Жетекші мектептің жетістігі

Көптеген елдерде білім жүйесіне инновацияларды енгізу үшін түрлі тәсілдер қолданылады. Озық тәжірибені, оқытудың заманауи әдістері мен технологияларын тарату үшін облысымызда «жетекші» мектептер тағайындалды. Осындай инновациялық жетекші мектептердің бірі Арал қаласындағы 110 жылдық тарихы бар №14 мектеп-лицейі. Мектебімізге берілген бұл ерекше статус жаңа мүмкіндіктерге жол ашты.

Тәжірибемізге өзгерістер енгізіп, білім саласындағы жаңалықтар мен инновацияны тек өз мектеп тәжірибесі ғана емес, серіктес мектептерге таратушы ресурс орталығына айналдық. Бұл мектепті басқару жүйесін түбегейлі өзгертіп, көшбасшы мұғалімдер мен мектептің әдістемелік активін құрып, педагог кадрлардың кәсіби білімін жетілдіруді тиімді жоспарлауға мүмкіндік берді. Кәсіби желілік қауымдастық құрып, ішкі және сыртқы байланыстарды күшейттік. Назарбаев Зияткерлік мектебі және Педагогикалық шеберлік орталығымен тығыз және тұрақты байланыс құру арқылы инновацияны бекітілген серіктес мектептерге таратуда үлкен әдістемелік қолдау көрсетілді.
Мектебімізде зерттеуші топтар құрылып, оқыту мен оқу үдерісі жіті зерттеліп, нәтижесі облыс көлемінде Сабақты зерттеу тәсіліне арналған дәстүрлі конференцияларда таратылуда. Енгізілген инновациялардың өміршеңдігін сақтау және өзге облыстағы жетекші мектептермен Шымкент қаласында, биылға онлайн форумдарда тәжірибе алмасу, күрделі де қызықты жұмысымызға шабыт пен сенімділік сезімін туындатты. Тұрақты түрде ұйымдастырылатын бұл іс-шаралар жаңа идея туғызып, тәжірибеміздің әлсіз тұстарын қайта қарауға мүмкіндік берді.

Көшбасшы ұстаздар құрған «Самғау» желілік қоғамдастығы аясында жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде магниттік мектеп мұғалімдерінің жетістіктерге жетуі, серіктес мектептеріміздің олардың тәжірибесінде жағымды өзгерістер, біздің мектеппен серіктестікті жалғастыруға деген ниеттері жаңа ізденістерге ұмтылдырады. Мектебіміздің зерттеуші, көшбасшы мұғалімдерден құрылған «Мұғалімдердің десанттық керуені» тұрақты түрде магниттік мектептер базасында, сол мектептердің сұраныстары бойынша оқыту семинарлары мен шеберлік сыныптарын жүргізіп келеді.
Осындай ізденіс пен қажырлы еңбегіміздің жемісі ретінде жетекші №14 мектеп-лицейі «Үздік жетекші мектеп – 2020» облыстық байқауының жеңімпазы атанып, бас жүлдесін иеленді. Бұл жүлде жетекші мектеп мәртебесін әрі қарай жоғары деңгейге көтеруге бүкіл ұжымды ынталандырды. Назарбаев Зияткерлік мектебі мен Педагогикалық шеберлік орталығымен орнатқан берік байланысымыз алдағы уақытта да жұмысын жалғастыра беретініне сенімдімін.

Шара Алмашқызы БЕКЕЕВА,
Н.К. Крупская атындағы № 14
мектеп лицей директоры, Қызылорда
облысының Арал ауданы