Рухани және адамгершілік тәрбие – қоғам дамуының негізі
Болашақта ел тұтқасын ұстар азаматтардың өнегелі тәрбиесі – бүгінгі күн тәртібінде тұрған маңызды мәселенің бірі. «Жас буынның отансүйгіштік сезімін, білім мен біліктілігін, дағдысы мен шеберлігін, асқақ адамшылық және адамгершілік қадір-қасиеттерін, жаңа дүниетанымдық көзқарастарын, салауаттылық дағдыларын, ұнамды мінез бен құлық нормаларын рухани және адамгершілік құндылықтар арқылы қалыптастыру – үлкен қажеттілік» екендігін Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев талай мірте айрықша атап айтқанын біліміз.
Адамгершілік жеке тұлғаның негізгі сапалық көрсеткіші. Рухани-адамгершілік білім беру – жас ұрпақтың бойына өмірдің мәні, сүйіспеншілік, бақыт, сыйластық, татулық, бірлік, төзімділік сынды құндылықтарды дарыту арқылы адамның қоғамда өз орнын табуына, қабілет-дарынының ашыла түсуіне, ақыл-парасатын дамытуына мүмкіндік береді, адамның мінез-құлқы қалыптасады, ар-ұят, өзін-өзі бағалау және адамгершілік, ар-ождан сапалары дамиды. Адамгершілік тәрбие азамат қоғамының даму тарихы арқылы қалыптасып, әрбір дәуірдің өзіндік қайшылықтарымен біте қайнасып, жетіліп отырған.
Рухани тәрбие қазіргі жаhандық дәуірде қарқынды түрде өзгеріске ұшырап отырған қоғамның нағыз қажеттілігі болып табылады. Қоғамдағы өзгерістер салдарынан белгілі болған үрдістер жас ұрпақты әр нәрсеге еліктеп, саналарын сан саққа бұрып, бойларында кері мінез-құлық қалыптасуына, ішімдікке, есірткіге, компьютер ойындары немесе ойын автоматтарына, жыныстық қатынасқа, жүгенсіздікке, әуестікке, жастардың субмәдениетіне еліктеуіне, жат әрекеттерге үйір болуына әкеліп отыр.
Осыны ескере келе әр баланың дамуына қамқорлық жасау, дұрыс тәрбие беру – бүгінгі күннің басты өзекті мәселелерінің бірі болып отыр, оған педагог күнделікті көңіл бөлуі қажет. Тәрбиенің негізгі мақсаты- дені сау, ұлттық сана сезімі оянған, рухани ойлау дәрежесі биік, мәдениетті, парасатты, ар-ожданы мол, еңбекқор, іскер, бойында басқа да игі қасиеттер қалыптасқан ұрпақ тәрбиелеу. Осы орайда қоғамдағы болып жатқан өзгерістер жаңа буынға берілетін тәрбиені ұлттық және рухани негізде үйлестіре жүргізуді қажет етеді.
Қай кезеңде болмасын қазақ қоғамында балаға деген, оның тәрбиесіне деген ықылас ерекше болған. Ата-бабаларымыз өз ұрпағын парасатты, адамгершілігі мол,елін сүйе білетін, рухы күшті бірлігі сақталған ұрпақ болып тәрбиеленуіне аса мән берген, қоғамға сай азаматты тәрбиелеудің бірден-бір жолы адамның рухани байлығын арттыру деп білген. Қазіргі біз өмір сүріп отырған қоғамда адам айтса нанғысыз аурулардың көбеюі, адамгершілік қасиеттеріміздің жүдеу тартуы, кісі өлтіру, үй тонау, маскүнемдік пен нашақорлық, жезөкшелік сияқты жат қылықтармен қатар мейірімсіз, қатігез жастарымыздың бар болғаны бәрімізге мәлім.
Осы жайттардың алдын алуға қоғамда жас ұрпақтың осындай күйге түспеуі үшін, олардың рухани бай, адамгершілігі мықты, бір-бірімен достық қарым-қатынаста өмір сүруіне жағдай жасайтындай қоғамды қалыптастыру үшін рухани адамгершілік тәрбие берудің ықпалы зор болары сөзсіз. Рухани – адамгершілік тәрбиені бойына сіңіріп өскен әрбір жас ұрпақ өз елінің берік, мықты тұтқасы болары анық. «Тәрбиесіз берілген білім- адамзаттың хас жауы» деп ұлы ойшылымыз Әл-Фараби данамыз айтпақшы, рухани – адамгершілік тәрбиенің қоғам игілігіне берері мол.
Елімізде болып жатқан көптеген келеңсіз жайттардың алдын алары сөзсіз. Жас ұрпақ бойында рухани- адамгершіліктің нәрі табылар болса, ел болашағына сеніміміз нығая түспек. Адамгершілік адамның рухани байлығы, болашақ ұрпақты ізгілік бесігіне бөлейтін руханиет дәуіріне жаңа қадам болып табылады. Адамгершілік тәрбиенің нәтижесі ізгілікті тұлға бейнесін айқын аша көрсететін тәрбие болып табылады. Ол тұлғаның қоғамдық бағалы қасиеттері мен сапалары, қарым-қатынастарында қалыптасады. Адамгершілік тақырыбы- мәңгілік.
Жас ұрпақтың бойына адамгершілік қасиеттерді сіңіру- ата-ана мен ұстаздардың басты міндеті. Адамгершілік әр адамға тән асыл қасиеттер. Адамгершіліктің қайнар бұлағы – халқында, отбасында, олардың өнерлерінде, әдет-ғұрпында. Әр адам рухани тәрбиені күнделікті тұрмыс — тіршілігінен, өзін қоршаған табиғаттан бойына сіңіреді. Қай заманда болмасын адамзат алдында тұратын ұлы мұрат-міндеттерінің ең бастысы — өзінің ісін, өмірін жалғастыратын салауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу.
Ұрпақ тәрбиесі — келешек қоғам тәрбиесі. Сол келешек қоғам иелерін жан-жақты жетілген, ақыл-парасаты мол, мәдени — ғылыми өрісі озық етіп тәрбиелеу — біздің де қоғам алдындағы борышымыз. Білімді адамгершілік рухани ой- дүниесі кең жас ұрпақ- жарқын болашақ есігінің тұтқасы.
Н. БЕКТЕМИСОВА,
“Өзін-өзі тану” Адамның үйлесімді
дамуы гуманитарлық колледжінің
арнайы пәндер оқытушысы,
педагогика психология магистрі