Танымал тұлғаның тағылымы

«Оқуға құштар мектеп, оқуға құштар ұлт» жобасы аясында Мақсот Құсайынов атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатында осы білім ордасының директоры қызметін абыроймен адал атқарған танымал тұлғаның 85 жылдығына орай ұлықтау шарасы ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Ақтөбе облысы білім басқармасының баспасөз қызметі.

Жиынға облыстық білім басқармасының басшысы Жолдас Батырхан, М.Құсайыновтың зайыбы мен ұрпақтары, мектеп-интернат түлектері, оқушылар қатысты. Шараның мақсаты — оқушылардың көркем әдебиетке қызығушылығын арттырып, отандық педагогика саласына сүбелі үлес қосқан ұлағатты ұстаз, білікті басшының еңбек жолын насихаттауға бағытталған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында қолға алған «Оқуға құштар мектеп» жобасының маңыздылығын айрықша атап айтқан аймақтың бас педагогы өскелең ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру мақсатында мұғалімдерге шығармашылық табыс тілеп, мектеп кітапханасына кітаптар сыйлады.

— «Оқуға құштар мектеп» бұрышында ұйымдастырылған  «Ашық кітапханада» оқу бағдарламасында бар барлық көркем әдебиеттер, сондай-ақ басқа жанрлардағы кітаптар да жүктелді. Соның арқасында кез келген уақытта, кез келген жерде сүйікті кітабыңызды оқи аласыз, — деді мектеп директоры Нұрбек Аманов. Мектепинтернаттың өзін-өзі басқару ұйымының президенті, «Елбасы медалінің» қола медаль иегері, республикалық «Абай оқулары» байқауының жүлдегері  Бауыржан Жақсылықов «Ашық кітапхана» жұмысымен таныстырды.

Облыстық және республикалық пәндік олимпиада, ғылыми жобалар мен шығармашылық сайыстардың  жеңімпаздары Жансұлу Әбидолла ағылшын тілінде, Әйгерім Қалжігітова орыс тілінде оқыған кітаптары туралы ойларымен бөлісті. Мектеп-интернаттың 1989 жылғы түлегі, грек-рим күресінен ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Азиялық күрес кеңесі президентінің кеңесшісі Қайыржан Бекенбаев жиналғандарға ізгі тілегін жеткізді.

«Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген халыққа білім беру қызметкері» иегері Мақсот Құсайынов шалғайдағы малшылар мен ауыл еңбеккерлерінің балаларына арналған мектеп-интернатты «Ақтөбе облыстық дарынды балалар мектеп-интернаты» мәртебесіне өзгертуге ерекше еңбек сіңіріп, 1991 жылы республикада алғаш рет «Дарынды балаларды саралап оқытудың тұжырымдамасын» қорғау арқылы тәжірибеге енгізді.  

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий