Шығармашылығын шыңдаған шәкірттердің шаттығы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің (27.12.2019 ж, №988) қаулысымен бекітілген елімізде білім беруді және ғылымды дамытудың 2020 – 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында жалпы білім беретін мектептерде оқушыларды зияткерлік бағытта дене бітімі және рухани дамыған азамат ретінде қалыптастыруға айрықша мән берілген.

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» тақырыбындағы (01.09.2020ж) Жолдауының «Қолжетімді әрі сапалы білім» аталатын төртінші тармағында: …Мамандардың негіздеуінше, мем­ле­кеттің тек дарынды оқушыларды қолдауы балалар арасында әлеуметтік ара-жікті ұлғайтуы мүмкін. Бұған жол беруге болмайды. Осыған орай, мемлекет қара­пайым мектептерге қолдау көрсетеді. Сонымен бірге бұл қадам қала мен ауыл ара­сын­дағы білім беру саласындағы алшақ­тықты қысқартуға жол ашады.

Өскелең ұрпақтың спорттық және шы­ғар­машылық әлеуетіне аса назар аудару қажет. «Балалар үйірмесі» қызметін қайта қалпына келтірген жөн. Онда жастарымыз қолөнердің және шығармашылықтың бастапқы негіздерімен танысар еді. Балалар үшін қатерлі бүгінгідей аумалы-төкпелі заманда олардың күш-жігері мен қызығушылығын дұрыс арнаға бағыттау аса маңызды. Балалар мемлекетіміздің болашағы емес пе?! Әкімдердің жұмысын осы өлшем бойынша да бағалаймыз, – деп жоғары атқарушы билік пен жергілікті құрылымдарға арнайы тапсырма жүктеген болатын.

– ҚР Тәуелсіздігінің 30-жылдығына орай және Мемлекет басшысының барша отандастарымызға арнаған Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының 75-тармағын (Барлық облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда және астанада, ірі аудан орталықтарында спорт секцияларын ашу және «балалар үйірмелерінің» қызметін қалпына келтіру) орындау мақсатында аудан орталығы Ботақара кентінде балалар технопаркі ашылды, – дейді Қарағанды облысындағы Бұқар жырау ауданы білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі Тұртбаева Бақтықыз.

Бақтықыз Тұрсынбекқызының айтуынша жаңа заманға сәйкес жабдықталған техникалық орталықта жобалық қуаты 80-100 оқушыны қабылдау мүмкіндігі бар алты кабинет жастар үшін қызмет атқарып тұр. Ауыл мектептерінің білім  сапасын арттыру, қосымша білім беру саласын қолдау мақсатында технопарктің ашылуына облыстық бюджеттен 38 516 000 қаржы бөлінген. Жобалау шеберханасына қоса жасыл технология және экология кабинетін ұйымдастыру барысында оқушылардың технологиялық және экологиялық сауаттылықтарын арттыру көзделегендіктен осы бағыттағы талабын ұштауға ұмтылған ұл-қыздар өсімдіктерді өсіру, зерттеу, қоршаған ортаны, экологияны  қорғау бойынша бастапқы білімдерін жетілдірулеріне болады.

Биология пәні бойынша өткен түрлі тақырыптарын тереңдетіп, ізденістерін ілгерілету арқылы ғылыми жарыстарға қатысады. Тың тәсілдер мен тәжірибелік сынақтарды қолдану барысында астық  тұқымдас дақылдар мен бау-бақша және гүлдердің түр-түрін өсіруді үйренеді. Әсем гүлдермен оқу кабинеттеріне қоса мектеп ауласын көгалдандыруға үлес қосуға ниетті жастар зертханада өсімдіктерді баптаудың қыры мен сырын меңгеріп шығары даусыз. Hi-TeсҺ кабинетінде оқушылар түрлі (қыш  станогі, фрезерлік станок, лазерлік кесу, дәнекерлеу) станоктарындада жұмыстар атқарып, техникалық шеберліктерін шыңдамақ.

Қажетті құрал-жабдықтардың көмегімен металл мен ағашты өндеу арқылы түрлі тұрмыстық бұйымдармен қатар басқа да көркем әрі тың дүниелерді жасауға жағдай жасалған. Сондықтан оқушылар аралау, сүргілеу, фрезерлеу, бұрғылау айналдыра жону, тегістеу амалдарын қолданып, суретті өз салатын 3 д модельдеу бойынша жаңаша білім алады.  Дыбыс жазу студиясы өнерлі өрендердің вокалдық қарым қабілеттерін дамытуға таптырмас мүмкіндік. Таспаға жазылған дыбыс таза шығады. Техникалық тұрғыдан дұрыс өңделген дауыстың тұнық әрі әсем әуенмен әрленері даусыз.

Артық демдерді алып тастау қарастырылғандықтан оқушының өнерге құлшынысы арттып, сенімі молаяды. Жеке орындаушылармен бірге оркестр, ансамбльдердің шығармашылық жұмыстарын жазып, өңдеуге және сақтауға болады. – Домбыра, қобыз сынды ұлттық аспаптардың сүйемелдеуімен жеке, дуэт, трио орындаған туындыларды тыңдармандар жылы қабылдайтындығы анық. Жыршы-жыраулар сыныбының жырлары мен айтыстарын аудио таспаға түсіру арқылы оқушылардың  пән бойынша берілетін тапсырмаларды тыңғылықты және жетік орындауға ынтасы мен жігерін барынша арттыра аламыз, – дейді Бақтықыз Тұрсынбекқызы.

Театр сыныбына қатысушылардың оқыған монологтары мен диалогтарын, жыр-өлеңдерін таспаға түсіріп, өңдеуді жоспарудамыз. Аудио кітаптарды қазақ және орыс тілдерінде жазу үшін аудандық кітапханамен бірлесе атқарылатын жұмыстар нақтылануда. Енді міне бала кезінен көгілдір экраннан жүргізуші ретінде көрінуді немесе баспасөздің тілшісі болуды қалаған таудай талабы бар жергілікті оқушылардың арманы орындалғаны хақ. Осы орайда бағыт пен бағдар беретін тәжірибелі тәлімгерлер балаларды сұхбат алуға үйрету мақсатында арнайы түсірілімге шығарып, түрлі тақырыпта жинақталған материалдар бір орталықтан монтаждалады.

Демек жастар көпшілік алдында бүкпесіз сөйлеумен қатар ойы мен пікіріне қоса ұсынысын да сауатты жеткізуге, телевиялық камера алдында бойын еркін ұстауды меңгермек. Сонымен қатар суретке түсіру, фотоны өңдеу, актерлік шеберлікке баулуға да басымдықтар берілген. Әрбір қатысушы диктор әрі жүргізуші ретінде бағын сынап көреді. Барлық жұмыстардың әлеуметтік желілердегі парақшалар мен YouTube арнасы арқылы қалың көрмерменнің көзайымына айналатын кез алда. Болашақ жас журналистер үнемі шығармашылық ізденісін жетілдіріп отыруы тиіс.

Сондықтан үздік жобаларды айына бір рет облыстық телевидение арқылы кеңінен насихаттау мақсатында мүдделі тараптардың арасында уағдаластықтар жасалуда екен. Көркемдік модельдеу кабинетінің оқушыларды, әсіресе қыз балаларды ұлттық өнерге баули отырып киім піші, тігу, тоқыма түрлері, ою және тағы да басқа көркем еңбек түрлеріне тартып, қызықтыратындығымен де мәні бөлек әрі маңызы зор. Халықтың қолөнердегі мол мұрасынан нәр алып, бастау бұлағымен сусындаған кез келген бойжеткен болашақта өмірден өз орын табары даусыз.

Көркемдік модельдеумен сән үйлерінің, тігін фабрикаларындағы эксперименттік лабораториялардың суретші-модельерлері тұрақты айналысады. Олар сән бағыттарын, модельдің кімге арналғанын, оның қызметін, қандай матадан жасалатынын, өндеу түрлерін, модельдің түрі мен түсін таңдауды, ұсақ түйекті (фурнитураны) аксессуарларды ескере отырып, бөлшектер коллекцияларын жасайды. Техникалық модельдеу дегеніміз – нобайлар, суреттер, фотографиялар бойынша модельдер жасау.

Онымен инженер – конструкторлар шұғылданады. Бұл кәсіптің мамандары модельдің нобайына байланысты сызбаның жекелеген бөлшектерін өзгертеді. – Алпыс мыңға жуық тұрғыны бар мәуелі мекеннің жұртшылығы өскелең ұрпақтың бос уақыттарын тиімді өткізулері үшін түрлі шығармашылық кабинеттердің ашылуына мемлекет тарапынан мүмкіндік жасау жөнінде облыс пен аудан басшыларына ұсыныстарын білдірген болатын. Қалың көпшілік талап-тілектерін мақұлдап, жан-жақты қолдау көрсеткен аймақ жетекшісі мен облыстық білім басқармасына алғыстарын айтуда, – дейді аудандық білім бөлімінің басшысы Ардақ Айкенова.

Ардақ Үменқызының мәліметінше бұл бағалы бастаманы жүзеге асыруда ресми түрде бекітілген келісім-шартқа сәйкес өңірдің қазына қорынан бөлінген қомақты қаржының бір бөлігін тиімді пайдалану арқылы шығармашылық кабинеттерді заманауи үлгідегі құрал-жабдықтармен жарақтандыру үшін қарағандылық «Базисный магазин» компаниясы барлық әлеуетін жоғары жауапкершілікпен жұмылдырған екен.  Валерий Лебедев бүгінгі таңда республикаға танымал және беделі бар іргелі ұжымның негізін қалаған іскер азамат.

Қарымды кәсіпкердің сөзінше сенімді серіктестермен бірге осыдан жиырма үш жыл бұрын білім мен ғылым саласына қажетті шет елдік заманауи үлгідегі жаңа жабдықтарға қоса озық үлгідегі құрылғыларды елімізге жеткізумен алғашқы жұмыстарын бастаған. Қазіргі кезде тек дайын тауарларды тасымалдаумен айналыспай, сервистік қызмет көрсету арқылы маманданған кәсіптің керегесін кеңейтудің кезекті қадамдары жасалуда. Түрлі мемлекеттердегі зауыттармен іскерлік байланыстар орнатып, ортақ мақсатттағы игілікті істерді сенімділік тұрғысынан адал атқаруға мүдделі.

Еліміздің орта білім беру ұйымдарынан бастап, арнаулы және жоғары оқу орындарына қоса жергілікті әкімдіктермен жоспарланған жұмыстарды жоғары деңгейде жүргізуді парыз санайтындықтары тағы бар. – Ботақара кентіндегі техникалық орталықты жабдықтау міндеті кезекті тапсырыстың бірі болса да, барлық жарақтандырылуын сұранысқа сай және белгіленген мерзім аралығында тиімді орындап шықтық. Елордасы мен басқа да миллион адамдық мегаполистер мен ірі облыс орталықтарындағы шығармашылық үйлеріндегі сияқты бірегей құрылымның аудандарда ашыла бастағаны әрине қуантады.

Себебі оқушылардың қарымы мен қабілетіне сәйкес қалаған ісімен бос уақытында тұрақты айналысуға мемлекет тарапынан мол мүмкіндіктердің жиі жасалатындығын байқаудамыз. Президенттің қолдауы мен Үкіметтің көмегі негізінде орта және шығын бизнес өкілі ретінде жастардың зияткерлік қабілеттілігін арттыру жолында тәуелсіз мемлекетіміздің ілгері дамуына білім саласындағы жаңашыл өзгерістерге үлес қосу жемісті жетістіктерге жетелейді. Шығармашылығын шыңдаған шәкірттердің шаттанғанын көрудің өзі бір бақыт, – дейді жауакершілігі шектеулі «Базисный магазин» серіктестігінің директоры Александр Шехватов.

Осы кәсіпкерлік құрылымның менеджер маманы Анастасия Акуленконың сөзіне сүйенсек бір ғана көркемдік модельдеу кабинетіндегі жаңа жабдықтардың көмегімен тігіншілікті үйренуге талпанған қыз бала компьютерлік бағдарламаға негізінде кез-келген киім бойынша түрлі сән үлгілеріне қоса пішімі мен өлшемін еш қиындықсыз және қосымша құралдарды пайдаланбастан оңай түрде тез атқаруға мүмкіндіктері бар. Демек қазіргі уақыттың үдерісінде мың құбылатын жаңашыл өзгерістер жырақтағы аудан мен ауыл балаларына жат емес.

Нұрлан ТІЛЕГЕНҰЛЫ,
Нұр – Сұлтан қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий