Т.Тулешова және б.ғ.к., доцент Ә.Е.Сихымбаев екі жоғары оқу орындарының арасындағы жасалған меморандум негізінде оқу және ғылыми жұмыстар бойынша тәжірибе алмасты.
Сыр еліндегі білім беру және ғылым саласындағы жаңашылдықты ұстанып келетін Болашақ университеті студенттер мен магистранттарға үздіксіз сапалы білім нәрімен сусындап келеді. Бүгінде жоғары оқу орны гуманитарлық, педагогикалық, жаратылыстану және медицина саласының кадрларын даярлау, кадр әлеуетін арттыру, білім алушылардың практикалық даярлығын жетілдіру жолында сапалы жұмыс жасауда.
Болашақ университетінің ректоры Қуаныш Дәуренбеков мырзаның бастамасымен білім алушылардың заманауи форматта білім алып, өз тәжірибелерін академиялық ұтқырлық бағдарламасы арқылы білім мазмұнын тереңдету мәселелері дұрыс жолға қойылған. Осы ретте жаңа үлгіде бой көтерген оқу ғимараты, студенттер үйі, спорт кешені дәлел болады. Жоғары оқу орнының оқу үдерісін инновацияландыру мен цифрландыру бағытында шетелдік оқыту материалдары, зертханалық құрал-жабдықтар мен медициналық муляждар, симуляциялық орталықтары білім сапасын арттыруда өзіндік орын алатыны сөзсіз.
Іс сапар барысында Болашақ университетінің бөлім басшыларымен, профессор оқытушылар құрамымен дөңгелек үстел ұйымдастырылды.
Кездесу барысында екі жоғары оқу орындарының бүгінгі жетістіктері мен бірлесе атқаруға болатын ғылыми, оқу-әдістемелік жұмыстарға баға берілді. Бас қосу кезінде бүгінгі күннің өзекті деп танылған мәселелері Халықаралық журналдарға мақала жариялаудың барысы, қоғамдық сананың жаңғырту бағыттары айтылды. Университеттің «Болашақ» Ғылыми-зерттеу институтының директоры М.Ө.Насимов «Социосфера», «Молодой ученый» баспа журналдарымен тікелей байланыста екендiгi және Elsevier баспаларымен жұмыс жасауды icке асырып жатқанын мәлімдеді.
Жаратылыстану және ауыл шаруашылық бағытында білім алушылардың білім дағдыларын қалыптастырудың практикалық базасына айналған университеттің «Балжансай» агробиологиялық участогында жылына 6 тонна бал алуға мамандандырылған Бал ара омартасы, 4 кешеннен құралған жылыжай, 23 гектар территориясы бар «Астаукөл» агробиологиялық орталығы егіншілік саласына машықтандырылған.
Жоғары оқу орнының инклюзивті білім беру саласына дұрыс көңіл бөліп, мүгедек білім алушыларды жан-жақты қолдау көрсетіліп жатқаны делегация мүшелерінің ерекше назарын аударды.
Silkway Халықаралық университеті және Болашақ университеті арасындағы білім беру саласындағы ынтымақтастықтың сабақтастығы – бірлескен ғылыми жұмыстар мен академиялық ұтқырлық санатында ары қарай жалғасын таба бермек.
Ермекбаева Акбопе Тонтаевна
Silkway Халықаралық университетінің
PhD, «Іргелі және қолданбалы зерттеулер» Ғылыми-зерттеу институтының жетекшісі
Бибол Ермұратұлы ЖАҚЫПБАЕВ,
Silkway Халықаралық университетінің
PhD, Ғылым және инновациялар жөніндегі проректор