Зейнеткер ұстаз – аудан мақтанышы

Біздің білім ордасы биыл жарты ғасырлық мерейтойын тағылымдық тұрғыдан ерекше атап өтуде. Елу жылдық тарихы бар мәртебелі мектепте ұстаздық қызметін абыроймен адал атқаруы арқылы саналы ғұмырын өскелең ұрпаққа сапалы білім мен сапалы тәрбие беруге арнаған елге сыйлы, арда азаматтарды дәріптеу азаматтық парызымыз.

Ағарту саласының ілгері дамуына қомақты үлес қосқан парасатты педагогтердің бірі Марат Ақшекеев 1944 жылғы маусым айының 13-і күні дүниеге келіп, 1963-1968 жылдары Қырғыз мемлекеттік университетіннен мұғалімі мамандығын алып шықты. Айыр қалпақты ағайындардың арасында дипломды жас маман ретінде екі жыл арнайы жолдамамен жұмыс істеген соң, Меркі ауылындағы №17 Иван Трубицын атындағы орта мектепке ауысады. 1981 жылы осы мектеп директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметінен аудандық білім бөлімінің инспекторлығына шақырылған.

1982-1983 жылдары аудандағы №7 мектептің ұжым жетекшілігіне тағайындалды. 1983-1984 жылдары Мәскеудегі В.И.Ленин атындағы институтында француз тілін оқып, ЮНЕСКО бағдарламасы аясында Гвинея елінде білімін жетілдіріп, тәжірибесін шыңдауға жіберіледі. 1986 жылы еңбек шарты аяқталған соң  №7 мектептің директорлық қызметіне қайта оралады. 1989 жылдан бастап зейнеткерлікке шыққанға дейін  №44 жалпы білім беретін мектебінде физика пәнінің мұғалімі ретінде бар білгенін білімгерлердің санасына сіңіру үшін қайраты мен жігерін жұмсаған болатын.

Марат Сұлтанұлы жас мамандарға ақыл-кеңесін беруден аянып қалмайтын. Таңдаған кәсібінің қыры мен сырын терең меңгерген ол әр сабағына өте тыңғылықты дайындалып, тақырыптардың мазмұнын түсіндіру барысында түрлі жаңа әдіс-тәсілдерге қоса көрнекі құралдарды тиімді қолданатын. Оқылықтағы мәтінді қосымша әдебиеттердің маңызды мағұлматтарымен толықтыру арқылы оқушылардың қызығушылығын арттыру арқылы белсенділігін жоғарылатуға барын салды.

Ұдайы шығармашылық ізденісінің нәтижесінде әріптестерінің арасында тың жаңашылдықтарымен ерекшелене білді. Талапты шәкірттерінің бойындағы қарым мен қабілетті шыңдау мақсатында аудандық, облыстық, республикалық білім бәсекелеріне дайындап, жемісті жетістіктерімен даралануына жол ашатын. Оқыту мен тәрбие беру ісіне аса жауапкершілікпен қараған ол оқушыларды ең алдымен еңбекқорлыққа, адалдыққа, ұлтжандылыққа үндеп, халықтық салт-дәстүр мен ана тілін қастерлеп, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетудың нақты бағыты мен айқын бағдарын ұғындыра білді.

Қазақ КСР білім беру ісінің үздігі атағын иеленіп, түрлі марапаттарға қол жеткізген абзал ағамыздың қажырлы еңбегі толағай табыстармен толықты. Тәлімгер ретінде үміт артқан оқушысы Г.Дәулетованың физика пәні мұғалімдерінің облыстық олимпиадасында алдыңғы қатардан көрінуіне қолдау білдірсе, Ж.Манкееваның  облыстық интеграциялық сабақтары байқауында топ жаруына мүмкіндік жасады. Майталман маманның ерен еңбегін ақтаған шәкіртері аз емес.

О. Якобова Қарағанды мемлекеттік университетін тәмамдап, ұлағатты ұстазының ізгілікті ізімен физика пәнінен дәріс беріп жүр. Бүгінде аудан мақтанышына айналған аға буын өкілі құрметті еңбек демалысында. Марат Сұлтанұлына мектеп ұжымы мықты денсаулық, отбасылық бақыт пен игі жақсылықтар тілейді. Сіздің ерен еңбегіңіз бен толымды табыстарыңыз бүгінгі ұрпаққа үлгі. Өнегелі ісіңіз бен танымал есіміңізді мектеп мұғалімдері ғана емес, аудандағы барша ұстаздары қауымы мәртебелі мақтанышпен айрықша атап айтады.

Ниетқали Әбдімомынұлы КОНКАБАЕВ,
№44 жалпы білім беретін орта мектептің
директоры, Жамбыл облысының Меркі ауданы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий