Рухани адамгершілікке тәрбиелеудің жолдары

Әрбір халықтың өзінің рухани және адамгершілік тіректері бар. Қазақ халқының санасында осындай іргелі тіректердің бірі көрнекті ағартушы Абай Құнанбаевтың шығармашылық мұрасы болып табылады. Оның шығармаларында халықтың салт-дәстүрі, ой-санасы мен қоғам мәселелері барынша айқын көрсетілген. Абай Құнанбаев – қазақ халқының ұлы ақыны, жазба әдебиетінің негізін салушы ғана емес, сонымен бірге ұлы ойшыл педагогы.

Адамдардың санасы мен сезіміне әсер ету, қоғамдық сананы сөз құралымен жаңарту, адамның қадір-қасиетіне терең құрмет көрсету Абайға тән қасиет. Ұлы ақынның жастарға арнаған шығармаларының барлығы дерлік халық мүддесіне, адамгершілік мұраттары мен даналығына, қазақ халық зиялылары мен ақындарының, композиторларының шығармашылығына, Шығыс және Батыс халықтарының қоғамдық ой жетістіктеріне сүйенетін адамгершілік-этикалық уағыздарға толы. Бүгінгі күні Абай мұрасын оқу-тәрбие үрдісіне енгізе отырып, педагогикалық колледж студенттерін рухани-адамгершілікке тәрбиелеу өте өзекті шара.

Ұлттың ұлы тұлғасының өткен ғасырда қалыптасқан педагогикалық көзқарастарына жүгіне отырып, педагогикалық теория мен практиканың жалпыадамзаттық мәселелеріне көз жеткізе аламыз. Әрбір оқытушы өзінің пән сабақтарында Абай мұрасын ұтымды қолданатын болса, жас ұрпақтың, болашақ педагогтердің рухани жан-дүниесінің баюына, ой-сана тазалығының дамуына зор ықпал етеді. Педагогикалық колледжде оқытылатын негізгі пәннің бірі – педагогика. «Педагогика – адам тәрбиесі туралы ғылым» деп бекер айтылмаған.

Педагогика ғылымының басты міндеттерінің бірі оқыта отырып тәрбиелеу. Осы тұрғыдан алғанда Абай мұрасын педагогика пәнін оқытуда қолдану өте тиімді және қажет. Абай мұрасын педагогика пәнін оқытуда қолданудың маңыздылығына тоқталсақ: педагогиканы оқытудағы рухани-адамгершілік білім берудің негізгі өзегі адами тәрбие болып табылатындықтан, Абай мұрасы арқылы тәрбиелеу өте ұтымды; ақын шығармашылығын оқыту үдерісіне енгізу арқылы студенттердің адами ізгілік қасиеттерін қалыптастыру, рухани дамыту.

Оқыту ұстанымдары мен принциптерін, ақын шығармаларындағы дидактикалық пікірлерді пайдалану арқылы оқытудың маңыздылығын түсіндіру; оқыту әдістеріне қарай ақын шығармаларындағы түйінді идеяларды ендіру арқылы сабақтарды түрлендіріп жүргізу, интеграциялық сабақтарды өткізудің тиімді жолдарын меңгеру; оқыту мазмұнын жаңғыртуда ақынның дидактикалық пікірлерін пайдалану арқылы студенттер шынайы болмысты іздейді;  студенттерді дұрыс әрекетке үйретуде ақын идеяларын колдану арқылы қанағат, әдеп, тәртіп, парыз бен ризашылық, дұрыс ой, дұрыс сөз айтуға бағыттау қажет.

Ұлы ойшыл тәрбиенің ең жоғары мақсаты – баланың еңбекқор және патриот болып өсуі, ал оқытудың мақсаты – ғылымды тану, білім алу, еңбекқор болу және мамандық алу деп санаған. Абай мұрасын насихаттау арқылы студенттердің бойында рухани-адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру, күнделікті оқу-тәрбие үрдісіне жүйелі пайдалану «Толық адам» қалыптастырудың алғы шарты болмақ.

Айнұр Айтбекқызы ХАСЕНОВА,
Астана Халықаралық университетінің
педагогикалық колледж оқытушысы,
Нұр-Сұлтан қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий