Білім көкжиегіндегі ұрпаққа қызмет сапасы

Ұстаз деген ұлағатты атауды естігенде, күні бүгінге дейін өзімді шәкірттей сезінемін, – деген екен қазақтың танымал кино және театр актеры Серке Қожамқұлов. Жалпы ұстаз кім? Бұл тұрғысында Әл-фараби атамыздың “Ұстаз  жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, ешнәрсені ұмытпайтын  алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі, мейлінше шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл жаны асқақ және ар-намысын ардақтайтын, жақындарына да, жат адамдарына да әділ, жұрттың бәріне  жақсылық пен ізгілік көрсетіп қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек болуы керек”, – дегені ұстаздың кім болу керектігі мен кім екендігін аңғартқандай.

Менің кәсіби жұмыс өтілім жиырма бір жыл болса, сол жылдарымды жас ұрпаққа білім беру саласына арнап келемін. Қазіргі таңда мектептегі білім беруді ұйымдастыру мен білім алушылардың сапалы білім алуына ықпал етіп жүрген жайым бар. Осы тұрғыда, мұғалімдерімнен оқушы алдындағы жауапкершілік пен ел,халық алдындағы кәсіби міндетіміздің келешек ұрпақтың қамы үшін  ғана емес бүкіл ел тағдырының қолымызда тұрғандығын үнемі еске түсіруден жалықпадым. Себебі алдымызға келген әрбір оқушының әріп тануы мен қосып оқуы, қабылдауы мен материалды игеруі, білген білімін жеткізуі мен ақпараттық технологияны меңгеруі  маңызды.

Өз тәжірибемнен: бала мектепке келгеннен бастап бастауыш сыныптарда берілген білімнің маңызын баса назарға алуды ұстанамын. Себебі үйдің іргетасы қалай қаланса, кірпіш солай өрілетіні секілді дүние. Бесінші сыныптарға келген оқушыға әріпті қайта қосып оқытуды емес, стандартқа сай сол сыныптың материалын игертеміз. Дәл осы тұрғыда, қазіргі пандемия жағдайында оқушылар үшін де білім сапасында шығындар жоқ деп айта алмаймын. Себебі бала бұрынғы дәстүрлі оқудағыдай емес еркіндікті сезініп, қадағалаусыз қалып жатыр.Осы мақсатта: қазіргі уақытта 5- сынып оқушыларының  бейімделуі мен білімдеріне сараптамаға салып отырған жайым бар.

Себебі бұл сыныпта стандарт бойынша білімді жеткілікті алмаған бала келесі 6-сыныпта қандай білім сапасын көрсетуі мүмкін. Сондықтан әр пән мұғалімінен осы жағдайға бей-жай қарамай мәселені дер кезінде анықтау мен шешу жолдарын қарастырып, баланың қабілеті мен ерекшелігіне қарай жұмыс жасауға нұсқау беріп  келемін. Бастауыш пен орта сыныптан келген оқушылар жоғары сыныптың білім сапасын төмендемесе солай көрсетері таныс құбылыс. Ал жоғары сыныпта балаға қайта дағды қалыптастыра алмаймыз.

Ыбырай Алтынсариннің: «Егер балалар бірдемені түсінбейтін болса, онда оқытушы оларды кінәлауға тиісті емес, оларға түсіндіре алмай отырған өзін кінәлауға тиіс», – деуінің жаны бар. Себебі бірінші сыныпқа келгеннен баланың санасына қалай құйып, машықтандырып қалай игерттік ол өмір бойы сол алған білімінің базасы негізінде ілесіп кете береді. Бұл тұрғыда отбасының ықпалы болары сөзсіз, дегенмен де адал еңбектенсек алмайтын қамалымыз жоқ. Дәл осылайша 9,11-сынып оқушыларының білім сапасында да айтарлықтай төмендеушіліктер байқалды.

Қашықтан оқу кезінде біршама жайттарды аңғара алмасақ та білім сапасын арттырудың инновациялық тәсілінің бірі- «LESSON STADU» топтарының бастауыш, орта, жоғары буындардың білім сапасына ықпалы оң әсерін тигізуде.Деменмен  қай жұмыс түрі болса үнемі іздену мен шығармашылықты, тиянақтылық пен сараптама жасауды талап етері сөзсіз. Қазіргі таңда жекелеген мұғалімдерге 11-сынып оқушыларының  ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындығы мақсатында  дайындық жасауға ынта танытып, бітірушілерге бағыт пен бағдар беруде селқос қарамау керектігін ескертіп отырмын.

Себебі, немқұрайлылық пен жауапсыздық болған жерде ешқандай сапа көкжиегі көзге ілінбейді. Сапа – оқушының тынымсыз еңбегінің,  ал оқытушының  шығармашылығымен  ізденісі, жүйелі жұмысының  нәтижесі екені сөзсіз. Осы сапа көрсеткіші ҰБТ  қорытындысымен бағаланады. Жыл сайын мектеп түлектері  ҰБТ қатысады. Әр тестілеу сайын мыңдаған ата-ана мен ұстаз бұл айрықша емтиханның нәтижесі қалай болар екен деп қобалжиды. ҰБТ – мектептің, мұғалімдердің, оқушылар мен ата-аналардың оқу кезеңінде атқарған күллі қызметіне баға беретін өзіндік бір ерекше шара болып табылады.

Бұл баға мектеп үшін де, ата-ана үшін де, оқушылар үшін де оңды болуы үшін белгілі бір дәрежеде күш-қуат жұмсау қажет болатынын бәрімізде жақсы білеміз. Қазір ҰБТ тек оқушының грантқа түсу үшін ғана әр оқушы мен ата-анаға қатысты деп қарастырсақта қамшының бір ұшында тұрған  ұстаздың берген білімі мен білім сапасы тұрғандығын ұмытпауымыз керек. 11-сыныптардың қаңтар айында тапсырған тест қорытындылары үлкен дайындықты қажет ететінін байқадым. Әсіресе негізгі пәндер бойынша тарих, математикадан, таңдау пәндері бойынша география, биология, дүниежүзі тарихы, математика, физикадан дайындықты күшейту керек болса, оқу сауаттылығынан оқушылар жоғары балл көрсетіп отыр.

Дайындықты қажет ететін пәндерден мұғалімдермен бірлесе отырып үшінші тоқсаннан бастап осы пәндерге графикпен, пандемия жағдайында бес оқушыдан топтарға бөліп дайындықты бастап кеттік. Апта сайын мектептен екі компьютер сыныпқа екі топқа бөліп отырғызып,сынама тесттер алып отырмыз. Білім сапасы туралы бір ғана қарапайым мысал: қадағалау, бірлесе жұмыстану, бақылау барысында алғашқы тоқсанның қорытындысы бойынша  «LESSON STUDY» топтарының жұмысының әсері шығар. Немесе оқушылардың алдыңғы тоқсанға қарағанда дағдысының қалыптасуынан бола, пән мұғалімдерінің мектепішілік бақылау мен топ жұмыстарының  қадағалануына үйренгендігі болар.

Екінші тоқсан барысында бақылауға алынған сыныптарды айтарлықтай алға ілгерушілік болды. Мысалы 6ж-10%, 7ж-11%, 8и-12%, 10в-3%- ға көтерілсе,9п-сыныбы-3 %-ға төмендеп отыр. Екінші тоқсан барысында төмен көрсеткіш көрсеткен сыныптардың жекелеген пәндері бойынша бақылау жүргізіліп отыр. III-тоқсаннан бастап кезекші 9,11- сыныптар штаттық режимде білім алып жатса, 5 оқушыға дейін білім шығынын ретке келтіру үшін қосымша сабақтар жүргізіліп, сынған кетігімізді жамап жатырмыз. Қазіргі таңда  мектебімізде білім  процесінің жандануына үлес  қосатын бірнеше инновациялық жобалар жұмыс жасайды.

Мәселен, білім сапасын көтеруге ықпал ететін «Lesson study», инклюзивті білім беру бойынша «Мобильді мектеп», өмір сүру үшін қажетті дағдыларға үйрену – Навыки и умения чтобы жить «LifeSkills» жобасы, ата-аналарға, оқушыларға, мұғалімдерге мобильді қызмет көрсету үшін «65 CALL-SUPPORT»  жобалары  үздіксіз жұмыс жасауда. Мұғалімдерге артылған осындай талап қаншалықты жауапты болса да мектебіміздің мұғалімдері соншалықты тырысып бағуда. Түсінемін, ата-анамен жұмыстағы келеңсіздіктер мен әр түрлі категорияда тәрбие алып  жатқан балалардың білімге немқұрайлылығы, әлеуметтік жағдайлардың әсері, ақпараттық тәуелділіктің өршуі- мұндай жағдайлар кез-келген жетістікке ұмтылу жолында кездесетін факторлар.

Дегенмен де қоғамның дамуындағы ұстаз мерейінің үстем болуы бәрібір өзімізге келіп тіреліп тұрғандай. Қазіргі таңда ұстаздарымыз серіктес мектептермен бірге өз тәжірибемізді көрсетіп, бөлісіп, «LESSON STUDY» топтарының жұмысын жандандырып білім сапасын арттыруға үлес қосып жатқан болсақ, «SHARE»- білім саласындағы зерттеулерді жүргізуге арналған мектептер бірлестігі» халықаралық жобасының құрамына кіргендігімізді  қуанышпен айта аламын. Бұл деген сөз мектеп тің білім беру қызметінің сапасын көрсетіп отыр. Демек ұстаздарымыздың да кәсіби біліктілігі мен  еңбегі осы  жетістікке лайық деп бағалауға болады. Қай жерде де, қай кезде де  адал еңбегімізбен адал да абыройлы қызмет атқарып, кәсіби мәдениеттілігіміздің жоғары деңгейін бағалата білсек алмайтын қамалымыз жоқ.

Рысжан Шерниязовна ШАМУРАТОВА,
№65 мектеп-гиназиясы директорының оқу
ісі жөніндегі орынбасары, Нұр-Сұлтан қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий